БАСТЫ МАҚСАТЫМ – ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ

Ауданға қарасты ауылдардың әкімі кімдер? Бұл қызметке олар қалай келді? Отбасы жағдайы, бос уақыттарында немен айналысады? Бұл тұрғыда блиц-интервью, яғни қысқа сұхбат форматын пайдаланамыз.
Сонымен Бәйтерек ауылының әкімі кім? Жүсіпов Серік Рашұлы – 1963 жылдың 6-наурызында Бидайкөл ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1982-1988 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «бухгалтер-экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979-1981 жылдары қатардағы колхозшы болып бастаған. 1984-1986 жылдары әскери азаматтық борышын өтеген. 1988-2010 жылдары Гигант колхозында есепші, бас есепшінің орынбасары, бас есепші қызметтерін атқарған. 2010-2011 жылдары Шиелі ауданы №11 кәсіптік лицейде есепші, бас есепші, 2013-2021 жылдар аралығында Еңбекші ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы саласы жөніндегі жетекші маманы қызметінде болған. 2021 жылдың наурызсәуір айы аралығында Бидайкөл ауылы «Нұртілек» жеке балабақша-яслиінде бас есепші, 2021-2023 жылдың желтоқсан айына дейін «Нұртілек» жеке балабақша-яслиінде атқарушы директоры қызметін атқарған. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап Бәйтерек ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді.
– Серік Рашұлы, балалық шақты еске түсірсек...
– Әкем – Раш Жүсіпұлы 1912 жылғы. Соғыс ардагері. Гигант колхозында зоотехник болып жұмыс істеді. Анам – Жұмаш үй шаруасыдағы әйел болған. Үш ұл-қыз өсіріп тәрбиелеген. Ауыл баласымыз, балалық шақ егін егіп, мал бағып, канал жағалап суға түсу мен қармақ салумен есте қалыпты.
– Мектеп бітірген соң, үш жыл қатарынан колхозда жұмысшы, механизатор болып еңбек етіпсіз. Еңбек майданында тәлімгерлеріңіз кім болды?
– Сол жылдар мен үшін мықты өмір сабағы болды деп айта аламын. Әнуарбек Сапахов, Сартай Махамбетова, Иван Моор, Пак Ин Сун, Иманғали Айтенов сияқты аға-апаларымыздың еңбек ерліктерін көріп, шыңдалдым. Белорусь ұлтының өкілі, озат комбайнер Александр Матузенкоға көмекші болдым. 2 жыл Ленинград әскери округінде азамттық қорғаныс бөлімінде қатардағы жауынгер болдым.
– Кейбір адамдар өзінен жасы кіші азаматтардан сын-ескертпелер алса, жүрекке қатты қабылдайды екен. Сізде бұл проблема жоқ па?
– Жалпы қызмет жағдайында жасы үлкенкіші деген болмайды. Субординация мемлекеттік қызметкердің этикасы деген заңдылықтар бар. Соны ұстана білу керек. Жалпы қызмет пен ағайынгершілік, қазақы салт-дәстүрлердің арасын ажырата білген ләзім.
– Аудандағы ауыл әкімдерінің арасында ең жасы үлкені өзіңіз екенсіз. Келесі жылы бұйырса зейнетке шығасыз. Мүмкіндік беріліп жатса, өкілетті мерзіміңіз аяқталғанша қызмет ету ойыңызда бар ма?
– Шынымды айтсам, бұл мәселе жайлы ойланған жоқпын. Бар арман-мақсатым ауыл халқының сенімін ақтап, жоспарлаған жұмыстарды, тапсырмаларды орындасам деймін. Ал жалпы алғанда, кезі келгенде жастарға орын беріп, олардың шыңдалуына қолдан келгенше көмек көрсету қажет.
– Отбасыңыз, бос уақыт болып жатса, оны қалай өткізетіңіз жайлы аз-кем мағлұмат берсеңіз?
– Жұбайым – Раушан Тоқаева. Бірінші мамандығы бойынша экономист, жоғарғы педагогикалық білімі де бар, қазір бала тәрбиесімен айналысады. Ұлымыз уран өндірісінде оператор, қыздарымыз жергілікті басқару, білім беру салаларын таңдаған. Әрқайсысының өз отбасы, балашағалары бар. Бос уақыт болып жатса, тарихи романдарды оқығанды ұнатамын.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ