Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨКТЕМГІ ДӘН – КҮЗГІ ЫРЫСТЫҢ КЕПІЛІ

КӨКТЕМГІ ДӘН – КҮЗГІ ЫРЫСТЫҢ КЕПІЛІ

Кеше Сыр өңіріндегі алқапқа алғашқы дән Шиеліде себіліп, «Дала күні – 2025» атты ауқымды семинар-кеңес өтті. Бидайкөл ауылдық округінің егістік алқабындағы бұл шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың өзі қатысып, ауыл шаруашылығының алдыңғы шебінде жүрген азаматтармен жүздесті. 
Семинарға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері арнайы келді. Алғашқы дән себу рәсімі – жай ғана дәстүр емес, терең символика. Тиісінше берекенің бастауы, ЖерАнамен қайта табысу. Дала төсіне себілген әрбір дән – елдің ертеңіне егілген сенім, үміт. Семинарда аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Сыр елінде ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының Қызылорда облысына деген ерекше қолдауын пайдалана отырып, қарқынды жұмыстар жүргізуге шақырды. – Егін және мал шаруашылығы арқылы Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетімізді тиімді пайдалану біздің басты міндетіміз. Өткен жылы елімізде диқандар үшін көктемгі егін егу, күзгі жиын-терім жұмыстарына 5 пайызбен жеңілдетілген несие көлеміалғашқы рет 500 млрд теңгеден асты. Биыл бұл қаражат көлемі 700 млрд теңгеге жетті. Алдағы уақытта қаражат 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізілетін болады. Бұл ретте егін жұмыстарына қажетті қаражаттар тартуға «Кең дала 2» бағдарламасы диқаншы қауымға үлкен қолдау болды. Бұрын шаруалар үшін кепілдеме мәселесі өте қиынға соғатын. Қазіргі таңда Президентіміздің қолдауымен бұл мәселелер шешімін тапты. Несиелердің 85 пайызын кепілдендіру «Даму» кәсіпкерлікті қолдау арқылы қамтамасыз етілсе, шаруашылықтар тек 15 пайызын ғана кепілдендіреді. Алдағы жылдары егін егу мен жинау жұмыстарын қаржыландыруға аграрлық несие корпорациясы арқылы облысымызға небәрі 2-3 млрд теңге бөлініп келсе, биыл бөлінген қаражат көлемі 9 есеге артып, 18 млрд 500 млн теңгенің құрады.Биыл облыста су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 9 200 гектарға жеткізу, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе арттыру межеленген. Бұл бағытта да мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Жабдықтарды сатып алуға және құруға кеткен шығындардың 80 пайызына дейін мемлекет тарапынан субсидияланады. Соңғы жылдары 55 мың гектар күріш алқабы лазерлік тегістеуден өткізілді. Биыл 60 мың гектарға дейін жеткізіледі. Өңірде 193 700 гектарға егін егу жоспарланған, майлы және малазықтық дақылдарды өткен жылға қарағанда 3 400 гектарға арттыру көзделуде, – деді аймақ басшысы. А й м а қ б а с ш ы с ы н а н с о ң о б л ы с т ы қ Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарамасының басшысы Талғат Дүйсебаев, Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев, «Қазсушар» облыстық филиалының басшысы Ролан Ахметов баяндама оқыды.Баяндамашыларға семинарға қатысушы шаруа қожалық төрағалары тарапынан сұрақтар қойылып, тиісінше мардымды жауаптар алынды. Алқалы жиында сөз алған аудан әкімі ­Айтбай ­Жандарбеков айтулы мерекемен құттықтап, биыл егістік алқабында атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. – Биыл 31 мың 512 гектарға егін егу межеленіп отыр. Оның ішінде Сыр салысы – күрішті 12 мың 500 гектарға егу жоспарлануда. Аудан бойынша биылғы жылы суармалы егістік жерлер 39 238,5 гектарға ұлғайды. Айта кетейік биылғы науқанда 3 125 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы құйылды. Жерді әртараптандыру мақсатында бидай, жүгері, соя, арпа, күнбағыс, картоп, көкөніс, бақша дақылының егіс көлемі ұлғайды. Сондай-ақ, суды үнемдеп пайдалану бойынша ауданда бүгінде 1 300 гектар жерге бау-бақша дақылдары тамшылатып суғару әдісімен егілмек. Өткен жылы суды үнемдеу бойынша 6268 гектар жер лазерлік тегістеуден өтсе, биылғы жылы оның көлемі 9000 гектарға ұлғайып отыр, – деді аудан әкімі. «Дала күні» – ауыл шаруашылығындағы жаңашылдық пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңы. Мұнда аграрлық саланың келешегі туралы кеңінен сөз қозғалды, жаңа технологиялар таныстырылды, нақты шешімдер қабылданды. Мұның бәрі – ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеу, жастарға жұмыс, елге тұрақ әкелу жолындағы елеулі қадамдар. Ауыл – қазақ рухының қайнар көзі. Оның көркеюі – бүкіл елдің кемелденуінің айғағы. Бүгінгі бастама – ертеңгі нәтижелі еңбекке, мол өнімге, баянды өмірге бастайтын жол. Мемлекет пен халық бірлесіп жұмылса, бұл саланың бағынбайтын биігі жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту – тек экономиканы көтеру емес, ұлттың тіршілігін жаңғырту, болашаққа жол ашу. Жерге жаққан тер – елге құт, еңбекпен өткен өмір – шын мәніндегі бақыт. Ендеше, ерінбей еңбек еткен елдің – еңсесі биік, ырысы мол боларына сенейік.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
21 сәуір 2025 ж. 20 0