Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛУ БЕС ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ СЕЛФИ

ЕЛУ БЕС ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ СЕЛФИ

Бұл фотосуретті 1970 жылдардың ортасында белгілі фотокорреспондент, КСРО, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Саидхасан Хутаев түсірген. Ол кезде бүгінгі селфи деп атап жүргеніміз – фотоаппараттағы автомат арқылы жасалатын. Автомат – бұл камерадағы құрылғы. Ол фотоаппараттың түсірілім түймесін басқаннан кейін белгілі бір уақыт кідіріс жасауға мүмкіндік береді.
2011 жылы С.Хутаев бұл суретті облыстық «Сыр бойы» газетінде 20 жылдан астам уақыт Шиелі мен Жанақорған аудандарында меншікті тілші болып қызмет еткен журналист, әрі жазушы Нұрмахан Елтайға сыйға тартты. Ыбырай Жақаев атамыздың қасында тұрған талдырмаш қыз – әлемге әйгілі гимнаст Нелли Ким. Ол 1970 жылдары әлемдегі ең үздік гимнастшылардың бірі болған, сондай-ақ Надя Команечи, Людмила Турищева және Ольга Корбут сияқты жұлдыздармен лайықты бәсекелес еді. 1975 жылы ол еркін жаттығулардан Еуропа чемпионы атанып, Ольга Корбутпен бірге КСРО халықтарының спартакиадасында абсолютті чемпионы атанды. Ал бір жылдан кейін Монреальдегі олимпиадада үш дүркін чемпион болды (1976). Осы жарыстарда Нелли еркін жаттығулар мен қолма-қол секіруден 10,0 деген максималды ұпайды алған алғашқы гимнаст. Ал Надя Команечи 10 ұпайды әртүрлі биіктіктегі брусьялар бойынша жаттығуда алды. Сол уақытта гимнастикада ең жоғарғы балл алудың мүмкін еместігі туралы түсінік болғандықтан, «Omega» фирмасының таблосы мұндай нәтижелерді көрсетуге техникалық тұрғыда мүмкін болмай, 10 ұпайды «1,00» деп көрсеткен. Нелли – 1957 жылы Тәжік ССР-ның Шұраб қаласында дүниеге келді. Әкесі Владимир Ким – сахалиндік корей, ал анасы Альфия Сафина – татар. Нелли дүниеге келген соң, отбасы Шымкентке көшіп келеді. Шымкентте Нелли 10 жасынан бастап спортпен шұғылдана бастады. Жергілікті спорт мектебінде Владимир Байдин жаттықтырушысы болды. Бұл жерде ол Қазақстанның ең мықты гимнасткасы атанып, кейін бүкіл одақтық және халықаралық ареналарда танымал болды. 1977 жылы ол белорусьтік гимнаст Владимир Ачасовқа тұрмысқа шығып, Минскіге көшті. Кейін жаттықтырушы Николай Милигулоның жетекшілігімен, Беларусь үшін өнер көрсетті. 1979 жылы әлем чемпионатында абсолютті чемпион атанды, ал 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында тағы да чемпион атанды. 1980 жылы спорттық карьерасын аяқтаған соң, Нелли Ким түрлі ұлттық құрамаларда жаттықтырушы болып қызмет етті (Оңтүстік Корея, Италия, Беларусь), халықаралық төреші болып, барлық ірі жарыстарға төрелік етті. 1996 жылдан бастап Халықаралық гимнастика федерациясының мүшесі болды. 2004 жылы Халықаралық гимнастика федерациясының конгресінде Нелли Ким техникалық комитеттің президенті болып сайланды және спорттық гимнастикада жаңа төрешілік жүйесін енгізудің басты бастамашысы болды. Ол Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған (1976, 1980). 1999 жылы оның есімі АҚШ-тағы Оклахома-Сити қаласында орналасқан халықаралық гимнастика даңқ залына енгізілді. Канадалық-португалдық танымал әнші Нелли Ким Фуртадоның есімі Нелли Кимнің құрметіне аталған. Оның ата-анасы 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасындағы Нелли Кимнің өнерін көріп, қатты әсер алған. Әлемге әйгілі танымал спортшы дала академигі Ы.Жақаевқа сәлем беруге Шиеліге арнайы іздеп келген кездегі кездесуге куә болғандардың бірі – еңбек ардагері Дәулет Барғанаев. – Мен сол кезде Жамбыл гидромелиоративтік институтының студенті едім . Каникулға үйіме келген болатынмын. Әрине, Нелли Кимнің Шиеліге келгені туралы жаңалық өте жылдам тарады. Ол өзінің ағасы Совет көшесінде (қазіргі Абылайхан көшесі) тұратын Рева Кимнің үйінде қонақта болды. Әрине, біз де осы сәтті ұтымды пайдаланып Қазақстанның гимнастика жұлдызы Нелли Киммен кездесіп қолтаңба алып қалдық. Рева Ким атақты қарандасына «Волга» автокөлігін сыйлады. Айта кету керек, сол уақытта «Волга» – екінің бірі қолы жете бермейтін автокөліктердің бірі еді, оны обком және райкомның бірінші хатшылары қызметтік көлік ретінде қолданатын, ал еркін сатылымда оны сатып алу мүмкін емес еді, – деді Дәулет ағамыз. Нұрмахан Елтай бұл тарихи суретті жергілікті тарихи-өлкетану мұражайына экспонат ретінде тапсырып, осында келген мыңдаған адам оны тамашалауға мүмкіндік алды.

Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
суреттер Шиелі аудандық тарихиөлкетану мұражайы мен ашық дерек көздерінен алынды
11 сәуір 2025 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9292)

08 сәуір 2025 ж.

№24 (9291)

07 сәуір 2025 ж.

№23 (9290)

01 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930