ҚАПТАҒАН «ХАЛЫҚ ЕМШІСІ» ДЕРТКЕ ДАУА БЕРЕ МЕ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында интернеттегі алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударды. Ол соңғы уақытта ел ішінде алаяқтық әрекеттердің көбейіп бара жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Президент жалған психологтар мен коучтардың көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, оларға сеніп, алданып қалған азаматтардың көптігін жеткізді. Осы мәселелерге байланысты жауапты органдарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Бұған дейін, 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Мемлекет басшысы цифрландыру дамыған сайын алаяқтықтың көбейіп бара жатқанын және мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігі мен елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіретінін айтқан еді. Осыған орай интернет платформаларда арандату сипатындағы ақпарат таратқандарды жауапқа тартуды заң жүзінде бекіту мәселесін ойластыруды ұсынды. Президенттің бұл мәлімдемелері интернеттегі алаяқтықпен күресудің өзектілігін көрсетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігін айқындайды. Себебі күн санап интернеттегі алаяқтарға сенетін, әсіресе онлайн емшілерге қаралатын адамдар саны да артып келеді.
ҚҰМАЛАҚ ҚҰТ ӘКЕЛМЕЙДІ
Желіде емші ретінде «Жұмакүл ана» есімімен танылған жанның Instagram-да 50 мың оқырманы бар. Ол көбіне ішімдік пен темекіден арылтып, жол ашамын деп жарнамалайды. Таңқалғанымыз, «ысытпа», «суытпа» аталатын да рәсімдері бар. «Ысытпамен» екі адамның арасындағы махаббатты ұлғайтады-мыс. Тіпті «күйеуін әйеліне еш зиянсыз қайтарамын» деген жарнамасы жер жарып тұр. Ал «суытпасы» ажыратудың әдісі деп ұқтық. Әлеуметтік желіде мұндай жандарды көптеп кездестіруге болады. Мәселен, 1 млн оқырманы бар «Айжұлдыз емші» адамдардың алдағы 10 жылын болжап, фото-видеомен дем салады. Жолыңыз болмай не үйіңізді сата алмай жүрсеңіз де көмек беруге әзір. Ақшасын төлесеңіз болғаны. Мұндай онлайн емшілердің санына жету мүмкін емес. Олардың құны да қымбат. Көпшілігі әлеуметтік желіде парақша ашып, халыққа емдік сеанстар ұсынып, дертіне шипа іздеген жандарға көмектесеміз дейді. Бұл құбылыс біреулер үшін – балама медицинаға қолжетімділік, ал енді біреулер үшін – алаяқтықтың жаңа түрі. Көп жағдайда емшілер онлайн болжам жасап, дұғалар, Құран аяттары, шөптік рецепттер немесе тазарту арқылы емдейтінін айтады. Олардың видео байланыс арқылы өткізген сеансы суретке қарап ем-дом жасағаннан қымбаттау болады. Жалпы онлайн кеңестің құны 10 мың теңгеден басталады. Арасында 5990 теңгелік жеңілдіктер науқанын ашатындары да бар. Ең қызығы, онлайн емшілер өздерін халық емшісі, қоғам қайраткері, психолог, нумеролог деп жарнамалап жүр. Оларға мұндай атақты кімнің бергені белгісіз. Жалпы, елімізде медициналық қызметтер лицензиялануға тиіс. Алайда онлайн емшілердің көбі ресми тіркелмеген, әрі олардың қызметінің тиімділігін ғылыми дәлелдеу қиын. Бұл өз кезегінде алаяқтыққа жол ашады. Құмалақ құт әкелмейтіні белгілі. Сондықтан ашылмай жүрген бағыңызды бірер минут iшiнде «ашып», жоғалтқан жоғыңызды «тауып», ауырған басыңызды «жазып», болашағыңызды болжайтындардан, дін өкілдері аулақ болуға шақырады. – Онлайн мен оффлайн күні кешегі пандемияда, әлемді сансыратқан тәж індеті кезеңінде туындаған режим. Сол тұста көпке көмегінің тигені рас. Алайда елімізде онлайн кездесу, танысу, неке қию, бата беру, талақ беру деген белең ала бастады. «Алланың пендені тура жолға салуы – пендеде иман мен һидаятты жаратуы, адастыруы – пендеде адасушылықты жаратуы» немесе «Алла қалағанын тура жолға салады, бұл – оның кеңшілігі, қалағанын адастырады, бұл – оның әділдігі» деген ғибратқа жанымызды сүйейміз. Иә, халыққа онлайн платформа сервисінің тиімділігі зор. Дегенмен халық оны дұрыс пайдалануда ма? Мысалы, «онлайн дем салу» дегенді кім қалай қабылдап жүр? Былай алып қарағанда, миға қонымсыз дүние. «Дем салу» дегенге анықтама беру керек емес шығар. Сонда дем салатын адамның демі, яғни Құраны және тағы басқасы экраннан өтіп келесі адамға жете ме, қаншалықты бұл шындыққа жанасатын дүние? Біліңіздер, елдің ішінде осы тұрғыда жүріп жатқан «онлайн» тірліктердің барлығы нағыз алаяқтардың ертегісі, мұндайға іліне бермеу керек. Осындай алдауға түспес үшін, шалыс қадам баспас үшін, біреуге қиянат жасамас үшін, біреудің ақысына кірмес үшін Жаратушы асқан мейірімімен, адамзатқа деген махаббатымен қасиетті Құранды түсірді, Пайғамбарды жіберді, исламды берді, – дейді Нұрлан имам. Оның айтуынша, ХХІ ғасырда адамзат үшін бәрі ашық, яғни мына әлем айқын. Ақ пен қараны ажырата алатын халдеміз, бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірақ сананы оятпай келеміз. Ал онлайн дем салатындардың өз-өздерін емші деп атауы ережеге сай келмейді. Негізі Пайғамбарымыздың көрсетіп кеткен сүннеті бойынша адам бетпе-бет отырып дем салады. Пайғамбарымыз қолына аяттан, дұғалардан оқып, үрлеп, бетінен бастап, қолының жеткен жеріне дейін сипап дем салған. Балаларға да аяттар мен хадистердегі дұғаларды оқып, «сүф» деп дем салған. Қазір ғалымдардың көпшілігі Пайғамбарымыз көрсетіп кеткен дем салудың орнын баспайтынын айтып жатыр. Яғни, экрнанның арғы жағында отырып дем салу, негізгі дем салу түріне жатпайды.
«ХАЛЫҚ ЕМШІСІ» АТАҒЫН КІМ БЕРЕДІ?
– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес медициналық қызмет лицензиялауға жатады және лицензиялауға жататын медициналық қызметтің кіші түрлері «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңында айқындалған. «Медициналық қызметке лицензия заңды, жеке және жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғаларға беріледі. Ол үшін оларға бірнеше талап қойылады. Атап айтсақ, санитариялық қағидаларға сәйкес келетін үй-жайлардың болуы, маманның тиісті мамандық бойынша сертификаты болуы. Жоғарыда айтылғандардың негізінде емшілік лицензияланбайды. Тек аккредиттелген ұйымдар емші сертификатын бере алады, – дейді заңгер Абай Мұратұлы. Ал қазір аккредиттеуден өткен медициналық ұйымдар 1-2 апта курс өткізіп, «Халық емшісі» сертификатын таратып жүр. Шындығында, көп емшіде медициналық білімі жоқ, сондықтан олар заңды түрде қызмет көрсете алмайды. Екіншіден, дәстүрлі халық емшілігі заң бойынша нақты реттелмеген, сондықтан емшілер өзін «баламалы емші, рухани емші» деп атайды. Өркениетті, мәдениетті, саналы дәуірде өмір сүретін адам онлайн емшілердің сөзіне салқынқандылықпен қарауы керек. Дінтанушылар қазіргі емшілердің 90-95 пайызы алаяқ екенін айтады. Өйткені олар өз жолын аша алмай жүріп, өзге адамдарға пайдасын тигізе алмайды. Сонымен қатар онлайн емшілердің көбі руханияттан алыс адамдар. Өтірік айту, алдау олар үшін үйреншікті әрекет. Кейде адамдар онлайн дем салдырғаннан кейін өздерін жақсы сезінгендей болуы мүмкін. Бірақ өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Халқымыз жақсы сөзге сенгіш.
ЖАРНАМАСЫ ЖАҚСЫ ЕМШІГЕ СЕНЕТІНДЕР ДЕ КӨП
Халықтың жаппай онлайн емшіге сенуіне бірнеше фактор әсер етеді. Атап айтсақ, интернет байланысы бар кез келген адам онлайн емшіге жүгіне алады. Яғни, онлайн емші – қолжетімді. Сонымен қатар кейбір емшілердің қызметі жеке клиникаларға қарағанда арзан. – Адам ауырған кезде психикикасы өзгеріп кетеді. Кез келген пікір науқастың миына қатты әсер етеді. Олар жақсы сөзден тез жазылып кететіндей үміттенеді. Медицинаның қауқары жетпеген кезде немесе дәрігерлердің емі ұзаққа созылғанда онлайн емшілерге жүгінеді. Жарнамасы жақсы емшіге сенетіндер де көп. Екіншіден, психологияда плацебо эффектісі бар. Науқас іштей «мына емшіге қаралсам жазыламын» деп сенсе, оның организмінде ауруға қарсы иммунитет пайда болып, ағзаны емдей бастайды. Кейде емшінің емі әсер етпесе де, адамның сенімі ауруға осылай әсер етуі мүмкін. Үшіншіден, қазір қоғамда ақпараттық сауатты адамдар аз. Сондықтан да онлайн емшілердің жалған жарнамасына алданып жатқандар көп, – дейді психолог Арайлым Мейрамқызы. Психологтың айтуынша, эмоционалды қорқыныш та онлайн емшіге баратындар санын арттырады. Емшілер психологиялық тұрғыда әлсіз адамдарға көңілдерінен шығатын, оңай жолдар ұсынады. – Бала кезден «көз тиеді, дем салдыр» сияқты ақпаратты қабылдап өскен адам қиын жағдайға ұшыраса, осындай сыртқы күштердің әсерінен деп ойлайды. Осылайша, бірден онлайн емшіге хабарласады, – дейді психолог. Онлайн дем салдыру, экранның арғы жағынан жабысқан жауырынды жаздыру – біреуге күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – бүгінгінің дерті. Суретін жіберіп, ақшасын төлеп шипа іздейтіндер саны көбеймесе, азаяр емес. Ем іздеймін деп қалтадан қағылып жүрген жұрт балгерге барар алдында соқыр сенімнің жетегінде қалай кетіп қалғанын байқамай қалады. Ал, дәл осылай көпті алдайтын көріпкелдерге құрық салатын заң әзірге біздің елде болмай тұр.
Г.ЯХИЯ