Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҮЛДІРІП ЖҮРГЕНДЕР БӨТЕН ЕЛДІҢ БАЛАЛАРЫ ЕМЕС

БҮЛДІРІП ЖҮРГЕНДЕР БӨТЕН ЕЛДІҢ БАЛАЛАРЫ ЕМЕС

Байқайсыз ба, бүгінгі сіз бен біздің БАҚ беттерінен, әлеуметтік желі жаңалықтарынан жиі оқып,көріп-естіп жүрген ақпараттарымыздың дені дерлік қоршаған ортаның тазалығы, экологиялық акция, апта сайын ұйымдастырылып жатқан сенбіліктерден тақырып тартып жатады.

Қолыңызға телефон ұстап, желідегі парақшаны ақтара бастасаңыз болды апта соңындағы ақпараттар легінің арасынан біріміздің құрдасымыз, біріміздің көршіміз, енді біріміздің аға-іні, туғанбауыр, тіпті әке-шешеміз сол сенбілікте жүріп, суретке түсіп жатқан фото-бейне материалдарын көріп қалып, бір лайықты лайкін бассақ бастық, болмаса «е... ұжымымен сенбілікте жүр екен ғой» деп, іштей ойлап үлгірер үлгермес, әлгі бетте тұрақтамастан зу ете желдіртіп өте шығамыз. Осы біз, иә сіз бен біз, екі көзіңіз жоғарыдағы жолдарды жағалай жүріп өткен оқырман! «Неге сенбілік жиі ұйымдастырылып жатыр? Неге апта сайын тазалық? Неге апта сайын әр ұжым көше бойын жағалап жүр?» – деген ойдың төңірегіне сәл тоқталып, толғанып, түйінін тарқатып көрдік пе? Әрине ойланамыз, түйіннің де шешімін шеше аларлық ақыл-ес, ой-қабілет те бар шүкір дейміз. Орыстың атақты жазушы-драматургі, мамандығы бойынша дәрігер,әлемдегі ең ұлы жазушының бірі деп танылған А.Чеховтың «Тазалық тазаланатын жерде емес, қоқыс тасталмайтын жерде» деген қанатты сөзінің салмағын бәріміз білеміз, жан дүниемізбен санасезімімізбен түгел сезініп, түйсініп, түсіне де аламыз. Ендеше сол білгенімізді, сезінген, түйсінген дүниемізді неге айналамызға, бала-шағамызға,туғантуысымызға түсіндіре алмаймыз? Тіліміз жоқ емес, бар! Сана-ес Құдайға шүкір түзу! Тәрбиеден тоқырап тұрмыз, сірә! Қоқыс тасталмайтын жер таза болатынын білеміз. Ендеше таза жер үшін біз неге апта сайын сенбілікке, тазалыққа шығамыз? Сенбілікке шығып жатыр екенбіз олай болса, айналамыз әлі де таза емес деген сөз. Иә, өкінішке қарай тазалыққа, айналаны, қоршаған ортаны таза ұстауға әлі де машықтана алмай жатырмыз. Ащы да болса шындық осы – салақпыз! Тазалық мәдениетінен кенже қалғандаймыз. Сол көше бойын, айналамызды «бүлдіріп» қоқыстап жүргендер бөтен елдің балдары емес, өзіміздің ұл-қыздарымыз, туғанбауырларымыз екенін жасыра алмаймыз. Қазір кез келген дүкеннен зат алсаңыз, полиэтилен қала берді қағаз қалтаға салып береді, сусындарыңыздың барлығы дерлік пластмасса құтыда. Лақтыра саламыз. Есік алды құрылыстан шыққан қалдық қоқысты қораның аяғына, арық-атыз жағалауына тастай саламыз. Тазалық мекемесімен келісім-шартқа отырып, болмашы,азын-аулақ теңгетиынын төлеп, қоқыс жәшігін орнатып жатқандардың саны саусақ пен санап берерліктей аз. Олай болса, кімге өкпе, кімге реніш білдірмекпіз?! Біздің түйсікке бір түсінік сіңіп кеткендей. «Тазалыққа әкімдік жауапты. Айнала шашылып жатса оған аудан әкімі,кент ауыл әкімдері ғана кінәлі» – дегендей дүрдиеміз келіп, онымен қоймай әлеуметтік желіге салып «сүйіншілейміз». Үйміздің сыртындағы көше бойының,дарбазамыздың алдын сенбілікшілер тазалап кету керек деген кертартпа түсініктің тұманына тұмшалып қалғандаймыз.
Президент Қ.Тоқаев «Тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қажет. Шын мәнінде, өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Әрбір ауыл, әрбір қала тазалықтың үлгісі болуы қажет. Сондықтан «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс» деді. Ел басшысының сөзін, ұсынысын жергілікті атқарушы орган, әкімдер, мемлекеттік және әлеуметтік сала қызметкерлері, басқа да ұжым мүшелері қызу қолдап, акциядан ешкім аянып қалып жатқан жоқ. Енді осы акция аясында төгілген тер мен еңбектің еш болмауы өзімізде-тәрбиеде. Аудан әкімі А.Жандарбековтың күнделікті қалыптасқан әдеті-жұмыс кестесінен тыс уақытты кент іші көшелерін аралап, тазалығын бір шолып өтуден бастайды. Өткен сенбі яғни 1 наурыз күні Көкшоқы, теріскей бет, орталық, Ы.Жақаев, Ақмая, Бидайкөл, Алмалы-Ақтоған бағытынан кіретін негізгі көше және сол көшелерге жапсарлай,қиылысатын мөлтек аудандар ішін, «Батыс Еуропа-Батыс-Қытай» автомагистралі бойындағы айналма көпірдің айналасының тазалығын, Теміржолдың теріскей жақ бетінің тазалығын бір шолып шыққан Айтбай Насреддинұлы сенбілікте жүрген әйел-аналарға «Алғыс айту» күнінің құрметіне орай алғыс білдіріп, әкімдік атынан қызметкерлерінің қолымен гүл ұсынып, сенбілікшілердің көңілін серпілтіп, мерекемен құттықтады. Аралау барысында байқағанымыздай кенттің тұтас аумағы айтарлықтай қысқы қоқыстан тазарып, арық-атыз бойы аршылып, ағаш-бұта күзеліп, әктеліп, бордюр-шарбақ сырланып ажары кіріп қалыпты. Енді осы тазалықты әрі қарай сақтап қалу халықтың қолындағы, мәдени-еркіндегі дүние. Жалпы өркениетті елдердің бүгінгі жеткен жетістігінің басты құпиясы тазалықта. Ол тарихтан мәлім дүние. Батыс өркениетінің бастау кезеңі Ренессанс дәуірінің алтын қазығы ілім-білімде болса, сол білімнің бастауы тазалықта. Мұсылман әлемінің басты қағидаты да тазалық.Тән-жан-рух тазалығы адамды кемелдендіреді. Бұның бірі болмай кәміл инсан дәрежесіне жету мүмкін емес. Ақиқатқа жету жолының ең төменгі сатысындағы шариғаттың бастау бұлағы, басты талабы да осы тазалықтан басталып тұр. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 222-аятында: «Сөзсіз Аллаһ тәубе еткендер мен тазалағандарды жақсы көреді», – деп, тазалықты мадақтайды. Дін өкілдерінің келтірген төмендегі х а д и с і н а л д ы ғ а т а р т а р б о л с а қ онда: Пайғамбарымыз: «Лағынетке ұшырағандардан болудан сақтаныңдар» деген. Сонда сахабалар: «Ей, Аллаһтың Елшісі, олар кімдер?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Адамдар жүретін жолды және көлеңкелеп дем алатын жерлерді ластап, кірлеткендер», – деген. Сондай-ақ сүйікті Елші (с.а.с.): «Аулаларыңды таза ұстаңдар!» деп, бұйырып, жолға, суға дәрет сындыратындарға да тыйым салды. Көлеңкеліктерді ластағандарды айыптады.-дейді. Бұдан артық айтар сөз, жазар жолда болмаса керек.

Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ

05 наурыз 2025 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31