Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Əдебиетшілер үйінде "Əн - мінəжат, жыр - дұға" атты рухани кеш болып өтті

Əдебиетшілер үйінде "Əн - мінəжат, жыр - дұға" атты рухани кеш болып өтті




Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Əдебиетшілер үйінде Алаш арыстары мен ашаршылық құрбандарына арналған "Əн - мінəжат, жыр - дұға" атты рухани кеш болып өтті. Кешті белгілі ақын Бақыт Беделхан жүргізіп отырды. Кешке Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдəулет, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, жазушы, драматург Софы Сматаев, белгілі ақын, Халықаралық "Алаш" əдеби сыйлығының иегері Жəркен Бөдешұлы, белгілі ақын Жарас Сəрсек, алаштанушы, журналист Болат Мүрсəлім, т.б. танымал тұлғалар қатысты. Бірінші боп сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдəулет "Бұл бір жағынан жазықсыз құрбандарды қастерлеу күні болса, бір жағынан сол кісілерді еске алып, аза тұту күні. Қалай болғанда да осы қасиетті қара шаңырақ - Жазушылар одағының бөлмелерінде сол кісілердің табанының ізі, жұтқан ауасы қалмаса да, бəрібір рухы сүйеп, демеп, қолдап тұрғандай. Өйткені қазақтың сол үлкен арыстарының біразы осы Жазушылар одағын құрысқан адамдар. Совет одағының қызыл террорының жалғасы ретінде "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деп асыра сілтеп, халықты аштыққа, қырғынға ұшыратқаны, одан бергі жылдарда Алаштың ардақты арыстарын шетінен құрбандыққа шалғаны, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны, халықтың қаймақтарын қалқып алып, қалғанын тентіретіп жібергендей зобалаң күйге түсіргені, ұлттың тең жарымын жер бетінен жойып жіберу, геноцид, əлі əлемдік тарихтан өзінің бағасын алмаған бұрын-соңды болмаған қырғын күні белгіленіп, осындай тағзым ететін, еске алатын, аза тұтатын, ардақтайтын, қастерлейтін атаулы күнді арнағанының өзіне біз іштей шүкіршілік етеміз", - деді. Кезекті сөз алған жазушы Смағұл Елубай " Ресми түрде "31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні" деп аталды. Мен осының атауының өзінде бір шикілік бар екенін айтқым келеді. Ашаршылық - елу жыл бойы совет идеологиясын үркіткен сөз ғой. Тəуелсіз Қазақстан тұсында да сол заңды қабылдайтын кешені коммунистеріміз үркіп, ашаршылық деген сөзді алып тастаған болатын. Бұл 1995 жылы болған оқиға. Сөйтіп, қуғын-сүргін құрбандарын ғана қалдырды. Бұл ашаршылықтан кеткен 4 млн. халықтың аруағына жасалған қиянат болды. Бұл, меніңше, қайта қаралуға тиіс. Жəне бұл апаттың аты "Ашаршылықтан қырылған халықтың жалпыұлттық аза тұту күні" деп аталуы керек, - деді. Алаштанушы-журналист Болат Мүрсəлім "Мағжанның өлеңі бар ғой, "Сабатаев Сатылған, көшеде жүріп атылған" деген. Сол Сатылған Сабатаев осы Жетісу өңірінен шыққан алашордашы, Алашорда үкіметінің мүшесі болған азамат. Сол кісі Жаркентте оқ тиіп, қаза болған. Мағжанның бұл өлеңі тегін өлең емес. Өйткені сол кезеңде қай-қай қазақтың зиялысы болсын тоталитарлық жүйенің сақтап отырған оғы болған. Совет үкіметі ең алғаш құрылған күннен бастап, қанды үкімет болатын. Билікке келуінің өзі заңсыз, қанды жолмен келген. Ленин де, Сталин де соның бəрін заңдастырып отырған. Қазақ зиялыларының арасындағы топтасу, текетірес - репрессияның басы бұл емес еді. Ол жай ғана кез келген халықта болатын өздерінің зиялыларының арасында болатын текетірес қана еді. Ал оның ұйымдастырушысы - Мəскеу болатын", - деді. Кеш барысында Еркін Шүкіман, Сəулежан сынды əншілер Алаш арыстарына арналған əндерді орындаса, Бақыт Беделхан, Жарас Сəрсек, Бағдат Мүбарак сынды ақындар өлеңдерін оқыды. Кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағының жаңа мүшелері - Мұрат Шаймаран, Сəкен Сыбанбай, Жаңылхан Асылбекова, Ардақ Нұрғазы, Дəурен Қуат, Қойшыбек Мүбарак, Дмитрий Иванов, Ырысбек Дəбей, Ерболат Тұрсынбек, Тоқтарəлі Таңжарық, Дархан Бейсенбекұлы, Мақсат Рамазанұлына куəлік табысталды.

Massaget.kz
01 маусым 2018 ж. 1 022 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930