ҚАРҒЫН СУҒА ҚАРСЫ ҚАРЕКЕТ

БҮКІЛ ҚАМДЫ ЖАСАУ КЕРЕК
Аймақта су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдарының мамандары Сырдария өзенінің арнасындағы бекеттер мен тораптардағы су деңгейін күнделікті бақылап, мониторинг жасауды. Ал жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы мамандары тәулік бойы кезекшілікте тұр. Облыс бюджетінен қаржы бөлініп, «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен келісім-шарт жасалды, нәтижесінде екі тікұшақ дайындыққа келтірілді. Сонымен қатар мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мамандандырылған мекемемен келісім-шарт та жасалған. Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 3 нысандағы қорғаныс бөгеттері жөнделіп, қалпына келтірілді. Бюджеттен тыс көздер арқылы тағы 20 нысан жөнделіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар облыс аумағында 37 гидротехникалық құрылыс бар. Олардың ішінде коммуналдық меншіктегі 3 су қоймасының тексеру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік декларациясы рәсімделді. Биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылуда. Су тасқыны кезінде халықты қауіпсіз аймаққа көшіру үшін 61 эвакуациялық жинақтау және 71 қабылдау пункті әзір. Ақпанның 6-7 күндері өткен «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқужаттығуына 123 жеке құрам, 23 техника, 6 жүзу құралы, 33 мотопомпа және 2 тікұшақ қатысты. Кездесуде төтенше жағдайлар вицеминистрі Серік Төленбергенов су тасқынына қ а р с ы шараларды күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта да алдын алу жұмыстары үздіксіз жалғасады. Қоса кеткен жөн, вицеминистрдің Сыр еліне жасаған жұмыс сапары өзге аудандарда да жалғасын табады.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
Су басу қаупі бар аймақтар қыс басталған уақыттан бастап, қар ерігенше төтеншеліктердің қатаң бақылауында. Ауданда тасқынның алдын алу бойынша әзірлік те қызу. Оны сала маманының өз аузынан естідік.
– Сырдария өзенінің ұзындығы аудан аумағында 260 шақырымды құрайды. Қорғаныс бөгетінің жалпы ұзындығы 71,6 шақырым. Су алуы мүмкін аймаққа өзен жағасында орналасқан 5 елді мекен (Жөлек, Ортақшыл, Қоғалы, Тартоғай, Қарғалы) кіреді. Онда 7540 тұрғын тіршілік етеді. Аудан бойынша Сырдария өзеніндегі су тасқыны қауіпі бар елді мекендердің тұрғындарын көшіру үшін эвакуациялық 9 жинақтау, 10 қабылдау пункттері орналасқан. Кез келген төтенше жағдайларға байланысты халықты эвакуациялау үшін 16 жинақтау, 23 қабылдау эвакуациялық пункттері орналасқан. Қорғаныс бөгеттерінің жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық деңгейде. Жаңа Шиелі магистралды каналы, Жаңа Сұлутөбе, Нәнсай және Көксу каналдарының сағасына тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. 24-ші ақпанда каналдармен нақты алынып жатқан су көлемі: ЖШМК – 5 м³/сек, Нәнсай – 2 м³/сек, НСТ – 1 м³/сек, Көксу – 1 м³/сек, Күміскеткен көлдер жүйесі – 10 м³/сек. Жалпы барлығы – 19 м³/ секундты құрайды. Уақытылы қабылданған алдын алу шаралары су тасқыны кезеңінде елді мекендер мен нысандарды су басуына жол бермеуге мүмкіндік береді, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Әділет Нұрмантаев. Білгеніміздей, қазір 2500 қамыс бауы мен 1200 дана қада әзірленген. Айта кетейік, өткен жылға жергілікті бюджет қорынан Төтенше жағдайлар резервінде 2 миллион теңге, шұғыл шығындарға арналған резервтік қорда 8 миллион теңге қаржы қаралыпты. Жалпы қаралған қаржы 10 миллион теңгені құрайды. Әзірге айтарлықтай қауіп жоқ. Дегенмен апат айтып келмейтінін де ұмытпағанымыз жөн.
Сұлушаш МАДИЯРОВА