Тарихты арашалау. Репрессияның құрбаны Ұзақбай Құлымбетов жайлы не білеміз?
Қазақ халқында ХХ ғасырдың бірінші жартысы "ақтаңдақ жылдар" деген теңеумен айтылып жүр. Бұл тегіннен емес. 1930-1933 жылдардағы аштық халық санын еселеп қысқартса, 1937-1939 жылдар қазақ халқының бас көтерген зиялы қауымын қуғын-сүргінге салды. 1925-1933 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының ОК бірінші хатшысы болған Филипп Голощекиннің ұранымен қазақ халқының негізгі тұрмыс салты - мал шаруашылығын тәркілеу саясаты елге нәубет әкелді. Біз сол саясаттың қалай жүзеге асырылғанын, қазіргі тарихшы ғалымдардың "ұлы террор" деп атап кеткен оқиғаға кімдердің кінәлі екенін, сонымен қатар, ең бастысы осы саясатқа бірінші болып қарсы шыққандардың аты-жөндерін білмей келеміз. Әйтсе де, ақтаңдақ жылдардың ақ-қарасын танитын осы біз, келесі ұрпақ емес пе едік? Ендеше сол арыстардың бірі әрі бірегейі, қоғамдық және саяси қызметі Қазақстан тарихының күрделі де қайшылықты кезеңіне тұспа-тұс келген - Ұзақбай Құлымбетов. Қазақ Кеңес республикасын құрушылардың бірі болып, оның аяққа тұруы жолында орасан зор еңбек етіп, алайда, ұлтты жоюды көздеген билеушілердің бұйрығынан өзінің ұлттық мүддесін жоғары қойып, "Халық жауы" деп атылған ірі мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына биыл 125 жыл толды. Біз осы мақсатта өмірі қайранда қиылған қайраткер жайлы мәліметтерді жинай келе, мұның бір мақаланың өресіне сыймайтынын аңғардық. Қарапайым отбасыдан шығып, мұндай батыр, шешен, ғалым, басқарушы бола білген тұлғаны еш ұмытуға қақымыз жоқ. Ал БАҚ беттерінде оны жастарға үлгі тұтуымыз қажет. Бұл тұжырым сөздерді әрине, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтің, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдінің, тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтің және тағы да басқа қайраткерлердің мәліметтеріне сүйеніп, айтып отырған жайымыз бар. Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң, Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметте болады. 1919-22 жылдары Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, сол жылы құрылған Ақтөбе губерниясының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін, артынан губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды, губкомның бюро құрамына енгізілді. 1923 жылы Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы болған. 1925-37 жылдары Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы болып жүріп, Қазақ ССР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, 1930 жылы бірінші орынбасары, кейін Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) төрағасы қызметтерінде болған. Республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына, Қазақ жеріндегі алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселе көтерген. Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасап, астананың Қызылордадан Алматыға ауысуына байланысты комиссияның төрағасы болды, Ұ.Құлымбетовтың кезінде Қазақ автономиялық республикасы Одақтың республика мәртебесін алды. Қазақ ССР конституциясы бекітілді. Біз осы ретте, Ұзақбай Құлымбетовтың өмірі, мінезі, қандай қызметкер болғаны жайлы түрлі сенімді архивтік құжаттан ресми деректерді келтіре отырып, оның болмысын еске алғымыз келді. Ердің ісін нақты дәлелдермен көрсетуге тырысып көрейік. 1933 жылдың 10-16 шілде аралығында өлке комитеті пленумындағы Құлымбетовтың не дегенін біз білеміз бе? "Өлкелiк комитеттiң соңғы пленумында Ораз екеумiз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. "Пленумнан кейiн обком хатшыларының арнаулы мәжiлiсiн шақырайық, сонда олардың ауыл қамын жемей отырғандарын айтайық", - дедiк. "Осының бәрiн обком хатшыларының өздерiне әдейiлеп ескертейiк", - деп қолқа салдық. Амал не, мұндай мәжiлiстiң шақырылу қажеттiгiне Голощекиннiң көзiн жеткiзу өте қиын болды. Ақыры оның бiзге айтқан сөзi мынадай: "Маған не қыл дейсiңдер. Көшпендiлiк - бұл елдiң ежелгi тұрмыс-салты. Мұны бiр мәжiлiсте сөз еткенмен, оны тоқтата аласыңдар ма?". Қайдағы ежелгi салт десеңiзшi? Қазақ малын айдап, дүние-мүлкiн артып алып, көшiп жүрсе, бiр сәрi. Ал ендi тамақтан тарығып, аштықтан азып-тозып қала-қаланы, темiржол стансаларын, базар-базарды кернеп тентiреп жүрсе, ол ежелгi тұрмыс-салты емес, қиыншылықтан ғой. Ежелгi тұрмыс-салтымен мұның үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық". Бұл сөздерді Ұзақбай Құлымбетов билік басында отырғандардан да сескенбей, ашық айтып отыр. Осыдан кейін тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтың "Оны Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Н.Нұрмақов сияқты қайраткерлердің қатарына қосу керек", - деген сөзі де бос айтылмағанын аңғарамыз. Бүгінде аты көп аталмайтын, бірақ Голощекиннің төңірегінде қалыптасқан партия, кеңесте өзі қызмет ете тұра, өз ұлтының мүддесін бірінші орынға қоя білуі арқылы оған бірінші болып қарсы шыққан Құлымбетовтің бұл әрекетін нақты тарихи құжаттардан байқауға болады. Мұндағы мәселе - дәл сол нәубет жылдары билік басында болғандарды қарадай қаралай беретіндер мәселенің мән-жайына үңілмейтіндер. Әйтпесе қайраткердің мына сөзінен не ұғуға болатынын ойлап көріңіздер: "30-шы жылдың мамыр айынан бастап, 34-ші жыл түгелімен мен Қазақстан халкомы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқардым. Өмірімнің бұл кезеңінің алғашқы жартысы (30-31-32 ж.) Қазақстан өлкелік басшылығының, совет және партия ұйымдарының жіберген қателіктері салдарынан ауыл мен селодағы асыра сілтеушілікке тұспа-тұс келеді. Мен Өлкелік Комитеттің және оның хатшысы Ф. Голощекиннің ауылды басқарудағы әдістеріне алғашқылардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік Комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателіктерге жауап беремін". Сондай-ақ ол Өлкелік Комитеттің VI Пленумында (1933 жылғы шілде), VIII конференциясында (1934 жылғы қаңтар) сөйлеген сөздерінде өзіне тән турашылдығымен Қазақстан трагедиясына қатысты басқа қайраткерлердің де атын атап, қателіктерін дәл көрсетіп берді. Ал профессор Закратдин Байдосов ол жайлы былай деп пікір білдіреді. "Ұзақбай Құлымбетовтің неғұрлым батыл, халық ісіне шын берілген, біртуар тұлға екендігіне мынадай мысал келтіруге болады. Ол 1936 жылдың қыркүйегінде Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Пинхасикке, облаткомның төрағасы Асылбековке талай мыңдаған адамдар үшін тар қапасқа айналған, бүгінде дүйім жұртшылыққа белгілі "Карлагтың" жерін Шет ауданының колхоздарына беру жөніндегі ұсынысын жолдайды. Ұ.Құлымбетов "Карлаг", "Алжир" сияқты өлім лагерьлерінің Қазақстан жеріне қоныс тепкендігіне қарсы болады. Бірақ, бұл тұста күш НКВД жағында еді, олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын". Мына бір оқиғаға да үңіліп көрсек. 1936 жылдың 10 қаңтарында Халық шаруашылығы комиссарлар кеңесi қазақ даласындағы жағдайды түзеу үшiн Моңғолиядан асыл тұқымды түйе әкелуге қаулы қабылдайды. Қаулыны iске асыру үшiн КазЦИК Төрағасы Ұзақбай Құлымбетов Мәскеудегi Тұрар Рысқұловпен ақылдасып, түйе малының жағдайын жетiк бiлетiн маман ретiнде Тел Жаманмұрынов бастаған шағын топты Мәскеуге шұғыл аттандырады. Бұлар 8 ай сапарда болып, Моңғолиядан 8 мың бас қызыл нарды Қазақстанға әкелдi. Мақсат -“голощекиндiк саясаттың” нәтижесiнде аштықтан қырылып, ауа көшкен қазақтың қалған бөлiгiн жартылай көшпелi мал шаруашылығын дамыту арқылы сақтап қалу болады. Алайда 1938 жылдың жазында "халық жауы" деген айыптаумен қазақтың талай беткеұстар тұлғасы қамалып, атылып кетті. Сол тұлғалардың көш басында Ұзақбай Құлымбетов тұр едi. Енді осы қамалу, атылу оқиғасына назар аударайықшы.Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин ашқан екi кластық орыс-қазақ мектебiнiң 1907 жылдан бастап директоры болған И.Ф.Киселев бiр кезде өзi оқытқан шәкiрттерi Ұзақбай Құлымбетов пен Тел Жаманмұрыновты "Бұларға күдiгiм бар, Моңғолияға барғанда астыртын жапон тыңшыларымен байланыс жасап, Қазақстанды Одақтан бөлiп әкеткелi жүр" деген күдiк айтып, Мирзоянға, "Үштiкке" өз қолымен хат жазып, оққа байлайды. Кейiн осындай күдiк-хатты Темірбек Жүргеновке де жазып, қамауға алынуына тiкелей себепкер болды. 2011 жылы "Жас алаш" газетінде "Құлымбетовтiң белгiсiз бейнесi" атты көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы Баян Сәрсембина Құлымбетовтің озбыр саясаттың құрбанына қалай айналғанын баяндайды. Автор қайраткердің адамдығын көрсететін түрлі мысалдарды жіпке тізгендей көрсетіп береді. "Бiрiншi - 1912-18 жылдары тұйықтағы ауылда ауыл мұғалiмi болып саясаттан аулақ, ел аузындағы аңыз-әңгiме, жыр-дастандарды жинаумен айналысқан Ұзекең 1918 жылы ұстазы И.Ф.Киселев құрған Қызыл партизан отрядына мүше, әрi аудармашы болып қызмет жасаған. Шалқар маңындағы Жылтыр түбiнде қарапайым кедей шаруаның соңғы атын тартып алған И.Ф.Киселевтiң озбырлығына шыдамай, төбелесiп қалады. Осы араздықты И.Ф.Киселев өмiр бойы кек тұтып, 1937 жылы Ұ.Құлымбетовтi және оның жақтастарын қаралап, өз мүддесiне пайдаланды. Әрине, И.Ф.Киселевтiң барлық iс-қимылы жоғарғы жақпен ойластырылып, iске асырылғаны сөзсiз", - деп жазады автор. Ұзақбай Құлымбетовтің қазақ халқының тарихына қандай өзгерістер әкелгенін тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді түсіндіріп берді. "Ұзақбай Құлымбетов күрделі тарихи кезеңде өмірге келіп, қатардағы ауыл мұғалімінен қазақ мемлекетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген бейнеті мол жолдан, бірақ азамат, қайраткер үшін қайталанбас жолдан өтті. Қиын-қыстау кезеңде туған халқының, еңбекші бұқараның болашағы үшін күрескен қайраткер ретінде ол республика тарихында өз орнын сақтап қалатындығы сөзсіз", - деп білдіреді тарихшы қайраткер жайлы ойын. Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер Мұстафа Шоқаймен сол дәуірде билік басында болған Ұзақбай Құлымбетов қалайша байланыс орната алды? Елестетіп көріңіз, Кеңес Үкіметінің қыз-қыз қайнаған шағында Мұстафа Шоқай есімін атау қылмыспен пара-пар болды. Адамның туыс-тамырсыз болмайтыны анық. Сол Мұстафа Шоқайдың туыстарына қиын-қыстау кезде көмектескен кім деп ойлайсыз? Ол Ұзақбай Құлымбетов. Бұл жайлы тарихшы, профессор Көшім Есмағамбетов былай дейді. " (...) Мұстафа Шоқайдың туған жерінде болып, туыстарымен кездескен едім. Әңгіме барысында олар М.Шоқайдың туысы ретінде кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, көп қиындық көргендерін айтты. Ол кісілерден естігенім, сол кезде басшылық қызметтер атқарған Ұзақбай Құлымбетовтің сол Мұстафа Шоқайдың туыстарына әртүрлі мәселелер бойынша көмектескен, жәрдем берген кезі де болыпты. Яғни бүкіл ел-жұрт Мұстафадан "жау" деп сырт айналғанда, Ұзақбай Құлымбетов жоғарғы шеніне, қызметіне қауіп төнеді деп қорықпастан, оның жазықсыз жапа шеккен туған-туыстарына мүмкіндігінше қол ұшын берген. Мұның өзі Ұ.Құлымбетовтің адамгершілігі зор, ақыл-парасаты биік тұлға болғанын көрсетеді". Аяулы тұлғаның артына түскендер жалған жала жауып, ол 47 жасында атылды. КПСС Халық комиссары Ежовтың №447 шұғыл бұйрық бойынша жүзеге асқан "үлкен террордың" ең бірінші құрбанының аяусыз оққа ұшқан күні 1938 жылдың 25 ақпаны болатын. Сонда, осыдан 78 жыл бұрын Ұзақбай Құлымбетов бастаған он тоғыз комиссар атылды. Олардың мүрделерін қапқа салып, түн ортасында Алматыдан отыз шақырым жердегі Боралдай деген сайға лақтырып-лақтырып кеткен. Іс осымен бітіп, жабулы қазан жабулы күйде қалады, тірі жан көрген жоқ, ешкім білмейді деген оймен сенімді түрде кете барған. Алайда тұрмыстың ауыр кезі, жергілікті тұрғындар ішер ас, киер киімге жарымайды, солар бір күні ойламаған жерден әлгі мүрделердің үстінен түседі. Өздері жалаңаяқ жүрген байғұстар әлгілердің етіктерін олжа санайды екен. Сөйтсе, олар байқамаған екен, етіктер биттеп кетсе керек. Содан сатып құтылайық деп базарға апарса, сол жерде ұсталады ғой. "Мынадай биттеп кеткен етікті қайдан алдыңдар?" деген айғай соңы, не керек, 19 комиссар денесі жатқан жерді әшкерелейді. Әрине, бұл жайт еш жерде ашып айтылмаса да, халықтың есінде қалған. Атылған жылы жан жары Әйеш те тұтқындалып, он жылға "Карлагқа" айдалады. Балаларына "халық жауының балалары" деп, сол заманның кері артылады. Қайранда кеткен қайраткердің өмірі жайлы негізгі дерек осындай. ТҮЙІН: Біз танып-білмей келген мәліметтердің дені осы. Алайда архив құжаттарының әлі де толық ашылмағанын ескеруіміз керек. Мұндай ірі тұлғаның ісіне шам ала түсіп, архивтегі құжаттарды ақтаратын мамандардың алдында даңғыл жолдың ашылатыны көңілге медеу. Сондықтан да тарих қатал, аяусыз болуы мүмкін, бірақ ол ешқашан да жалған болмайды. Солай деп сенуіміз де, сол үшін еңбектенуіміз де керек.
Massaget.kz