БАЗАР БАҒАСЫ БАҒЫНБАЙ ТҰР

«ҚОСЫЛҒАН БАҒА ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕП ТҰР...»
Шыны керек, азық-түлік бағасының қымбаттауы ел ішінде анық сезіледі. Әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендетуге қанша тырысқанмен, қымбатшылықтың қарқынын тежеу мүмкін болмай отыр. Тапқаны тамақтан артылмайтын жұртшылыққа бұл оңайға соқпайтыны анық. Ал қымбатшылық қысқан заманда табысы аз тұрғындар қалай күнелтеді? Қазір тіптен сатушылар кәсіпкерлерге жүктелген салықтың артқанын алға тартып, бір затқа екі түрлі бағаны айтатын болған. Мәселен бір бөлке нанды қолма қол ақшаға алсаң 110 теңге, ал онлайн төлем жасасаң 120 теңгеге аласың. Бұл тек азық-түлік емес, өзге де тауар сататын дүкендердегі өздері бекітіп алған ереже. Жергілікті азық-түлік бағасының шарықтауына тауардың 80 процентке жуығын сырттан әкелу себеп дейді мамандар. Көрші елдер мен басқа өңірлерден жеткізілетін тауарға жол шығыны мен алыпсатарлар өз пайдасын тағы қосады. Кәсіпкерлер «бар жоғы үстіне 5-10 теңге қосамыз» деп отыр. Ал сол бағаға «каспий аударым жасасаң процентін төлейсің» дегендерге жол болсын? – Өзіміз қымбат бағаға аламыз, сосын үстіне кішкене ғана қосамыз. Мәселен, жұмыртқаны 47 теңгеге сатып алып 50 теңгеге сатамыз. Тамаққа қосатын май сынды кейбір азық-түлік түрлері Ресей, Белоруссиядан әкелінеді. Өнім зауыттан тікелей бізге жеткенше алып-сатарлар тағы қосады. Нанды 105-тен алып, үстіне бар-жоғы 5 теңге қосып сатамыз. Ал сүт өнімдерін сырттан алдырамыз, – дейді дүкенші Ләззат. Зерттей келе, соңғы жарты жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін 19 тауардың көбі қымбаттағанын да аңғардық. Қазір аудан бойынша бірініші сұрыпты ұнның келісі 214 теңгеден басталады. Ал тауық еті 1390 теңге. Бағаның бұлданып бара жатқанын күнбағыс майының құнынан да білеміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын литрі 400 теңге болатын сұйық май қазір екі есеге қымбаттаған. Бәрін айт та бірін айт, ет пен сүттің жырын айт. Өткен жылы 1950-2000 теңгеге алатын сиыр еті бүгінде 2300-2400-ден саудалануда. Ал қара базардағы қолдың сүтінің литрі 350 теңгеден саудалануда. Қант – 370 теңге. Бұл ең арзан деген баға. Оны көтерме сауда орталығынан дүкендерге жеткізгенше тағы бірнеше теңге қосылып отырады. Алда рамазан айы келе жатыр. Халық арасында «Жылда оразаға қарсы ас-су қымбаттайды» деген қорқыныш тағы бар. Дәл қазір баға одан әрі көтерілмеуіне ешкім кепілдік бермейді. Өйткені күннен күнге қосылған құн барлығын тығырыққа тіреуде. Азық-түліктің қымбаттауы – сауда заңы бойынша шарасыз жүйе. «Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» дегендей зейнетақы өсіп, жалақы көбейеді деген ақпар тараса болды, нарықта құн құбылып шыға келеді. Әсіресе бұл әр жылдың басында айлық есептік көрсеткіш артқан сәтте байқалатын құбылыс. Қазір екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады. Өйткені, «үйдегі есепті базардағы баға бұзып-ақ» тұр. Қысқасы, арқаны мұздатып, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес. ТАБЫСТЫҢ АРТУЫ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАРА МА?
Есте болса, мемлекет бағаны ұстап тұрудың механизмдерін қолданамыз деген. Бірақ қалай? Сауда және интеграция министрлігі бағаны ұстап тұру үшін көбіне «нарық механизмдерін» пайдаланады. Мысалы, министрлік өңірлерде бағаны тұрақтандыру қорларын құрып жүр. Азықтүліктің бағасы арзан болатын маусымда сол қорлар тауарға толады. Баға күрт өсетін аралық маусымда олар тауарды саудаға шығарады. Осылай бәсеке қалыптастырып, бағаның қымбаттауына сәл де болса жол бермеуге тырысады. Екінші механизм – жеңілдетілген қарыз беру. Сауда желілері мен әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілер бағаны ұстап тұруға келіседі. Осы үшін оларға 0,01 процент несие беріледі. Дегенмен мұның бәрі бюджетке артыла беретін жүк. «Бұл кез келген дамушы мемлекеттің экономикасында болатын құбылыс, үздіксіз процесс. Әрине дамыған елдерде де болуы мүмкін. Әсері қатты сезілмейді. Алайда бір қауіп бар, онсыз да қымбат дүниенің бағасын қолдан еселеп қымбаттатуы мүмкін. Әйтпесе халықтың күнкөріс деңгейі одан әрі төмендейді. Себебі елдің табысы төмен. Табысы төмен болған сайын экономикадағы айналым қаржы азаяды, ол түрлі саланың дағдарысына әкеледі» дейді мамандар. Б ұ л т ұ с т а м а м а н д а р б а ғ а н ы ң тұрақтануынан гөрі халық табысын өсіруге көп көңіл бөлу қажетін айтады. Демек нарық заңына салсақ, біздегі қымбатшылық тоқтамайтын секілді. Ендігі үмітіміз «Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн» кезеңi көктеммен қатар рамазан айы басталғанда базарда сауда жасап отырған саудагерлер, алыпсатарлар адамгершiлiк арға сын боларын естен шығармаса екен.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ