Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫР-ОШАҚТЫҢ ӨТТIҢ СЕН ОТЫН ҮРЛЕП, ҚАРА ӨЛЕҢI ҚАЗАҚТЫҢ СӨНБЕСIН ДЕП...

ЖЫР-ОШАҚТЫҢ ӨТТIҢ СЕН ОТЫН ҮРЛЕП, ҚАРА ӨЛЕҢI ҚАЗАҚТЫҢ СӨНБЕСIН ДЕП...

9-ақпан – ақиық Мұқағалидың туған күні. Жанымда атақты әнші, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (бұл атақ 1970 жылдары мәдениет саласы саңлақтарына берілген жоғары наградалардың бірі), өнер сүйер қауымның жүрегін жаулаған «Ақсақ киік» (сөзі Сәкен Сейфуллиндікі) ән-толғауының авторы әрі төгілтіп, елді егілтіп орындаушы, әншісазгер Әлмырза Ноғайбаев екеуміз заманымыздың заңғар ақыны аллеясына келдік.
«Мерейлі мерекесі емес, ешкім келмей қалса алыстан ат терлетіп келген әнші досымнан ұят болады-ау» деп қысылып жеткенмін. Ақынның атымен аталатын көшенің Желтоқсанмен қиылысқан жерінен орын тепкен алып ескерткіш жанына недәуір ел жиналыпты. Ары-бері өтіп жатқан жаяу жүргіншінің көңілін аударуға тұратындай. Мұны көргенде қуанып қалдым. Бір топ жас кезекпен ақынның өлеңін оқып жатыр. Сұрастыра келе Алматыдағы медколлеждің студенттері екенін білдік. Әдебиет саласында болмаса да, ынталары жақсы. Кезек бізге де келді. Мен Әлмырза әншіні жастарға таныстырдым. Ол Мақатаевтың «Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы!» деген өлеңін өзі шығарған әуенге салып орындап берді. Алғаш рет 1991 жылы Қазақ радиосының әуе толқынында шырқаған болатын. Сол кезден бері репертуарынан түспей келеді. «Қаймағы бұзылмаған қайран дінім, Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?! Құбылаға бет алып қол қусырып, Сәждеге жығылатын қайда күнім!? Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы, Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!» деп әуелете шырқағанда сол төңіректе жүргендер түгел елеңдесіп, маңайымызға топтасты... М е н ө з і м н і ң М ұ қ а ғ а л и а қ ы н д ы көргенімді,онымен бірге аз уақыт жүргенімді жеткізіп, сол кездерден естелік айтып бердім. Мұқағали өмірден озғанда жазған өлеңімді оқыдым: «Нар едiң сен шалдығып шөкпейтiндей, Асқар едiң созса қол жетпейтiндей. Алдаспандай алғыр да берiк едiң, Тынбайтын шапқаныңды көктей тiлмей. Жаныңның бар асылын үйiп-төктiң, Мерейiн жасын жырдың биiктеттiң. Қазақтың әлiмсақтан келе жатқан Қара өлеңiн қастерлеп, сүйiктi еттiң. Ел мұңынан өзгенi сезiнбедiң, Көкiрегiңнен ақтардың сезiм кенiн. Қасiреттi шақтардан безiнгенде, Қасиеттi тiлiңнен безiнбедiң. Шыңдармен де сырластың, даламен де, Данамен де мұңдассың, баламен де, Атақ пенен данқтың барлығын да Теңгермедiң қазақы қара өлеңге. Қара өлеңге қара бұлт төнбесiн деп, Қарлы ызғардан жыр гүлi сембесiн деп, Жыр-ошақтың өттiң сен отын үрлеп, Қара өлеңi қазақтың сөнбесiн деп. Асқақтық бiр өзiңнен өтпейтiндей, Нар едiң сен шалдығып шөкпейтiндей... Қара өлеңiң шығарар шыңдарға әлi Бар өлеңнiң өресi жетпейтiндей!..» Сол жерде ақынның бірқатар жанкүйерлерімен таныстық. Жасы жетпістің нақ ортасына келген қария өзін Ерғали Жұмабековпін, сазгермін деп таныстырды. Өмірден қыршын кеткен ғажап композитор Бекен Жамақаевтің немере інісі (туған ағасының ұлы) екен. Ол осы алаңға ақынның туған күнінде үнемі келіп тұратын көрінеді. Аяулы композитор Бекен Жамақаев ағасының 38 әні нотасымен енген «Махаббат вальсі» кітабын ала келіпті. Осы орайда оқырманға түсінікті болу үшін, Бекен Жамақаев туралы қысқаша мәлімет беруді жөн көрдім. Ол Абай, Шәкәрім және Мұхтардың отаны атанған Шыңғыстаудың құтты қойнауында 1931 жылы өмірге келіпті. 21 жасында «Махаббат вальсін» жазып, кең байтақ Қазақстанның өнер әлемін бір дүрліктірген. Шын мәнінде бұл қазақтың тұңғыш вальсі еді. Бұл ән Роза Бағланованың репертуарынан түскен емес. Мұхтар Әуезов зайыбы Валентина екеуі осы вальске билегенді ұнатқан. Өмірден ерте – небәрі 41 жасында өткен Бекен Жамақаевтың соңында әсем әуенді ұлттық нақышта жазылған бірқатар әні қалды. Солардың ішінде «Сен ғана», «Сырым көп, сәулем, сақтаған», «Ертіс вальсі», тағы да басқа құлақ құрышын қандырып, көңілді ғажайып күйге бөлеген әндері әлі ел арасында шырқалып жүр. Замандастары Бекен Жамақаевты «Вальс патшасы» деп атап, ерекше құрмет тұтыпты. Мұқағали Мақатаевтың туған күнін жержерден келген жанкүйер, жырсүйер қауым қалқадірінше көңілді атап өтті... Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ. Суретте (солдан): әнші-сазгер Әлмырза Ноғайбаев, осы жолдардың авторы, ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы
және өнер зерттеуші Ерғали Жұмабеков.
09 ақпан 2025 ж. 175 0