«БАЗАРАРЫҚ» БОЙЫНДАҒЫ БЕРЕКЕСІЗДІК

Кенттегі Т.Рысқұлов көшесінің соңы, біз сөз еткен су арнасына келіп тіреледі. Жалпы ұзындығы 8400 метр болытын Базарарық бойына «саяхатымызды» осы жерден бастадық. Бала кезімізде біз оны «бірінші канал, ал арғы жағындагы «сброс» атымен белгілі коллекторды «2-ші канал» деуші едік. Екеуінде де жаз айлары суға түсіп, қармақпен балық ұстайтынбыз. Сол кезде айналасы тап-таза еді... Енді биылғы 4-ші ақпанда көзбен көргенімізді баяндайық. Арықтың іші-сыртындағы қоқыстан көз сүрінеді. Қураған қоғаларды белгісіз біреулер өртеген сыңайлы. Онысы шала жанып, құлаған кәрі талдар да сықырлап, адамның үрейін одан сайын ұшырды. Арна басы маскүнемдердің жиналатын орны ма дерсің. Өйткені ішімдіктің бос бөтелкелері бұл маңайда толып жатыр. Әнебір жерге жеті-сегіз күшікті әкеп тастапты, ол бейшаралар аштықтан өлекселерді талғажау етіп жүр. Бұл мәселе бойынша кент әкімі Амангелді Өмірәліге хабарластық. – Өзіңіз білесіз, қазір аудан бойынша осындай келеңсіздіктерді бақылайтын бейнекамералар көптеп қойылып жатыр. Оның нәтижесі де жоқ емес, қоршаған ортаны ластаған азаматтарға айыппұл салынып та жатыр. Заң шеңберінде бұл жұмыстарды құқық қорғау органдарымен бірге жалғастыра береміз. Өкінішке қарай, кейбір кент тұрғындары айналымызды көркейту-көгалдандырумен емес, күл-қоқысқа көмумен айналысып жатыр, – деді. Бірақ біздің байқағанымыз, айыппұлдан қорқып жатқан адам аз. Тұрғындар үйінен шыққан қоқысты арықтың ішіне төгуді қалыпты тіршілікке балап кеткендей. Оны тоқтатып жатқан көше билерін де, не жаны ашыған өзге тұрғындарды да көрмедік. Сонда тазалық тек әкімшілікке, полицияға, не болмаса сенбілікке шығып жүрген бюджетік және де басқа мекемелердің қызметкерлеріне ғана керек пе? Кент әкімінің орынбасары Қанат Рахманберді әкімшілік мамандары жұмыстан кейін сағат кешкі 19:00-ден түнгі 23:00-ге дейін кент тұрғындары есебінде кезекшіліке шығып, заңсыз күл-қоқыс төгіп жатқан азаматтарды видеофиксация жасап полиция қызметкерлеріне беріп жатқанын тілге тиек етті. Басында аудан мекемелері де кезекшілікке шығып жүр еді, арты сырқұйымшықтанып кеткен, өйткені мұндай қоғамдық жұмысты ешкім тегін, өз еркімен істегісі келмейді. Ал көше тұрғындарына келсек, көбісі сөз жузінде қолдап, ал іске келгенде белсенділік танытпайтын көрінеді. Турасын айтсақ бірі көршісі, бірі туысқаны, бірі досы дегендей заңсыздықты көре тұра жария қылғысы келмейді. Бұл мәселе жөнінде кент көлемінде тазалық жұмыстарымен айналысып жатқан «Формула безопасности Астана» ЖШС басшысы Ербол Жеңсікбаевпен әңгімелескенімізде: – Тазалық, қоқысты жинаған жерде емес, ластамаған жерде болады. Бізде қазір 22 жұмысшы қызмет етуде, жаз айларында олардың санын 40-қа жеткіземіз. Келісім шартқа отырған азаматтардың есік алдына шығарып қойған тұрмыс қалдықтарын алып кетеміз. Полиция қызметкерлерімен бірге тазалық рейдтеріне де шығып тұрамыз. Мені таң қалдыратыны ақшалы, бизнесі бар кейбір азаматтар келісім шартқа отырмай жатады. Оның орнына болмашы ақшаны үнемдеп, айналамызды ластағанды құп көреді-ау... Сондықтан айыпппұл мөлшерін көбейтіп заң талаптарын қатайтып, «Мәке- Сәкені» қою керек, – деді. Осы мақаланы дайындау барысында жергілікті полиция бөлімінің инспекторы Абай Мәдиевпен де сөйлестік. Оның мәліметінше, осы жылдың тек бір айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың 434-2-бабына сәйкес (Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау) 28 азаматқа айыпұл салыныпты. Айыппұлдың мөлшері бір апта көлемінде төлесеңіз 19 660 теңге, кешіктірсеңіз 39 320 теңге болады. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі қоршаған ортаны көркейту-көгалдандыру жұмысына күн-түн демей атсалысып жүрген Әлияр Сейітовке бұны қалай тоқтатуға болады деген сауал қойдық. – «Водхоз» мекемесінде қызмет жасап жүргенімде «Шанхай» жаққа баратын «Байсары» арнасын үнемі тазалап беретінбіз, бірақ көп уақыт өтпей-ақ ол күл-қоқысқа қайта толатын. Ортақ нәрсеге ешкімнің жаны ашымайды. Сондықтан айыпұл мөлшерін бұдан да көбейту керек, мүмкін сол кезде бұл бассыздық тоқтар. Сосын осындай заң бұзушылықа барып жатқан азаматтар басқа жерден келмейді, оларды жинап ақсақалдар бар, көше билері бар, ортаға алып тәрбиелейік, істеп жатқан тірліктерін айтып ұялтайық. Ондай тәжірбие бізде бар, балықты тоқпен ұрып жүрген бір-екі ауыл азаматтарын ортаға салып тоқтатқанбыз –деді. Р.S. Сәуір айында, кент ішіндегі арналарға, арықтарға су келе бастайды. Базарарық, дәл осы біз көрген күйінде қала берсе, оның соңы, әртүрлі эпидемиялық ауруларға әкеп соқтыруы әбден мүмкін...
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
сурет автордікі