Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ – АШЫҚТЫҚ КІЛТІ

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ – АШЫҚТЫҚ КІЛТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін ерекше атап өтті. Бұл маңызды құжат ел дамуында шешуші рөл атқаратын бірқатар жүйелі мәселелерді айқындады. 
Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру мәселесін Мемлекет басшысы алғаш 2019 жылғы Жолдауында көтеріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған еді. Бұл идея «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағида аясында көрініс тапты. Жолдаудың сегізінші бағытындағы айтылған пікірлер де оған айқын дәлел. Президент Жолдауында «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатыр. Кейінгі 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді» деді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік аппараттың халыққа бет бұруына ықпал жасап, елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан, мемлекет басқару ісінде сапалы өзгеріске бастаған маңызды идея болғанын көріп отырмыз. Президент бастамасымен қазір мемлекеттік аппараттың жұмысы ашық, әділ, адамға бағдарланған сипатта тұрақты жаңғыртылып жатыр. Жолдауда қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетінің өзгергені, мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналғаны, мемлекеттік қызметшілер мінезқұлқының жаңа моделі қалыптасқаны, олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастағаны айтылды. Бұл мемлекеттік қызметшілерге алдағы уақытта да ашықтық, әділдік қағидатын ұстанудың маңыздылығын көрсетеді. Осы орайда Мемлекет басшысының «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген пікірінің мемлекеттік қызметшілерге маңызы зор. Бұл бағытта облыс әкімі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге барлық аудандарда тұрақты түрде қоғамдық қабылдау өткізіп келеді. Қоғамдық қабылдау – халықтың қажеттіліктеріне бағытталған ашық әрі қолжетімді жүйені қалыптастыру жолындағы кезекті қадам. Мұндай кездесу кеше Руханият орталығында болды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновке және құқық қорғау саласының мамандарына отызға жуық аудан тұрғыны түрлі мәселе бойынша жүгінді. Әркім көкейде жүрген түйіні қиын мәселелерін облыс басшысы мен сала мамандарына жеткізуге тырысты. Шешімін табуына ықпал етсе деген ниеттерін білдірді.
Қабылдау барысында жер, баспана, әлеуметтік мәселелер көтерілді. Бірі қолындағы дипломы бойынша жұмыс іздеп келсе, енді бірі облыстан келген сала мамандарын пайдаланып, банкроттыққа өтініш беру, оның жүзеге асу процесінің қыр-сырын біліп алғысы келеді. Ашықтық қағидатына негізделген қабылдаулардың тиімділігіне тұрғындардың сенімі артқан. Өйткені мұндай кездесулерде азаматтар өздерін толғандырған мәселе жайлы сауалдарын қойып, ой-пікірлерін жеткізе алады. Кейбір көтерілген мәселелерді мамандар тексеріп, заңдылығына қарай түйткілдердің шешімі сол жерде табылып, келушілер ризашылығын білдіруде. Ардагер-ұстаз Айжамал Әбдіхамитқызы өзі ұзақ жылдар еңбек еткен Алғабас ауылындағы мектептің тозғанын, 720 оқушыға 22 кабинет қана барын айтып, жаңа мектеп салып беруді сұрады. Оған облыс басшысы: – Президенттің тапсырмасымен алдағы 3 жылда еліміздегі 1300 мектеп жаңа талапқа сай күрделі жөндеуден өтетін болады. Оның ішінде қызылордалық 51 мектеп бар. Бұйырса сіз айтқан мектептің жай-күйін тексеріп, солардың қатарына енгіземіз. Күрделі жөндеу деген тек ақтап-сылау емес, жаңадан соғылған заманауи мектепке айналады, – деді. Жалпы облыс әкімінің қабылдауына 18 тұрғын келді. Көтерілген сұрақтар сан алуан. Көпшілікті баспана кезегі мен кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелер толғандырады. Аймақ басшысы тұрғындар талабы жерде қалмайтынын жеткізіп, жанжақты жұмыс жүргізілетінін айтты. Өңір басшысы әрбір өтініш берушіні мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің әрқайсысы бойынша бейінді ведомстволардың басшыларына нақты тапсырмалар берді. Шырынкүл Шайхова – кәсіпкер. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ол, мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейткісі келеді. Мәжіліс депутаты М.Әбенов заңдылығын қарап, реті келсе қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді. Осылайша келген адамдардың мәселелері мұқият тыңдалып, шешімін қарастыру жайы жауапты басшыларға жүктелді. Байқағанымыздай, қоғамдық қабылдауға келгендердің мәселесі оң шешім тапқан сайын келушілердің қатары да көбейіп келеді. Қабылдаудан соң аймақ басшысы аудан ардагерлерімен жүздесті. Бұл жолы аға буын өкілдері көп ретте жеке бастарының шаруасын емес, елдің рухын көтеру барысындағы ұсыныстарын айтты. Бұрын жауапты қызметтер істеп, бүгінде елдің жайын күйттеп жүрген ағалардың облыс басшысына батасын беріп, тілеулестігін білдірді.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
04 ақпан 2025 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9276)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728