Заң саласына қатысты кәсіби маманның дәрісі өтті
Әділетті қоғам құрудағы басты мәселе – заң мен тәртіп. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмасын жүзеге асыруға байланысты еліміздің құқық және заң шығару жүйесінде іске асып жатырған жұмыстар қоғамда кеңінен түсіндіруді қажет етеді, деп жазады Egemen.kz. Осы мақсатта заң ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Марат Қоғамов Нархоз университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінде кездесу өткізіп, жастар арасында ақпараттық жұмыс барысында елдегі заң мен тәртіптің маңызын атап өтті.
Дәріс барысында академик М.Қоғамов қылмыстық іс жүргізу барысында кездесетін қиындықтар, құқықтық жүйедегі реформалардың орындалуы мен бақылау, үйлестіру жүйесі туралы баяндады. Құқық саласының майталманы ретінде Қазақстандағы заң саласындағы өзгерістерді қарапайым, түсінікті тілде сипаттап, түсіндірген сарапшы студенттердің сұрақтарына жауап берді. Еліміздің құқық саласындағы тәжірибелерін Америка, Италия қылмыстық әділет жүйесімен салыстыра атап өтті.
«Қылмыстық сот өндірісінің мәселелері мен оларды шешу жолдары туралы кәсіби маманның талдауы студенттер үшін қызықты болды. Қазақстандағы құқық қорғау жүйесін нақты мысалдармен түсіндіріп берген сарапшының лекциясы ары қарай да жалғасын табатын болады. Студенттердің теориялық білімін өз ісінің кәсіпқойы, білікті мамандардың осындай дәрістері арқылы толықтырып отыру маңызды» дейді профессор Гүлмира Сұлтанбаева. Академик М. Қоғамов сонымен қатар қызметте табысты болудың қыр-сырымен бөлісті. Оның айтуынша, жұмыс қаншалықты сапалы болған сайын, өнімділігі де арта түседі. Сондықтан кез келген істі сапалы етуде жан жақты тәжірибелерді қарастыру, озық әдістерді меңгеру басты мақсат саналады. Дәрістен кейін пікірлерімен бөліскен 3-курс студенті Эллада Саматова, Индира Хасанова, Алтынай Февральева, тағы да басқа студенттер қылмыстық іс жүргізудің өзекті мәселелері мен құқықтық жүйедегі реформалар туралы ақпаратқа қанық болып, сот өндірісінің мәселелері мен шешу жолдары туралы кәсіби маманнан дәріс алудың барынша пайдалы болғанын атап өтті.