ҚАРАМАЙ ЖАУЫН МЕН ДАУЫЛҒА, ШАМШЫРАҚ СЫЙЛАҒАН АУЫЛҒА
Қазақта «Араласпасаң ағайын жат» деген нақыл сөз бар. Қатар өмір сүріп, күнделікті араласпасаң, қасыңдағы кісінің не істеп жүргенін білмейді екенсің. Бірнеше жылдан бері трансформатордың ескілігінен 21-бекет ауылы электр жарығына жарымай келген еді. Жақында осы мәселе шешіліп, ауылға жаңадан трансформатор қою кезінде Шиелі электр торабы мамандарымен бірге жүруіме тура келді. Сол мамандардан естіп білгенім, айлықтары мардымсыз, көлік мәселесі де толық шешілмеген. Соның салдарынан мекемеге келген мамандар да көп тұрақтамайды екен. Кейінгі жылдары Үкімет тарапынан бірнеше мамандық иелеріне ұстаздар, дәрігерлер, орман шаруашылық қызметкерлеріне басымдық беріліп, айлықтары көтеріліп, әлеуметтік пакеттерін шешіп жатыр. Неге осы жағдайларды адам өміріне өте қауіпті, табиғаттың дауылына, жауынына, ыстығына, аязына қарамай халыққа электр жарығын сыйлап отырған мамандарға жасамасқа? Менің өз пікірім, осы мамандық иелеріне айлығын көбейтіп, әлеуметтік пакеттерін шешіп, керекті техникалармен қамтамасыз етсе екен деймін. Егер осы жағдайлар жасалып жатса, кадр мәселесі өзінен-өзі шешілері хақ. Себебі электр жарығынсыз адам өмірін елестету мүмкін емес екені белгілі. Көзге көрінбесе де бейнеті көп, осындай қарапайым маман иелеріне ерекше жағдай жасалып, құрмет көрсетілуі тиіс. Біршама уақыттан бері түйткілге айналған электр жарығы мәселесін шешуге атсалысқан аудандық электр торабы мекемесінің мамандарына 21- бекет тұрғындары дән риза.
Әлияр СЕЙІТОВ,
Су саласының үздігі,
Шиелісушар өндірістік учаскесінің ардагерлер кеңесінің төрағасы
Су саласының үздігі,
Шиелісушар өндірістік учаскесінің ардагерлер кеңесінің төрағасы