Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕР АДАМНЫҢ КИІМІНДЕ КИЕ БАР

ЕР АДАМНЫҢ КИІМІНДЕ КИЕ БАР

Өмірден көргенінен түйгені, оқығанынан тоқығаны мол қазақ халқының даналығы мен шешендік шеберлігінде шек жоқ. Әрбір сөзі мен ісінде ұрпаққа үлгі болар мысал жатады. Ал соның ішінде «кие», «құт» сөзінің мән-мағынасы тереңде. Бұрынғы аналарымыздың даналығы, көрегендігі, тәлім-тәрбиесі мен инабаттылығы ауыздан-ауызға, тіпті жыр-дастандарда да жазылып, айтылып келеді. 
Әйелдің еріне тиісті құрмет көрсетіп, оны өзінен бір саты биік бағалауы тегін емес. Шаңырақтың тіреуі, үйдің егесі – ер азаматтар. Бұл айтқанымызға тарих беттеріндегі мына әңгіме тұздық бола алады. Ертеде Есенгелді атты кісі өмір сүреді. Ол жеті атасынан бері бай, мал-жаны мыңғырған адам болса керек. Нағыз шынжыр балақ, шұбар төс дәулетті адам екен. Болыс болып, ел де билейді. Оның тоқалынан Бекей есімді ұлы болыпты. Бекей орысша сауаты өте жоғары, көзі ашық жігіт болған деседі. Байдың бәйбішеден туған ұлдары Бекейдің ел ішіндегі беделін көре алмай, әкесін ұлына айдап салады. Оған: «Балаңыз атадан қалған дәулетті бей-берекет шашып жүр. Ел-жұртқа абыройсыз қылып бітті» деп жамандайды. Оларға иланып қалған Есенгелді: – Олай болса, маған қандай ақыл бересіңдер? – деп сұрайды. – Ойбай, әке! Ондай баланың барынан жоғы. Тез құтылғаныңыз жөн, – деп азғырады мысық тілеу ұлдары. Зұлымдардың тілегіне ерген бай ұлының өліміне себепкер болады. Бекейді мерт қылып, өз қанын ажал құшағына тапсырады. Бұл оқиға кейін барлық жерге әшкере болады. Байдың келіні өте есті жан екен. Әкесінің өз ұлының түбіне жеткендігін дәлелдеп, қазы-билердің алдына жүгінеді. Бай баласын өлтіргенін мойындап, өкінеді. Даудың соңы құнға кеп тірілгенде өжет әйел: – Еріме құт болмаған дәулет маған бақыт бермейді. Бір ғана тілегім бар. Қайын атамның жеті атасынан бері келе жатқан құндыз жағалы тоны төрінде ілініп тұр. Соны бір аттап өтем. Басқа талабым жоқ, – депті. Келіннің өтініші орындалады. Көп ұзамай, Есенгелді бір жұтта төрт түлік малынан тегіс айырылып, таяқ ұстап қалады. Киелі киімі аяққа тапталғандықтан, байдың бағы тайыпты. Ақыры Есенгелді жоқшылықта, қайыр сұрап жүріп өлген көрінеді. Бұл оқиғаға қатысты орыс жазушысы В.Даль «Бекей мен Мәулен» атты хикаят жазған. Осы жағдай киімнің де құты болатындығын, оны басқанда киесі кетіп, шаңырақтан бақтың ұшатындығын көрсетеді. Сонымен қатар, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтыбақаннан соң» атты әңгімесінде ер адамның киімін әйел адамның астына басып отырмайтындығы туралы мысал келтірген. Шығарма авторы бұл жерде әйел адам ер кісінің киімін астына басса, оның басынан бағы таяды деген ойды әсерлі де нанымды жеткізе білген. Бұрынғы парасатты аналарымыздың еркекке деген құрметі сонша, ер кісінің киімінің үстінен аттап аяқпен баспақ түгілі, әйелдің киіміне қоспай бөлек жуған. Рас, әжелеріміз «ер адамның киімін баспа, киімінен аттама», «жағалы киімін жоғары қой», «әйел мен баланың киімінен бөлек жу», «ер адамның киімін киме» деген сынды ескертпелерді құлағымызға құйып өсті. «Не үшін, әже?» деп сұрай қалсақ, жауабы «жаман боладымен» аяқталатын. Заманды кінәлап, ер адамдардың жағасына жармасып, қыздан қытық кеткен мезетте есті әңгімені айтар жандардың бой көрсеткені де керек екен ғой...
Г.ЯХИЯ
16 қаңтар 2025 ж. 46 0

Қоғам

Желшешек
16 қаңтар 2025 ж. 22

PDF нұсқалар мұрағаты

№3 (9270)

14 қаңтар 2025 ж.

№2 (9269)

11 қаңтар 2025 ж.

№1 (9268)

07 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031