Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер азаматтың киіміндегі кие

Ер азаматтың киіміндегі кие


Өмірден көргені мен түйгені, оқығанынан тоқығаны мол қазақ халқының даналығы мен шешендік шеберлігінде шек жоқ қой, сірә. Әрбір сөзі мен ісінде ұрпаққа үлгі болар бір мысал жатады. Ал, соның ішінде «кие», «құт» сөзінің мән мағынасы тереңде жатыр. Бұрынғы аналарымыздың даналығы, көрегендігі, тәлім-тәрбиесі мен инабаттылығы ауыздан-ауызға, тіпті жыр-дастандарда да жазылып, айтылып келеді. Тек заманнан көріп, ер адамдардың жағасына жармасып, қыздан қытық кеткен мезетте есті әңгімені айтар жандардың бой көрсеткені де керек-ақ. Әйелзаты еріне тиісті құрмет көрсетіп, оны өзінен бір саты биік бағалауы тегін емес. Шаңырақтың тіреуі, үйдің егесі де азаматтар. Олай болса, бүгінгі әңгімемізге арқау болар мысал көзі қарақты оқырманға ой салар деген ойдамыз...
XVIII ғасырда Қазақстанның батыс өңірінде Есенгелді атты кісі тұрмыс кешеді. Ол жеті атасынан бері бай, мал-жаны мыңғырған адам болса керек. Нағыз шынжыр балақ, шұбар төс дәулетті адам екен. Болыс болып, ел де билейді. Оның тоқалынан Бекей есімді ұлы болыпты. Бекей орысша сауаты өте жоғары, көзі ашық жігіт болған деседі. Байдың бәйбішеден туған ұлдары Бекейдің ел ішіндегі беделін көре алмай, әкесін ұлына айдап салады. Оған: «Балаңыз атадан қалған дәулетті бей-берекет шашып жүр. Ел-жұртқа абыройсыз қылып бітті», – деп жамандайды. Оларға иланып қалған Есенгелді:
– Олай болса, маған қандай ақыл бересіңдер? – деп сұрайды.
– Ойбай, әке! Ондай баланың барынан жоғы. Тез құтылғаныңыз жөн, – деп азғырады мысық тілеу ұлдары. Зұлымдардың тілегіне ерген бай ұлының өліміне себепкер болады. Бекейді мерт қылып, өз қанын ажал құшағына тапсырады. Бұл оқиға кейін барлық жерге әшкере болады. Байдың келіні өте есті жан екен. Әкесінің өз ұлының түбіне жеткендігін дәлелдеп, қазы-билердің алдына жүгінеді. Бай баласын өлтіргенін мойындап, өкінеді. Даудың соңы құнға кеп тірілгенде өжет әйел:
– Еріме құт болмаған дәулет маған бақыт бермейді. Бір ғана тілегім бар. Қайын атамның жеті атасынан бері келе жатқан құндыз жағалы тоны төрінде ілініп тұр. Соны бір аттап өтем. Басқа талабым жоқ, – депті. Келіннің өтініші орындалады. Көп ұзамай, Есенгелді бір жұтта төрт түлік малынан тегіс айрылып, таяқ ұстап қалады. Киелі киімі аяққа тапталғандықтан, байдың бағы тайыпты. Ақыры Есенгелді жоқшылықта, қайыр сұрап жүріп өлген көрінеді. Бұл оқиғаға қатысты орыс жазушысы В.Даль «Бекей мен Мәулен» атты хикаят жазған. Осы жағдай киімнің де құты болатындығын, оны басқанда киесі кетіп, шаңырақтан бақтың ұшатындығын көрсетеді. Сонымен қатар, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтыбақаннан соң» атты әңгімесінде ер адамның киімін әйел адамның астына басып отырмайтындығы туралы сюжет келтірген. Шығарма авторы бұл жерде әйел адам ер кісінің киімін астына басса, оның басынан бағы таяды деген ойды әсерлі де нанымды жеткізе білген.
Өркениетке ұмтылған өрелі қоғам өз тарихының тұщысынан ғана емес, ащысынан да сабақ ала білуі қажет. Жоғарыда көрсетілген мысалды ескере отырып, ерінің киімін бөлек тазалау, әйел адамның баспауы, үстінен аттамауы сынды наным-сенімдердің қайтадан жаңғырып, рухани жан дүниемізді байыта түскені артық болмас. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» – дегенін де ескергеніміз жөн. Әрине, ертеден еріне құдайындай қарап, сый-құрмет көрсете білген дана аналардың жұрнағын жалғап, ақыл-кеңесін берер абыз аналарымыз жоқ емес. Алайда, ой салар осы бір мысалда көрсетілген ер адамның киіміндегі киені көбісі біле бермесі анық. Тіпті, тілге тиек еткендерді де кезіктіру қиын. Сәт сайын қарыштап дамыған мезетте жаңа технологиялардың да түр-түрі бар. Сондықтан, ер азаматқа құрмет көрсетіп, әрбір киімін өз алдына бөлек тазалап, құттын қашырмай, басымыздан бақ таймайтындай әрекет етейік.

Әзірлеген:
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
15 тамыз 2018 ж. 1 824 0