Сағыздың денсаулыққа пайдасы бар - ғалымдар
Токиодағы Васэда университетінің ғалымдары сағыздың денсаулыққа пайдасын анықтады. Олардың айтуынша, сағызды жүріп бара жатқанда шайнау артық салмақтан арылуға көмектеседі екен. Мамандар 21-69 жас аралығындағы 46 ер адам мен әйелге зерттеу жүргізген. Оларды екі топқа бөлген. Бірінші топқа екі дана сағыз беріліп, олар 15 минут бойы жүріп келе жатып оны шайнайды. Ал екінші топқа сағыздың орнына дәл сондай құрамдағы ұнтақ берілген. Ғалымдар екі топтағы адамдардың жүрек қағысының жиілігін, жүріп өткен қашықтықты және жұмсалған энергияны назарға алған. Нәтижесінде бірінші топтағы адамдардың жүрек қағысының екінші топтағылармен салыстырғанда екі есе жоғары екені анықталды. Айтарлықтай тиімді нәтиже егде адамдарда байқалды. "Біздің зерттеуіміз орта жастағы адамдардың, әсіресе егде жастағы ер адамдардың серуен кезінде сағыз шайнауы дистанция мен жұмсалатын энергияны арттыратынын көрсетті", - деді зерттеудің авторлары. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, жаттығулар мен сағызды үйлестіріп, дене салмағын тиімді бақылап отыруға болады екен. Методологиялық шектеулерге байланысты ғалымдар шайнау қимылдарының нақты санын есептеп бере алмады. Олардың көзқарасы бойынша, алдағы уақытта көрсеткіштердің нақты өлшемін алу үшін бұл факторды есепке алу керек болады.
tengrinews.kz