Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРМАНҒА ЖЕТУДІҢ ЖОЛЫ

АРМАНҒА ЖЕТУДІҢ ЖОЛЫ


Ертеде Ғажайып атты кең далада Аян есімді ақылды әрі әуесқой бала өмір сүріпті. Ол күнде Ғажайыптың әр бұрышын зерттеп, жаңа нәрселерді үйренуді ұнататын. Бірақ бір кемшілігі бар еді: Аян жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды ажыратып жатпай бәріне құмарта беретін.
Бір күні ауыл ақсақалы Сарыбай ата Аянға келіп:
– Аянжан, сен өмірдің маңызын түсіну үшін ерекше бір сынақтан өтуің керек, – деді.
Сарыбай ата оған үлкен құпияны ашты:
– Алтын ауылдың арғы жағындағы биік таудың шыңында Самұрық атты қасиетті құс бар. Оның алтын қанатында әркімнің өмірлік армандарын орындауға мүмкіндік беретін сиқырлы сөздер жазылған. Бірақ Самұрыққа жету үшін көп білім мен шыдамдылық қажет. Ең бастысы жаман әдеттерден сақ болып, айналаңа тек жақсы достарды жиюың керек. Қандай қиындық кездессе де өзіңнің арманыңа жету жолында қайтпас қайсар болсаң жетеді.
Аян қатты қызығып, бірден жолға шықты. Ауыл ақсақалы оған:
– Жол бойы білім мен жарыққа қарай назар аудар. Алдыңнан сені өзіне ерекше баурап тұрған, әдемі болмаса да әсерлі, бірақ қараңғы орман кездеседі. Ол жақа мүлде назар аударма. Самұрыққа барар жолда олар сені әдейі адастыруға талпынады. Бірақ сен ештеңеге қарамай тек жарыққа қарай ұмтыл. Әр қиындықты жеңу үшін білім мен ақыл керек, – деп кеңес берді.
Аян алыс сапарға аттанып, көп кедергілерге тап болды. Бірінші күні ол үлкен өзенге кезікті. Өзенде ағысы қатты болатын, ал жағалауында көпір де жоқ еді. Сонда Аян геометрия сабағында үйренген үшбұрыш принципін қолданып, ағаш бұтақтарынан мықты сал жасап өтті.
Келесі күні Аян қараңғы орманға тап болды. Орманда қалың шырмауыққа кезікті. Шырмауықтың арасынан "Аян, бізге кел! Саған ешқашан көрмеген ғажайыпты көрсетеміз. Рахат өмірдің не екенін білетін боласың" деген дауыстар жаңғырып жатты. "Мәссаған! Рахат өмір осында болса, неге кіріп көрмеске?! Самұрыққа қарай әлі қаншама жол бар. Жете алмай жолда адасып қалсам ше? Оданда осы жерге бір кіріп шығайын, сосын әрі қарай кете беремін" деген оймен шырмауыққа қарай қадам басты. Қызығы Аян шырмауыққа бір қадам жақындаса шырмауық Аянға екі қадам ілгерілей түседі. Шырмауықтың арқы жағында өз-өздерімен қараңғыда орталарына шам жағып думандатып жатқан ұсқынсыздау әлем байқалады. Бір жағында егін алқабы бар екен. Бірақ алқапта ешбір жеміс не көкөніс байқалмайды. Қызық, қызық бола тұра қорқынышты. Кенет Аян Сарыбай атаның "Жарыққа қарай ұмтыл, қараңғыдан қаш!" деген сөзін есіне түсіріп, шырмауыққа бір қадам қалғанда есін жиып, қаша жөнелді.
Ақырында, Аян биік тау шыңына жетті. Шың басында Самұрық құс оны күтіп отыр екен. Құс Аяннан:
– Балам, менің алтын қанатымдағы сиқырлы сөздерді оқу үшін сен ақыл мен білімді қолдандың ба? – деп сұрады.
Аян өзінің жол бойындағы оқиғаларын айтып берді. Самұрық оған ризашылық білдіріп:
– Білім – нағыз байлық. Ал ақыл – жарқын өмірдің бастауы. Сен сабақты жақсы оқып, жақсы мен жаманды айыра алғаның, жақын жолдағы қараңғыға кіріп кетпей, соңына дейін шыдағаның үшін ғана бұл жерге жеттің. Енді өз армандарыңды жүзеге асыра аласың, – деді.
Самұрық құс өзінің алтын қанаттарын жайып, Аянға арманын орындауға мүмкіндік беретін сиқырлы сөздерді оқытты.
Сол күннен бастап Аян білімге ерекше ықыласпен қарап, тек жарық әлемде өмір сүремін деп шешті. Өйткені, ол білімді болмаса, қараңғы орманды таңдаса армандарға жету қиын екенін түсінді.
Қорытынды:
Ақылсыз жасалған бір қадам бүкіл өміріңді өкінішке толтыруы мүмкін. Білім – адамды шыңдарға жетелейтін ең құнды құрал. Әрбір жаңа сабақ – арманға жетудің бір қадамы.

Айару ЯХИЯЕВА,
Шиелі ауданы №49 мектептің
8 сынып оқушысы


Сурет https://ertegiler.kz/ сайтынан алынды
10 қаңтар 2025 ж. 47 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№1 (9268)

07 қаңтар 2025 ж.

№103 (9267)

30 желтоқсан 2024 ж.

№102 (9266).

28 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031