Жыр дариясына айналған ақын

Жұма күні Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында, «Арман асуы» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен Ғ.Мұхаммеджанов №270 атындағы орта мектебінде Қазақстан Республикасының халық жазушысы, ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаевтың 115 жылдығына орай, мемлекеттік қызметшілер арасында «Жыр дариясына айналған ақын» атты аудандық көркемсөз оқу байқауы ұйымдастырылды.
Алдымен шараға қатысушылар мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс ардагері Ғафур Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоқтары қойып, мектеп оқушыларының дайындаған әдеби монтажын тамашалады.
Мемлекеттік қызметкерлердің кітап оқу мәдениетін көтеру, шығармашылық шеберліктерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 10 үміткер қатысып, жыр аламанында бақ сынады. Жарысқа қатысушыларға аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, биыл 75 жас мерейтойын тойлаған Өркен Исмаил, аудан айнасына айналған, 85 жылдық тарихы бар атабасылымның бас редакторы Нұрболат Пірімбет, «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, филолог Жібек Баймұратова және аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев қазылық етті.
Мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген байқауды Шиелі ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі өкілі Ғалымжан Болатұлы алғы сөз сөйлеп, ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил қатысушыларға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
«Сырдария» деп жырлаған сыршыл ақынның 115 жылдық мерейтойы арналған байқаудың қорытындысы бойынша, әділқазы алқасының шешімімен бас жүлдені аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Нұршат Бағдатұлы еншіледі. Сондай-ақ, жүлделі І орынды Қарғалы ауылдық округі әкімі апаратының бас маманы Ғасырхан Бақытжанұлы жеңіп алса, ІІ орынды Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімі апаратының бас маманы Назерке Жақсылықова қанжығалады. Байқаудың ІІІ орнына Тұран ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Сымбат Жайлаубекқызы лайық деп танылды. Сонымен қатар, «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының арнайы жүлдесі Бестам ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айдана Әбдразаққызына табыс етілді. Жарысқа қатысушыларға арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.
«Өскен өңір» ақпарат