Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман – оттегің, от демің

Орман – оттегің, от демің

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені. Халқымызда табиғат деген сөз жер, туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты, барлық жан-жануарды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйреткен. Әсіресе, орман-тоғайды, тал-теректі ерекше бағалап «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Ағаштың жемісін жеймін десең, түбіне балта шаппа», «Бір тал кессең, он тал ек» деп жасыл желектің тіршілік үшін қаншалықты маңызға ие екенін мақал-мәтелдер арқылы өнеге етіп отырған. Осы орайда, өңірдегі ахуалды білмекке Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Жандос Жақсылықұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Жандос Жақсылықұлы, табиғатты қорғау – әрбір азаматтың борышы екені белгілі. Дейтұрғанмен, Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің бүгінгі жай-күйі жайлы ақпарат берсеңіз...
– Рақмет. Қазіргі уақытта мекемеде штаттық кестеге сәйкес 90 қызметкер орманды күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарымен айналысады. Орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 1079187 га болса, оның 80 пайызы яғни 867922 га орманды алқапты құрайды. Мекеме тарапынан жыл бойы жануарларды қорғау, орманды күзету, өсімін арттыру бағытында қарқынды жұмыстар атқарылып келеді.
2024 жылға №006 «Жануарлар дүниесін қорғау» бағдарламасы аясында биотехникалық іс шаралар бойынша жабайы аң-құстарды қосымша қоректендіру жұмыстары тапсырылған болатын. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы баға ұсынысы жарияланып, нәтижесінде 2002 кг жем қалдықтары жеткізілді. Техникалық ерекшелікте көрсетілген жем шашу кезеңдері ақпан, желтоқсан айларында жүргізіледі. Қазіргі таңда Жөлек орманшылығының 68, 69 орамдары жеріне биотехникалық іс-шара бойынша жабайы аң-құстарға қосымша қоректендіру жұмыстары жасалынды.
– Шиелі ауданында қандай арнайы орман қорлары бар? Қызыл кітапқа енген сексеуілді егуді қаншалықты жүзеге асырудасыздар? Сондай-ақ орман қорларын зиянкестерден сақтау бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...
– Шиелі орман және жануарларды қорғау мекемесі Жөлек, Шиелі, Қызылқұм сияқты 3 орманшылыққа бөлінген. Орман қоры учаскелеріне зиянкес ауруларын анықтау мақсатында 86800 га жерге потологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде, орман қоры жерлерінде зиянкестер анықталған жоқ.
2024 жылы мекеме тарапынан Аралдың ұлтанына 1550000 дана сексеуіл көшеті және 5500 келі сексеуіл тұқымы жиналып жіберілді. Сонымен қатар, «Қазақстан ландшафттарды қалпына келтіру бойынша ВБ-ГЭФ-7» жобасы шеңберінде «Қызылорда қаласының айналасында 3000 га алаңда екпелер құру» жұмыс жобасын іске асыру мақсатында 1000 га жерге сексеуіл көшеті отырғызылды. Бұл меже 64 пайызды құрап отыр.
– Үкімет тарапынан балық қорын толықтыру, шабақтарды құтқару жөнінде бірқатар тапсырмалар беріліп келеді. Осы бағытта Шиелі ауданында тиісті жұмыстар қаншалықты атқарылуда?
– Иә, әрине бүгінде бұл тапсырмалар аясында жұмыстарды мейлінше жіті бақылауда ұстап отырмыз. Шиелі ауданында маңызы бар 31 су айдыны орналасқан. Оның 9 су айдыны табиғат пайдаланушыларға 10 жылға кәсіпшілік бағытта, 18 су айдыны 49 жылға тауарлы балық шаруашылығы бағытында бекітіліп берілген. Сонымен қатар, Ханқожа, Соркөл, Иіркөл, Құмкөл су айдындары резервте тұр. Мекеменің арнайы бұйрығымен резервтегі көлдерге орман қызметкерлеріне күзету, қорғау жұмыстары бекітілген. «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы аясында, резервтегі су айдындары жағалауына «Таза көлдер, өзендер және бұлақтар» атты іс-шара негізінде жағалауын тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Шабақ құтқару – 2024» акциясы аясында 38 адам, 11 техника жұмылдырылып 1078800 дана балық шабақтары құтқарылып, таза су айдындарына жіберілді.
– Қыс мезгілінде мылтығын асынып, аң аулауға шыққан аңшыларды көп кездестіреміз. Биыл аңшылардың рұқсат қағазынсыз, яғни заңсыз аң аулау дерегі тіркелді ме? Заңсыз аң аулаған азаматтарға қандай шара көріледі?
– ӘҚБТК-нің 382 бап 2 тармағы аң аулау заңдылығын бұзу бойынша 2 азаматқа хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 1 азаматқа салынға әкімшілік 27690 теңге айыппұл толығымен өндіріліп, 1 азаматқа ескерту берілген. Шиелі ауданы аумағында 12 аңшылық алқап орналасқан. Оның ішінде 8 аңшылық алқаптар 10-20 жыл мерзімге табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Бүгінде 4 аңшылық алқап резервте тұр. Арнайы рәсімделген құжаты бар аңшыларға, аңшылық алқаптағы лемитті «Қансонар» АҚ бекітіп, рұқсат береді.
– Жердің «желінін» емген жер бетіндегі барлық жандар мен жануарлардың алып анасы табиғат екені ежелден мәлім. Сонау тас дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі адамзат тарихына үнілсек, қоршаған ортаны қорғау арқылы күн кешкен тіршілік иелері айналасындағы жаратылысқа атүсті қарамаған. Өңірде азайып қызыл кітапқа енген арқар, таутеке, қарақұйрық секілді аңдарды көбейту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі мен облыстық « Қызылорда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ, Шиелі ауданының ішкі істер бөлімінің табиғат қорғау полияциясымен бірлескен «Киік» табиғатты қорғау акция аясында ұтқыр топ құрылып, заңсыз аңшылық және броконьерлерден қорғау бағытында жұмыстардарды қарқынды жүргізуде. Бұл бағытта әрбір азамат өзіндік үлес қосып, жануарларды, табиғатты қорғау жұмыстарына ат салысуы керек деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Мейіржан Ибрагимов
13 желтоқсан 2024 ж. 138 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031