Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдағы соны серпін

Сырдағы соны серпін

Сарыарқа төсіндегі бас қала – Астанаға қарап бой түзеген қазақтың алғашқы астанасы – Қызылорданың ажары айшықталып келеді. Жыл өткен сайын жайнай түскен, тарихы тереңге бойлай түскен Алаштың анасы қос ғасырдың куәгері. 200 жылдан астам тамырлы тарихы бар сұлу Сырдың бойындағы келбетті қаланың бүгінгі бейнесі, жағымды жетістіктері мен келер болашақта бағындырар белестері хақында бірер сөз қозғағанды жөн көрдік.
Әлеуеті әлденіп, ахуалы артып келе жатқан Сыр өңірінің қай саласының болсын қадамы қарқынды. Құрылысы қарыштап, ауыл шаруашылығы шарықтап, кәсіпкерлігі де кең өріс алып келеді. Әлеуеті артқан әлеуметтің де жүзінде жылы леп, көкейінде келісті пікір қалыптасқан. Өмірінде оң өзгеріс мол болса, олай болмасы бар ма?
Бүгінде аймақ экономикасының жаңа құрылымы қалыптасып, бәсекеге қабілетті экспорттық өндіріс орындары құрылуда. Бұл дегеніміз – мұнай өндірісіне тәуелділіксіз тұрақты даму жолына түсу. Міне, осының арқасында Сыр өңірінде құрылыс бір сәтке де тұралаған емес. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет ошақтарының жыл санап жаңарып жатқаны өңірдегі ілкімді істердің бірсыпырасы. Сөзімізді сандармен жалғар болсақ, екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, бүгінде екі есе артып, 750 млрд теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.
Сырдың бойын жағалай жатқан 7 ауданның ахуалын да саралап отырған облыс әкімі Н.Нәлібаев ең әуелі ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға басымдық беріп келеді.
Бүгінде облыстың 447 мың тұрғыны немесе халықтың 53 пайызы ауылда тұрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламалары арқылы жаңа жұмыс көзі ашылып, ауылдардың екінші тынысы ашылуда. Нақты дерек-дәйектерге сүйенсек «Ауыл аманаты» бойынша өткен жылы өңірде 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асып, 713 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Биыл 4 млрд 600 млн теңгеге 575 жоба жоспарланған. Бүгінге дейін 2 млрд 500 млн теңге бөлініп, 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде ауыл халқының табысы 20% ұлғайып, шағын кәсіпкерлік саны 275-ке артты. 33 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, өңдеу саласы бойынша 22 кәсіпорын, көлемі 1,2 гектар 34 жылыжай өндірісі ашылды. Оған қоса 1 175 бас асылтұқымды мал сатып алынған екен. Бұл «Жаңа Қазақстанға» жасалған жарқын қадамдардың бастамасы, әрине.
Бұл күндері мәдени-тарихи орындарға қызығушылық танытқан шетелдік туристер мен кәсібін кемелдеткісі келген инвесторлар саны да ұлғайып келеді. Мәдени-тарихи жәдігерлерін жаңғыртып, туризм саласына тың серпін берілуде. Аймақтағы тарихи жәдігерлерге жылдар бойы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары және «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсіндері жасалып, облыстық музей қорына табысталды. Ерекше айта кету керек, облыстағы мәдениет және руханият саласында атқарылған жұмыстарға Халықаралық Түрксой ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді.
Сондай-ақ облыс әкімі Н.Нәлібаев биыл аймақта «Руханият жылын» жариялап, жағымды жаңалықтарға жол ашты. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» деген сөзі септесіп-ақ тұр. Айшықты жыл аясында облыста «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, Жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Биылғы «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынуда. Бұл бастаманың алғашқысы жуырда ғана Қармақшы ауданында ашылып, лентасын аймақ басшысы Н.Нәлібаев қиған болатын.
Сан саланың тамырына қан жүгірткен құрылыстың санаулысын ғана атап айттық. Дегенмен, Қызылорданың әуе қатынасына қанат бітірген «Қорқыт ата әуежайы» жаңа терминалының ашылғанын айтпай кету мүмкін емес. Жаңа әуежай терминалы мемлекет басшысының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі міндеттемесі аясында жеке инвестордың қаржысына салынды. Аймақ үшін маңызды жобаға 35 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Халықаралық талапқа сай әуе қақпасы облыста туризмді дамытуға, басқа да инвесторлар тартуға тың серпін әкелері сөзсіз. Әуе жолының жайын айтқан соң, қара жол жайлы да жаза кеткеніміз жөн болар. Биыл 43 млрд 300 млн теңгеге 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Осылайша облыс аумағындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асып түсті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Елімізде бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажет. Негізгі қағидат – тұрғындар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру» деген болатын. Иә, халықтың қамсыз күн кешуі бұл – басында баспанасының болуы. Қызылордада соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның басты мәселесі шешім тапты. Биыл Сырда сүйінші жаңалық көп. Жыл басынан бері 1500-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Ал 12 желтоқсан күні, Тәуелсіздік қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеті қабатты 84 пәтерлік 6 жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстады.
Соңғы жылдары сырбойылықтарға оңтайлы «Орда» бағдарламасының өзімен қаншама адамдардың арманы ақиқатқа айналды. Сәулеті мен дәулеті келіскен Сырдың сол жағалауындағы тұрғын үйлердің кілті аталған бағдарлама аясында табысталды. Келбеті келіскен сол жағалау бұл күндері сұлу шаһарға айналып, аймақтың көркін айшықтай түсті. Биыл мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд 100 млн теңгеге жыл соңына дейін 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылайша сандарды саралап, санаға салмақ салсақ, тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өскенін аңғаруға болады. Бұл әрине өз үйім, өлең төсегім дейтін сырбойылықтар үшін жәй цифр емес.
Өз шаңырағында шаттығы тасыған ағайынның көгілдір отын мәселесі де шешім тауып келеді. Мәселен жыл басынан бері елді мекендерді газдандыру бойынша 30 млрд 500 млн теңгенің 20 жобасы іске асуда. Бүгінде облыс халқының 78 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылған. Ендігі жерде тозығы жеткен электр желілерінен және ауыз судан туындайтын түйіндер тарқатылса деген тілек бар тұрғындар көкейінде. Бұл бағытта да аймақ басшысы қол қусырып бос отыр деуге келмес. Нақтырақ тарқатсақ тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 38 жоба қолға алынса, ауыз сумен қамтуға бағытталған 5 млрд 300 млн теңгенің 13 жобасы бұқараның басты игілігіне жарамақ. Баспаналы болып бақытқа бөленген қызылордалықтардың қамсыз күн кешуі дегеніміз міне, осы емес пе?
Жұмыла жұмыс жасап, көсегесі көгерген, өрлеу жолына түскен өңірдің кей салаларындағы серпінді сөз еттік аздап. Әлеуметтік-экономикалық дамуы дара, адами капиталы жаңғырған, бірлігі бекем, берекесі бес елі Сырдың бойындағы сұлу қала Сарыарқа төріндегі бас қаламен бірге жанданып келеді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
13 желтоқсан 2024 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031