САТИРА САҢЛАҚТАРЫ

Ақын-жазушы, журналистеріміздің сатира жанрына қалам тартпайтыны некен-саяқ. Кеңес дәуірінде жазушылар негізінен тап жауларын суреттеп, бюрократтардың, пысықай қулардың, қыдырымпаз, жалқаулар мен жемқорлардың сатиралық образдарын жасады. Бүгінде кенжелеп бара жатқан сатира жанрының фельетон, пародия, памфлет, шарж, карикатура, мысал, шымшыма секілді түрлерін көптеп жазып, қалам сілтеді, сын садағына алды, елеулі табыстарға жеткен шығармалар көп болатын. Зиянды әрекет, ескінің қалдықтары, кертартпалар беріректе де олардың шығармаларында батыл әшкереленді, жұртшылықты солардың теріс қылық, әрекет, істерінен жирендіріп отырды. Ендігі әңгіме, киелі Шиелі өлкесінің азаматтарының сатира жанрына, күлкі әлеміне, қазақы қалжыңдарға қосқан үлестері жайлы болмақ. Сатираның сан түрлі үлгісін, мәнерін, түрліше көркемдік сапада қолданысқа енуіне ғылыми тұрғыда үлкен үлес қосқан сатираның саңлағы, атасы іспеттес болған азамат, республикалық «Коммунист» журналының редакторы, жоғары оқу орындарында осы жанрдан дәріс беріп, оның қыр-сырын зерттеп, еңбектер жазған жерлесіміз, өзіміздің Төңкерістің тумасы Сейділда Төлешов болатын. Бүгін сатираның сарбазы атанып жүрген Жүсіп, Шона, Асқар, Үмбетбай, Көпен, т.б. қаламгерлер Сейділда ағаның мектебінен өткен, дәріс, тәлім-тәжірибе алған, еңбектерін жата-жастанып оқыған. Сатира жанрынан сабақ беріп келген, бұл жанрдың ұңғыл-шұңғылына дейін білетін профессор Темірбек Қожакеев те Сейділда Төлешовтың еңбектерін үнемі алға тартып, еңбектерін оқуды міндеттеп, ұстаз санайтын. Бұл жайлы ол аудандық газет арқылы пікірін де жолдап, жарық көрген.
Шиелі шынарларының бірі, журналист, сатирик-ақын, жерлесіміз Сейтқасым Сейтеновтың әсіресе, сатира жанрына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның фельетондары, бірқақпай, шымшыма, мысал өлеңдері бүгінгі ұрпаққа өшпес мұра, үлгі, өнеге болған, қазақ әдебиетінің нағыз найза ұстары. Ұзақ жылдар «Өскен өңір» газетінде қызмет атқарған Қанапия Дәрібаев тек ел таныған ақын ғана емес, сатира жанрының сан қырынан қалам тартқан. «Шағын Қара» деген бүркеншік атпен шығармаларын шыңғыртып жазып қана қоймай, аяқастынан әзіл өлең шығаратын, жүрген жерін күлкіге көметін айтқыш болған. Кейіннен республикалық басылымдарда еңбек етті, артында мол мұра қалдырды. Нартай Бекежанов, Бұдабай Қабылұлы, Палымша, Таубай Қирабаев, Әбділда Тәжібаев сынды ақындарымыздың сатира жанрларына ден қойып, әдемі әзіл қалдыруы өз алдына бөлек әңгімеге арқау болары анық. Беріректе «Шиелінің Сәпиі» бүркеншек атымен әзіл жазатын Сәпи Құрманаев, бір ғана «Барометр» әзіл әңгімесімен әйгілі болған Жолдас Сырғабаев, «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Қуандық Түменбаев, жазушы, ақын Серік Байхонов, ақын Мұрат Күлімбетов, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Серікбай Әлжанов, Абдулхамит Исаев, Мақсұт Әбдімомынов секілді ақындар, ақын Дулыға Жүсіпов, Қатира Жәленова секілді қаламгерлердің сатирасында ащы әзілдер атқылап тұратын. Пародист, журналист Серік Пірназаровтың сатираның үлкен тармағына қалам сілтеп, арнайы кітап етіп шығаруы үлкен жаңалық, нағыз еңбек.
Жерлестеріміз, ардагер-журналист Өтеген Жаппархан, ақындарымыз Бақыт Абызов, Айтбай Сәулебектегі, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың әзілдерінің өзіндік ерекшеліктері бар.
Сыр бойы айтыскер ақындарының ішінде әдемі әзілімен ерекшеленген Мақанбетқали Тұрсановтай ақын аз-ау, сірә. Оның ізбасары ақын Кенжетай Жүсіп орынды әзіл айтуға тіптен шебер-ақ. «Қытық» дейтұғын әзіл-сықақ театры да бар, бір жағынан «Күлкістан» театрына интермедияларын жіберіп отырады.
Махаң мен Кенжекеңнің, Құрманбек пен Жалғас секілді ақын інілеріміздің де талай іргелі айтыстарда әзіл тартып отыратын Еркін Садықұлы, Мұхтар Қуандықұлы есімді қуақы тілді ақын шәкірттері бір жыл бойы теледидар арқылы көрсетілген «супер-айтыста» сусындарын қандырғанын көріп-естігенбіз. Сондай-ақ сатира жанрын жақсы меңгерген «Мұртты Қара бала» бүркеншік есімімен жан-жақты жазып, қалам тартқан Алтай Нұриддинұлының еңбектерін айтуға болады. Сатирик, ақын Нұрмахан Елтайдың бұл жанрда біршама кітабы жарық көріп, есімі елге танымал болды. Еліміздің үлкен сахналарында қызмет көрсеткен, «Тамаша» әзіл-сықақ театрының негізін қалаушылардың бірі және бірегейі, марқұм, өзіміздің Мейірман Нұрекеев біздің шынайы мақтанышымыз болса, сахна төрінен үнемі көрінетін Ғазиза Әбдінәбиева, «Шымкент-шоудағы» – Арман Әлиев, «Күлкістандағы» – Дархан Пірназаров, Қазақ КТК-ның негізін қалаушы, «Шатақхананы» ұйымдастырушылардың бірі – Нұрлан Қоянбаевтар да бүгінде елімізге кеңінен танымал болып үлгерді.
Ақын-жазушылар, сахна саңлақтарынан бөлек ел ішінде де айтқыштар көп болған. Солардың қатарында Батыр ағамыз Байдүйсен Оразовтың әзілдері ел арасында кеңінен таралған. Жәмидің әзілдері өз алдына бір төбе, әдемі әзілдерді жинақтап жүрген Қален Әбдешовтың еңбектері де осы басылымда талай рет жарық көрді. Ағаларымыз Сұлтанбек Оразымбетов, Меңлібай Кенжебаев, Жақсылық Ахметов, Құрбан Қожамжаров, Нұриддин Аюпов, Тәжібай Аюпов, Нұрмахан Қасымов, Арзулла Молжігітов, Дәулетбек Байдрахманов, А.Тәшімов, Әлімхан, Әшімхан Оспановтар, Өркен Исмаил, Бақытжан Құрманаевтардың әзілдері ел арасында айтылып жүр. Міне, біз ауыл айтқыштарын да қырықтан асырып жібердік. Бұлай деуіміздің себебі, Социалистік Еңбек Ерлері, ақын-жазушылар, өнерпаздар, ғалымдар, елдегі фауна мен флорасын қырықтан асырып жазған болатынбыз. Айтқыштар туралы айта келіп, киелі Шиелі бұл тұрғыдан да алда тұрғанын білдіргіміз келді. Әрине, бұл тізім түгел емесін білеміз. Тіпті, бірінші хатшы, әкімдердің арасында да айтқыштар көп болды, олардың өзі бір кітапқа арқау боларлықтай. Болгарияның Габрово деген кішкене елді мекені «Габрово айтқыштары» деген атпен әлемге әйгілі болған. Ендеше, Шиелі Швейцария, батырлар, ақындар елі ғана емес, айтқыштар мекені деп толық айта аламыз.
«Өскен өңір» ақпарат