Өнерге жанашырлық танытқан өлке
«Музыканы рухымызға, құмарлығымыз бен ынтықтығымызға, көңіл күйімізге қарастыруымыз керек» деген Әл Фараби сөзінің жаны бар секілді. Адамзат баласын ортақ бір арнаға ұйыстырып, бір-бірін ұғындыратын ән өнерінде құдірет жатыр. Әр халық ұлттық музыкасының кереметтігімен мақтанады. Қазақ музыкасының тарихы тереңге бойлап, бүгінгі күнге дейін пісіп-жетілді. Түрлі жанрдағы ұлттық өнерімізді дәріптеу – келер ұрпақтың еншісінде. Бүгінде ұлттық өнерге жанашырлық танытқан жандар ежелгі дәстүрлі музыка сарынын заманауи нақышта орындауға бейімделген. Сонымен қатар, патриоттық әндер жиынтығы бірлігі жарасқан еліміздің бойтұмары іспетті. Жуырда «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, Ауған соғысының ардагері Жұмат Қалекеевтің есімін ұлықтау мақсатында Досбол би ауылдық клубында «Қалды менде ұлы үміт пен нұрлы арман» атты тақырыпта облыстық патриоттық әндер байқауы өтті.
Іс-шараны Досбол би ауылдық округінің әкімі Ержанбек Ахметов ашып, Ауған соғысында батырлықтың үлгісін көрсеткен Жұмат Қалекеевтің ерлігін өнеге етіп, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Іс-шараны Досбол би ауылдық округінің әкімі Ержанбек Ахметов ашып, Ауған соғысында батырлықтың үлгісін көрсеткен Жұмат Қалекеевтің ерлігін өнеге етіп, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Мұнан соң лед-экран арқылы батырдың өмірі мен ерлік жолы көрсетілді. Әрі қарай Жұмат Қасымұлының тай құлындай тебісіп өскен құрдасы Алмат Сейітжанұлы арнауын оқыса, достары Нұрлан Асанов, Қалдыбай Байгелов, Амантай Нұрманов, Серікбай Берімбетов, Сабыр Нәлібаев батырдың ерлік жолын дәріптеді.
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың борышы мен парызын баршаға музыка әуенімен жеткізу басты мақсаты болған байқауға 8 өнерпаз қатысты. Олар «Ұрпаққа аманат» атты бірінші кезеңде патриоттық әндерді шырқаса, екінші кезеңде «Айт дегенде өлеңді» деп, өз таңдаулары бойынша еркін тақырыптағы әндерді орындады. Қатысушы талапкерлердің орындау шеберлiгiне, әннiң өңделуіне, сахна мәдениетiн игеруіне, киiм кию үлгісіне ерекше назар аударылды. Орындаушылардың өнерін таразылап, қас өнерді бағалауда аудандық Арман мәдениет үйінің әдіскері Жадыра Отарбаева, «Байсын ауылдық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын басшысы Гүлшат Әбдімомынова және Шиелі индустриалды -аграрлық колледжінің оқытушысы Алмат Қалекеев төрелік жасады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Шиелі ауданынан қатысқан талапкер Дәурен Беркімбаев иеленсе, бірінші орынды Арал ауданының өнерпазы Дәулеткерей Қуантқанов еншіледі. Сондай-ақ екінші орынға Шиеліден қатысқан Еркін Тоқмырза лайық деп танылды. Үшінші орын қазалылық өнерпаз Талап Мурзалиев пен шиелілік талапкер Бекарыс Бауыржанның қанжығасында кетті. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бір топ өнерпазға ынталандыру сыйлықтары да табысталды.
Байқау соңында Досбол би ауылдық мәдениет үйінің директоры Шолпанай Досымова барлық талапкерге алғысын білдіріп, Ж.Қасымұлының отбасына арнайы сый-сияпат жасады.
Осылайша, бейбітшілікті, жер тұтастығы мен ел бірлігін насихаттауға арналған мәдени іс-шара жоғары деңгейде өтіп, көрермендердің көңілінен шықты деуге толық негіз бар.
Шапағат ТІЛЕУБАЕВ