Қайда бара жатырмыз...?
Небір нәубетті кезеңдерді өткерген қазақ жұрты елім деп еңіреген ержүрек ерлерінен айырылып, қаншама қиындықты еңсерді. Желтоқсанда жалындаған қазақ жастарының қанымен келген Тәуелсіздікке де 30 жылдан асып жығылыпты. Осы жылдар ішінде қандай жұмыстар атқардық? Отаршылдық саясатының салқынынан арыла алмай, әлі күнге тілімізді шұбарлап, шүлдірлеп жүргеніміз жанға батады. Етігіміз қытайдан, шапанымыз өзбектен, жейдеміз қырғыздан келсе, тұтынатын тұрмыстық дүниелеріміздің 70-80 пайызы шет ел асып жетеді екен.
Мал бағып, тері илеп, тон тіккен қазақ неге өзге елдің өніміне телміруі керек? Ақадал айран мен сүттің орнына неге кола мен горилла ішіп әлжуаз, ауру болып жүр жастар? Бесіктен белі шықпай жатып телефонға телміріп соқыр, меңіреу болған балалар ше? Ұлт денсаулығы, ұрпақ болашағы күн тәртібінен көрінбей тұр. Қайда бара жатырмыз? Ұлт болып қашан ұйысамыз? Өз елімізде тұрып, қашан өз тілімізде сөйлейміз? Қайда кетті бұрынғы зауыттар, цехтар, фабрикалар, фермалар? Сауал көп, жауап жоқ!
Мал бағып, тері илеп, тон тіккен қазақ неге өзге елдің өніміне телміруі керек? Ақадал айран мен сүттің орнына неге кола мен горилла ішіп әлжуаз, ауру болып жүр жастар? Бесіктен белі шықпай жатып телефонға телміріп соқыр, меңіреу болған балалар ше? Ұлт денсаулығы, ұрпақ болашағы күн тәртібінен көрінбей тұр. Қайда бара жатырмыз? Ұлт болып қашан ұйысамыз? Өз елімізде тұрып, қашан өз тілімізде сөйлейміз? Қайда кетті бұрынғы зауыттар, цехтар, фабрикалар, фермалар? Сауал көп, жауап жоқ!
Мән берілмейтін маңызды мәселелер...
Егемен ел болғанымызға біраз уақыт болса да, біраз жағдаяттарға мән берер емеспіз. Дініміз де, тіліміз де алашұбар, бұл тұрғыдағы оймыз да алашұбар. Қалаған дінге кіріп, қалаған тілде сөйлейміз. Алыстан ақау іздеудің керегі жоқ, аудандағы ахуалды айтайықшы. 100 адамның 99-ы аялдаманы «остановка», базар жанындағы айналманы «кольцовой» дейді екен. Бірде көлігіме жолай мінген жас келіншек ««кольцовойға» апарып салыңызшы» деді. Мен, ««айналма» деп айтып үйренейік» десем, «қай тілде сөйлейтінімді өзім білем, басымды ауыртпаңыз» деп шатынап, есікті тарс жапты. Тілге құрметті өзімізден бастамайынша, өзгенің өктемдігін тоқтата алмасымыз анық емес пе? Бұл жағдайдан соң кімге өкпелейміз?
Бұдан бөлек, базар маңындағы кәсіпкерлік нысандарға ілінген қырық қатесі бар жарнамаларды айтып тауыса алмаспыз. «Береке сауда орталығының» қарсы бетіндегі ғимарат та таңнан кешке дейін қазақша-орысша аралас дыбыстық жарнама қосады. 99 пайыз қазақ тұратын ауданда кім үшін, не үшін 2 тілде жарнама жасалуы керек?
Ең әуелі тілімізді үйретіп, сауат ашатын мектеп атауларына да баса мән берейік. Жеке мектептер бой көтеріп, білім сапына қосылып жатқанына қуаныштымыз, әрине. Бірақ кез-келген мектептің атауы қазақ тілінде аталып, маңдайшасында тек қазақ тілді жазу ілінсе, бұл да жас жеткіншекті патриоттыққа тәрбиелейтініне шүбәміз жоқ. Бала-бақшалардың атауында «яслиі» деген сөз бар, оны «БӨБЕКЖАЙЫ» деп жазсақ жараспай ма? Мұндай олқылықтар жетіп жатыр, тек оларды қазақшалауға ниет, жауапкершілік жоқ, оны тексеріп, қадағалап жатқан құзырлы орын жоқ.
Осы күнге дейін кейбір мекемелердің есіктерінің төбесінде «вход», «выход» деген жазулар әлі тұр, оған мән бермейміз. Міне осы сынды олқылықтарды көріп, жанымыз ашымайтын болса, ел болып еңсе тіктейміз деу бос әурешілік. Жазушы Ә.Тәжібаев «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» деп дөп басып айтқан емес пе? Олай болса өз жұмысымыздың жемісін – тіліміздің тұғыры көрсететінін ұмытпайық!
Кінәні біреуден көрмей, сылтау айтпай, өзгеруді, өзгертуді өзімізден, өз ауданымыздан бастайық. Қазақстан бойынша таза қазақ тілді тұңғыш аудан болайық!
Осы үндеуге үн қосып, қолдау білдіріңіздер қаны да, жаны да қазақ деп соғатын бауырлар!
Бекболат Әбутегі