Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЕТЕЛДІК КҮЙЕУ БАЛА

ШЕТЕЛДІК КҮЙЕУ БАЛА


Біздің қоғамда өзекті мәселелер күн өткен сайын жиілеп барады. Оның ішінде қаракөз қыздарымыздың шетелге тұрмысқа шығуы белең алып тұр. Бүгінгі бұрымдылардың бөтен елдің жігітеріне бұрылып қарауына не себеп? Алты алашты ауызына қарататын апталдай азаматтарымыз қайда қарап отыр? Қаны таза, қадірі биік қазақ қоғамындағы қылықты қыздарымыздың құны қашан да бөлек. Бірақ, сол биіктігімізді жоғалтып алмайықшы.
Қазақ халқы әлемдегі ең қаны таза текті халық. Бұған дәлел жеті атадан аспай қыз алмағандығы. Ұрпақ тәрбиесіне қатаң мән беретін халқымыз өзге ұлттан қыз алғанмен, өзгеге қыз бермеген. Бүгінде тектілігімізге сызат түсіп жүргендей. Себебі, қазақ қыздарының дені шет елге еліктеймін деп, шет елдік серілерге құмар болып жүр.Көршілес елдерді былай қойғанда, мұхит асып махаббатын жолықтырғандар көп қазір. Өз бақытын өзге ұлттан тауып бақытты болып жатқандары да қаншама. Бұлай жалғаса берсе ұсақталып кетпесімізге кім кепіл?!
Менің жақын танысым бар. Осыдан бес жыл бұрын жұмыс бабымен корей еліне кеткен. Бірақ сол кеткеннен елге қайтып оралмады. Себебі оның жалақысы біздің елге қарағанда әлдеқайда жоғары болатын. Ақшаның буы қызықтырып жіберген болуы керек. Сөйтіп жүргенде ол кәріс елінің жігітіне тұрмысқа шықты. Бүгінде олардың аралас некесінен бір қыздары бар. Алайда, кішкентай қыздары өмірге бір аяқсыз және сал болып келді.Осындай келеңсіздіктің кесірінен танысымды кәріс жігіті кішкентай бүлдіршінімен тастап кетті. Шетелге барамын деп шекара асқан қыздың өмірі осылай ойран болатынын кім білген. Бәлкім, ол өз елімізде қалып, қарапайым қазақтың жігітіне тұрмысқа шыққанда бақытты жандардың қатарынан болар ма еді? Осы мысалға қарап желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірім бойжеткендеріміз осы жайды ұғынса екен дейміз. Не десек те аралас неке абырой әпермейді. Нәзік жандылардың өзге ұлттың етегінен ұстағаны, жанымызға қатты батады. Жоғарыда атап өткендей, біз өз тектілігімізді жоғалтпауымыз керек. Жүрегіміз өз еліміз деп соғып, ақ жаулықты аналардың ізін жалғасақ бізден таза ұлт болмас еді. Өз отанымыздың шырағын жағып, түтінін түзу түтете алсақ өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, намысты ұл мен, нәзік қыздарды дұрыс тәрбиелер едік. Не болса да ұят болады, жаман болады, обал боладыдан алыстамайық. Ұлт дәстүрін ұлықтап, бабалар аманатының шырағын сөндірмейік.

Сымбат Сұлтан
10 наурыз 2021 ж. 811 0