Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨЗӘЙНЕК КИГЕН БАЛА НЕГЕ КӨП?

КӨЗӘЙНЕК КИГЕН БАЛА НЕГЕ КӨП?

Қазіргі таңда жан бағудың қамымен жанталасып жүрген біздің толқынның арасында өскелең ұрпақтың денсаулығын ойлап жүрген жан бар ма екен?! Бала – біздің болашағымыз дейміз. Ал сол балдырғанның саулығына аса мән беріп қарап жүрміз бе? Бүгінде балалар арасындағы көздің көру қабілетінің төмендеуі күрделі мәселенің бірі болып отыр. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, балалар арасында ең көп кездесетін дерт – анемия. Екінші орында – көз аурулары. 
Көз – адамның көру мүшесінің ең нәзік әрі өте күрделі, жанды жері. Тәндегі өзге сырқаттың да жанардың кемуіне жанама әсерлері көп. Әсіресе, сусамыр және жүйке аурулары. Сондай-ақ мектеп жасындағы балалар ішінде ішкі без аураларымен ауыратын балалардың саны жыл өткен сайын белең алуда. Бұл да өзекті мәселе. Тіпті тілі шықпаған балалардың өзі таң атқаннан кешке дейін теледидар, ұялы телефон қарайды. Бесіктен белі шықпай жатып, планшет, компьютер, ұялы телефонға әуес балалардың көз ауруы қаупі күшейетіндігін ешкім ескере қоймайды. Мұны да ата-ана елеусіз қалдырмаса екен. Осы тақырып аясында аудандағы біраз ата-анамен тілдесіп көрген едік, 100 пайызы бұның дұрыс емес екенін жеткізді. – Расымен, күйбең тіршіліктің әсерінен кейде балаларымызға уақыт таппаймыз. Бірақ, соңғы кездері баламның денсаулығына аса мән беріп қарайтын болдым. Кейде ойлап қарайсың, бұрынғының балалары қолы-аяққа тұрмайтын қағілез еді. Қазіргілердің қолына ұялы телефонды беріп қойсаң болды, өзімен-өзі алданып отырады. Тіпті, жылауын қойса екен деп біз де оған телефонды ұстатқызып қоямыз. Алайда, ол балаға психологиялық тұрғыдан қатты әсер етеді екен, – деді көпбалалы ана Әсем. Шынында, халық жасанды тамаққа жақын болып кетті. Дастарқанда дәмді ет тұрса да, кішкентай балалар ет жей бермейді. Ал сапасы күмәнді жасанды тамақтар табиғи астың құнарын ауыстыра алмайды. Одан қалды фаст-фуд, бургер, пицца бар. Білікті дәрігерлердің айтуынша, тамақтану дұрыс болмаған соң, ішек дұрыс жұмыс істемейді. Осыдан барып, әлжуаз балалар шыға келеді. Қазақстан офтальмологтарының мәліметінше, мектеп оқушыларының 70-80 пайызының көзі дұрыс көрмейді. Себебі неде? Балалар арасында миопия яғни, алыстан көрмеушілік жылдан-жылға артып отыр. Статистикаға қарағанда елде әрбір 5-ші бала алыстан көрмейді. Офтальмологтар мұның себебін көзге шектен тыс салмақ түсірумен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, балалардың көз жанарын сақтау үшін гаджеттерді қолдануды шектеу керек. Ал әлемде қалай? Өркениеті дамыған, техникаға мығым, жаһандағы жаңалықтың денін ойлап тауып жатқан Корея елінде де бүлдіршіндер көз ауруына шалдыға бастапты. Мұның барлығы сол техникадан келген зауал. Есесіне, бұл мәселені қалай шешу керек екенін білетін корей ағайын елінің ертеңі үшін басым техникадан арылтып, балаларды жаппай кітап оқуға көшіріп жатқан көрінеді. Біріншіден, кітап – тасқа басылған ұшан-теңіз білім болса, екіншіден көз жаттығады, көру қабілеті артады. Әрине, ғылыми есепке салып, бағамдайтын корейлер 6-7 жас аралығындағы балаларына небары 10 минут компьютермен айналысуға рұқсат береді. 8-9-дан асқандарының өзі тәулігіне 15 минут қана. Тіпті мектеп оқушылары да айталық, 8-9 сыныптағы жеткіншектер тәулігіне 20-25 минут қана айналысады. Ел болашағын ойлау деген осы болса керек.
Маман пікірі
Светлана Есболова, офтальмолог
Негізі 18 жасқа дейінгі балалар арасында нашар көрушілік көп. Тіпті жас бүлдіршіндерде көз ауруы өршіп тұр. Оның себебі балалар ұялы телефон, компьютер, теледидар алдында уақытының көп бөлігін өткізеді. Қараңғыда смартфонға үңіліп, жан-жағына қарамайды. Ал қараңғы уақытта смартфонға қарау зиян. Компьютер мен смартфондарды қолданған кезде арнайы ережені сақтау керек. Оны біздің балалар сақтамайды. Мәселен, компьютер алдында 1-2 сағаттан аса отыруға болмайды. Әр екі сағат сайын 15 минуттан көзді демалдырып, көз жаттығуын жасау қажет. Ал аудандағы жағдай бірқалыпты. Десе де күніне 3-4 баладан ем қабылдауға келеді. Көбінесе өңірде шала туылған балалардың көз түбіндегі қантамырларының жетіспеушігінен балдырғандар ем-домын өткізеді. Ол үшін біз де оларды ай сайын тексерістен өткіземіз. Сіздерге шағын кеңесім болсын: кез келген адам телефон, гаджет, компьютерді қолданған соң міндетті түрде 20 минуттай демалыс беруі керек. Мүмкіндік болса, таза ауаға шығып, 20 минуттай тыныққан дұрыс. Бұл – көз тамырларының босаңсуына мүмкіндік береді. Бұл маманның пікірі. Ал көзілдірікті сенімді серігіне айналдырған жандардың пікірі қандай? Осы тұрғыда адамдардан шағын сауалнама алып көрген едік.
Көзілдірікке қанша жасыңыздан бастап тәуелді бола бастадыңыз?
Айдос, 16-жас: Мен шамамен 10 жасымнан бастап көзілдірікке тәуелді бола бастадым. Ол кезде көзімнің көру деңгейі аз болды, бірақ уақыт өте келе көзімнің көруі ұлғая түсті.
Айтолқын, 20-жас: 10 сыныптан бері көзілдірік тақтым. Көзілдірік кей жағдайларда кедергі жасайды. Ондай кезде жанаспалы линза тағамын.
Көздің нашар көруіне генетикалық тұқым қуалаудың қатысы бар деп ойлайсыз ба?
Жандос, 17-жас: Көздің нашар көруіне тұқым қуалаудың қатысы бар деп айта алмаймын. Себебі менің ата-анамның да, бауырларымның да көздері 100 пайыз жақсы көреді.
Дархан-Жансая, ата-ана: Көздің көрмеуі тұқым қуалайды деп ойлаймыз. Себебі үйдегі барлығымыз көзілдірік тағамыз. Балаларымыз да көзілдірікке әбден үйренген.
Көзілдірік тағудың пайдасы немесе зиян бар ма?
Қымбат, 21-жас: Көзілдірікті дер кезінде тағу өз басыма мүлдем көмектеспеді. Көзімнің көруі төмендей түсті.
Сара, 24-жас:
Менің көзілдірік таққаныма 9 жылдай болып қалды. Осы уақыттан бері көзімнің көру деңгейі жоғарыламаса, азайған жоқ. Лазерлық ота туралы ойыңыз?
Гүлжайна, 40-жас: Менің қызымның жасы 14-те. Оған 4 жасында миопия деген диагноз қойылған. Дер кезінде ота жасаттық. Қазір нәтиже жақсы.
Данияр, 17-жас: Пайдасы тиді. Отаның арқасында линзалар мен көзілдірікті тақпайтын болдым. Иә, бұл біз сауалнама алған адамдардың жауабы.
Сондай-ақ бұл жөнінде білікті маман С.Есболовадан сұраған болатынбыз.
– Көзілдірік тағу аса қауіпті емес. Линзаға қарағанда көзілдірік тағу пайдалы. Себебі көзлдірік бірте-бірте көзді емдейді, бастысы ыңғайлы және де зияны жоқ. Лазерлық ота жасатсаңыз да, көзілдіріксіз 100 пайыз көре аласыз. Бірақ, күтінбейтін болсаңыз, ол ем-домның зая кеткені. Тақырыпқа тұздық Дәрігерлер көз ауруын асқындырудың салдары – су қараңғылыққа әкелетінін, оған әлемдік озық медицина қауқарсыз екенін ескертеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әр минут сайын 1 бала, 5 секунд сайын 1 ересек адам жанарын жоғалтады. Сонымен балалардың дені сау болуы алдымен анасына да байланысты. Сол себептен ана денсаулығын сақтау мәселесі бірінші орынға шығарылуы қажет. Балалар арасында өзгені былай қойғанда неврологиялық аурулармен ауыратын балалар да көбейіп келеді. Оның себебін мамандар алғашқы сатыдан деп есептейді. Яғни, ананың баланы дүниеге әкелуге дайындығының аздығынан. Иә, қалай айтқанда да көзге күтім керек. Олай болса, ертелі-кеш балаңызды алақандай смартфонға үңілдіргенше, бір мезгіл табиғат аясына шығып, өзімізді де, көзімізді де тынықтырған дұрыс болар. Ал егер ушыққан мәселенің уыты қайтпай, көзәйнек киген балалардың қатары күннен-күнге көбейсе, міне сонда ұлт болашағына айықпас кесел болары анық. Барлығын сараптайық, абай болайық! Айнұр ИБРАШ
06 қараша 2024 ж. 67 0