Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СМАРТФОН СОҚЫР ҚЫЛМАСЫН

СМАРТФОН СОҚЫР ҚЫЛМАСЫН

Балалар арасында көз ауруына шалдығу жиілеп келеді. Дүние есігін аша салып көзілдірікке тәуелді болатындар да көп. Шексіз дамып жатқан нанотехнологияны шектеусіз пайдалану, құнарсыз тамақтану сынды жастай көз жанарының сөнуіне соқтырады.
Әдетте ата-аналар балада кездесетін көз ауруына ұялы телефон мен оқулықты себеп етіп, салдарын ұзақ уақытқа дейін түсінбей жүреді. Алайда мамандар көз ауруына мұнан өзге де бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Мысалы, тұқым қуалаушылық, түрлі жарақат және соматикалық аурулардың салдарынан болатын көз аурулары да баланың көру қабілетін нашарлатады. Шынында да тұқымқуалаушылық факторы да көзге елеулі ықпал етеді. Ата-әжесіндегі немесе ата-анасындағы көз ауруы балаға да берілуі мүмкін.
Көз жанарын сақтау үшін компьютер экранынан 50-70 см арақашықтықты сақтап, жұмыс арасында көз жаттығуларын жасау қажет екенін көпшілік білгенмен, қаперге алмайтыны рас. Соның салдарынан көру қабілеті уақыт өткен сайын нашарлай түседі.
Көз ауруы көбеюін технологияның қарыштап дамығанынан көреміз. Бұрын көз ауруы деген бірең-саран болмаса, кездесе бермейтін. Тіпті көзілдірік киетіндерге «бұрылып қарайтын» едік. Мектепте көзәйнек киетін 1-2 бала болса «төрткөз» деп келеке етіп, оқшаулайтын.
Құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз сөзді кім естігісі келеді? Сол үшін ата-ананың нықтап ескерткен «теледидарға жақын отырма», «алакөлеңкеде сабақ оқыма», «кітапты жатып оқыма» сынды тыйымдарын барынша сақтайтын едік. Ал қазір әр сыныпта көзілдірік киетін кемі бір бала бар. Кейбірі тіпті мектепке бармай жатып көз жанары нашарлаған. Бесіктен белі шықпай көру қабілеті кемісе, қартайғанда қайтпек? Ойландыратыны осы.
Ата-әжелердің көз жанары мен жады неге мықты болды? Олар алысқа көз тігіп, малының жайын білген, киіз үйде шалқасынан жатып аспаннан жұлдыз санаған. Қолы қалт етсе кітап оқыған. Ең бастысы ол кезде смартфон, гаджет болмады. Тіпті теледидар да тапшы.
Жаһандану мен түрлі техникалардың күн өткен сайын дами түсуі – қолмен істелетін жұмыстың бәрін автоматтандыруға көшкенімен, денсаулыққа кері әсерін тигізетінін ­мойындаймыз. Бұдан адамдардың көзілдірікке тәуелділігі арта түспесе, кеми қоюы екіталай. Азаннан кешке дейін компьютерге қадалу, сағаттап теледидар алдында отыру, одан қалды телефонға үңілу айтарлықтай зиян. Бірақ оған еріксіз тәуелдіміз. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұялы телефонсыз күні жоқ. Қазір кішкентайыңыз жыласа кәмпит беріп жұбатасыз ба? Қайдағы?! Оған да телефон ұстатсаң болды. Мазаңды алмайды.

Қыли көз – қилы тағдыр
Әлемде 14 жасқа дейінгі 182,9 миллионнан астам көзі қыли бала бар. Соның ішінде Еуропада – 7,58 млн, ТМД елдерінде 4,97 млн бала қылилық дертінің азабын тартады. Ал кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, елімізде 100 мыңнан астам баланың көзі қыли. Шиеліде де қили көзді балалардың саны бұрынғыға қарағанда артып келеді. Аудандық емхананың 11 жылдық тәжірибесі бар офтальмолог дәрігері Светлана Есболова:
– Менің қабылдауыма келіп, ем алып жүрген 20-ға жуық қыли көзді бала бар. Одан бөлек емдеуге мән бермейтін не басқа дәрігерлерге қаралатын балалар да болуы мүмкін. Келушілердің біршамасына тиісті ем-дом жасалып, түзеліп кетеді. Өкінішке қарай мүлдем ем қонбайтын түрлері де бар. Қалай болғанда да бала бойынан қылилық белгісін байқаған бетте дәрігерге жүгіну қажет. Жалпы соңғы уақытта балалар арасында көз ауруы артқаны рас. Әсіресе көбінің көру қабілеті нашарлаған, – дейді.
Атақты психолог Луиза Хей көз ауруының себебін «егер ересек адамның көзі нашар көрсе, оның санасында бала күннен әлденені көруге деген қорқыныш қалыптасқан» деп түсіндіреді. Сондай-ақ психологияда адамның жиі қолданатын сөздері оның ішкі ағзасындағы аурудан хабар беретін көрінеді. Айталық, «көруге қорқынышты, көзге түрткісіз қараңғы» деген тіркесті көп қолданатын адамда көз ауру болуы ғажап емес дейді психолог мамандар. Осыдан қарап-ақ көз ауруының себебін жан-жақты қарастырған дұрыс тәрізді…
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде әлем бойынша шамамен 285 млн адам көру қабілетінің нашарлауынан зардап шегеді. Оның 39 миллионы – зағип, 246 млн адамның көру қабілеті өте төмен. Олардың 19 миллионнан астамы бала. Статистика көз ауруларына «көз жұмып» қарауға болмайтынын тағы бір естеріңізге салады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
15 наурыз 2022 ж. 460 0