Оқушылардың 70 пайызы көзілдірік киеді
Қазір өмірімізді смартфонсыз елестету мүмкін емес. Соңғы 7-8 жылда халық жаппай смартфон пайдалануға көшті. Заман ағымынан қалыспай, сапалы фото мен бейнеге түсіру мүмкіндігі бар, ғаламтор желісіне қосылатын телефондарды пайдаланбайтын адам кемде кем. Тіпті, кішкентай баланың өзі ұйқыдан тұра сала, емізік емес, сотка сұрайтын халге де жетті. Ал, осы смартфон – сананың ғана емес, денсаулықтың да жауы. Халықаралық агенттіктің ақпаратына сүйенсек, әлемде шамамен 285 млн. адам көру қабілетінің нашарлауынан зардап шегеді. Соның ішінде 13 млн. астамы балалар екен. Қазақстанда ресми дерек бойынша жыл сайын шамамен 1 млн. адам офтольмолог дәрігердің көмегіне жүгінеді. Қазір мектептерде орта және жоғарғы сынып оқушыларының 70 пайызы көзілдірік киеді. Көзілдіріксіз жүргендердің өзінде көру қабілеті төмендеген. Біздің ауданымызда да жыл сайын көз аурулары көбейіп барады. Әсіресе, көз ауруларының ішінде сығырлық (миопия), алыстан көрмеушілік көп кездеседі дейді «Көкшоқы» АЕ офтольмолог дәрігері Индира Шахмарданқызы.
– Бұрын көздің көруі нашарлау тек ген арқылы ғана берілетін. Қазір әулетінде көзілдірік кию кездеспеген адамдар да алыстан көрмеушілік байқалып жатады. Біз жылына бір рет мектептерде дәрігерлік тексеріс жүргіземіз. Сонда байқайтынымыз, 7-10 сынып оқушыларының көпшілігінің көздері нашар көреді. Оның себебі смартфонға тәуелділік. Оқушылардың көпшілігі смартфонның салдарынан көру мүмкіндігін әлсіретіп алған. Смартфонды тым жақыннан ұстап ұзақ қарау ақилықты қалыптастырады. Көз көруі нашарлап, миопияға ұшыратады. Әсіресе, түн қараңғылығында смартфон сәулесі көздің көру қабілетін төмендетеді. Қазір жоғарғы сыныпта оқитын ұл-қыздардың 50 пайызы кітапты смартфонға алмастырған. Жатар уақытында смартфонды құшақтап ұйықтайтынын жасыра алмаймыз. Ұялы телефонның экранынан көз алмау көзді жыпылықтатпау әсерінен көз жанары құрғай бастайды. Бұдан көз шаршап, қызарып ауырады. Міне, көз ауруларының көбеюінің себебі осында, – дейді дәрігер.
Смартфонға тәуелділіктің басты зардабы – адамның ойы шашыраңқы жүреді. Сонымен қатар, оқуға деген қабілетін төмендетеді. Білімге деген құштарлығының төмендеуіне сабақ уақытында ойының басқа нәрсеге бөлінуіне себеп екенін мұғалімдер де жиі айтады. Офтольмолог дәрігерлер 7-12 жас аралығындағы балаларға тексеру жүргізіп, смартфон жиі пайдалатанындардың көз жанары құрғап кете беретінін анықтаған. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, балалардың 6,6 пайызында «көз құрғау» синдромы байқалған. Осы дертке душар болғандардың барлығы күніне 3,5 сағат смартфон қарайды екен.
Біз – ақпараттық технологияның бұғауындағы қоғамбыз. Өміріміз пластик пен металдың бөлшегіне байланысты болып қалды. Ия, заман талабына сай смартфондарды пайдалану керек, бірақ белгілі бір мөлшерде ғана. Адам ұялы құралды пайдалану шегін біреудің күштеп шектеуіне дейін жеткізбеуі керек. Қорыта айтқанда, смартфонға тәуелділік, соқырлыққа жеткізбесін дегіміз келеді. Телефонға тәуелділікті азайтудың басты жолы баланың бос уақыты болмауы. Яғни, сабақ уақытынан тыс қосымша дәрістер мен тілді дамытатын курстар, қызығушылығына қарай баланы дамытатын орталықтарға, тіпті, спорттық секцияларға жазып, сонда алып бару арқылы бала болашағын жарқын етуге болатынын біреу білсе, біреу білмейтіні өкінішті.
Айнұр НАЗАРОВА.