Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨЗӘЙНЕК КИГЕН БАЛАЛАР

КӨЗӘЙНЕК КИГЕН БАЛАЛАР

Күнкөрістің қамымен жанталасып жүрген біздің толқынның арасында кейінгі ұрпақтың денсаулығын ойлап жүрген жан бар ма екен осы?! Бала біздің болашағымыз деп үлбіреген үмітін үкілеп, кекілін сипап, соңынан ерткен әр баланың бойында бір-бір сырқат бар. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, балалар арасында ең көп кез-десетін дерт – анемия. Екінші орынға көз аурулары тұрақтайды.
Атам екеуіміз мал көздей шыққанбыз. Жалғызтаудың етегіндегі Бөрікталдың бауырынан жалғыз қара көзге шалынды. Жанарың жетпес алысқа көз сала қараған атам:
– Түу, жарықтық, құлыны қарақұлақтанып қалыпты ғой, – деді.
Үш, әлде төрт шақырым қашықтықтағы таудай биенің өзі түймедей болып әзер көрініп тұрғанда, титімдей құлыншақты көзі қалай шалды екен деп аң-таңмын. Арада жанарды жасытып қаншама жылдар өтті. Бір кезде қиядағыны көзі шалатын қыран жанарлы қариялардың бүгінгі ұрпағы көздеріне көзәйнек кие бастады.
– Көз ауруларының түрлері де, себептері де сан алуан, – дейді дәрігерлер. Көз ауруы да тұқым қуалайды деген дәйек бар. Асылында, көзге қатер көп қой. Дегенмен сараптап қарасаңыз, тұқым қуалағаннан жолдан жабысатын сырқат әлдеқайда көп. Алдымен ата-аналар санитарлық талаптарды сақтаулары қажет. Үш жасқа дейінгі сәбилердің көздерін уқалауы қалыпты жайт. Егер тазалық дұрыс сақталмаса, әрқилы микробтарды жұқтыруы оп-оңай. Сондай-ақ бала бойына іштен туа жабысатын көз сырқаттары да бар. Оларға енді амал жоқ.
Көз – адамның ең бір нәзік, жанды жері. Бірақ бесіктен белі шықпай жатып компьютер, планшет, ұялы телефонға әуес балалардың көз ауруы қаупі күшейетіндігін ескере бермейді. Оның үстіне қимыл-қозғалысы аз балалардың семіздік ауруына да шалдығуы әбден мүмкін. Ақиқатын айтқанда, халық жасанды тамаққа жақын болып кетті. Кішкентай балалар ет жемейді, қаншалықты дәмді етіп пісірсе де. Ал сапасы күмәнді, жасанды тамақтар табиғи астың құнарын ауыстыра алмайды ғой. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, тамақтану дұрыс болмаған соң, ішек дұрыс жұмыс істемейді. Осыдан барып әлжуаз балалар пайда болады.
Әлжуаздық, жо-жоқ көз ауруы жалғыз қазақ баласының маңдайына жазылған бейнет емес екен. Өркениеті өрістеген, техникаға мығым, жаһан-дағы жаңалықтың денін ойлап тауып жатқан Корея елінде де бүлдіршіндер бесіктен белі шықпай жатып көз ауруына шалдыға бастаған. Компьютерден, сол тақылеттес техникадан келген зауал. Есесіне, ойы жүйрік, қиялы қияндағыны шалатын кәріс ағайын ендігі арада қырық жерден құдіретті, күшті болса да елінің ертеңін мұндай келешегі үшін кінәраты басым техникадан арылтып, жаппай кітап оқуға көшіріп жатқан көрінеді. Кітап оқудың да пайдасы көл-көсір. Біріншіден, тасқа басылған ұшан-теңіз білім, екіншіден, көз жаттығады, көру қабілеті артады. Әр нәрсені ғылыми есепке салып, бағамдайтын кәрістер 6-7 жас аралығындағы балаларына небары 10 минут компьютермен айналысуға рұқсат береді. 8-9-дан асқандарының өзі тәулігіне 15 минут қана. Тіпті, мектеп оқушылары да айталық, 8-9 сыныптағы жеткіншектер тәулігіне 20-25 минут қана айналыспақ. Ел ертеңін ойлау деген осы болса керек-ті. Елімізде ушыққан мәселенің уыты қайтпаса, көзәйнек киген балалардың қатары күннен-күнге көбейіп, ұлт болашағына айықпас кесел болып жабысуы да мүмкін.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
28 қыркүйек 2022 ж. 435 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930