КИБЕРҚЫЛМЫС ҚҰРЫҚТАЛМАЙ ТҰР
Қылмыс әлемінде бетперде кимей, қолына қару ұстамай, кісі өліміне бармай-ақ банктерді тонап, мекемелер қорындағы қаражаттарды қас пен көздің арасында қолды ететін қылмыскерлер саны артып барады. Қазақстан аумағындағы осы тектес алғашқы жасалынған киберқылмысты 2003 жылы орын алған. Компьютерлік желі арқылы 3 миллион 500 мың теңгені опоңай жымқырған К. деген азамат сот сараптамасынан соң жасаған қылмысы үшін 5 жылға сотталды. Ал қазіргі уақытта интернет алаяқтардың әккілігі сонша ішкі істер мамандары 10 қылмыскердің 7-ін анықтау мүмкін болмайтынын айтады. Себебі де түсінікті, интернет кеңістіктегі қызмет көрсету аясы кеңіген сайын бұл қылмыстың түрі де қарқын алып, айла-тәсілі де түрленіп келеді. ІІМ-нің мәліметінше, 2022 жылы телефон және интернет алаяқтары ел тұрғындарын 15 миллиардтан астам теңгеге шығынға батырып кеткен. Бүгінгі күні киберқылмыс бүкіл әлемдегі өзекті мәселелердің бірі. Жуырда Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жыл басынан бері интернет-алаяқтық қылмысының 199 дерегі тіркелгенін айтты. – Қазіргі уақытта интернет пен цифрлы технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты интернет-алаяқтық қылмыстары қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр және оның түрлері де күн сайын кең таралып келеді. Облыс көлемінде жыл басынан бері жедел іздестіру шаралары барысында 74 қылмыстық істің күдікті тұлғалары анықталып, сотқа жолданды. «IT-TERGEU» интернет-алаяқтықты ашу бойынша облыс орталығында «CyberPol» жедел тергеу тобы құрылған. Прокуратураның бастамасымен «IT TERGEU» жобасы барысында интернет-алаяқтық қылмыстарын ашуға септігін тигізетін 4 аппараттық-бағдарламалар алынды. Оның көмегімен жәбірленушілерге келтірілген 200 млн теңгеден астам залал бойынша 81 қылмыс дерегі ашылды. 57 хабар-ошарсыз жоғалғандар анықталып, 53 қылмыскер құрықталды, – дейді Серік Тоқтыбаев. Компьютерлік қылмыс туралы ұғым ең алғаш өткен ғасырдың 60-ншы жылдары алдымен америкалық, одан соң өзге де әлемдік басылымдарда пайда болды. 1983 жылы Париж қаласында Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшылары бас қосып, компьютерлік қылмысқа криминологиялық айқындама берді. Этикалық-тәртіптік қағидаттарға қайшы келетін іс-әрекеттер, сондай-ақ автоматтандырылған мәліметтерге қол сұғушылық сол кезден бастап қылмыстық санатқа жатқызылатын болып шешілді. Халықарылық мәртебелі ұйымның алаңдауы тектен-тек емес еді. Өйткені, интернетресурстардың шексіз де шетсіз мүмкіндіктері ең алдымен техникалық саладағы саналуан қылмысқа жаппай жол ашты. Қазақстанда компьютерлік қылмыстың қылмыстық жауапкершілігі туралы алғаш 1997 жылғы 16 шілдеде күшіне енген Қылмыстық кодексте қаралған. Одан соң 2014 жылы Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары Қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасын бекітті. Онда Ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Киберқауіпсіздік мақсатында бұдан бөлек, заңнамалық өзгерістер де орын алып жатыр. Бүгінде дербес деректерді қорғау саласында қоғамдық қатынастарды реттеу үшін «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң күшіне енген. Компьютерлік қылмыстың ең басты кәсіби ерекшелігі мен бар қиындығы – оның халықаралық байланыс желісі арқылы қашықтық талғамай, мемлекетаралық шекараларды «аттап» кететіндігінде болып тұр. Оның үстіне компьютерлік қылмыскерлер іс-әрекетке барарда, аты-жөні мен жұмыс орнын, компания атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін арнайы бағдарламалық жасақтамаларды қолданады. Әуелде компьютерлік қылмыс десе – кәрі де, жас та «ол – хакердің ісі»деп жауап береді. Өйткені, бұл бүгінде баршаға таныс атау. Қазір барлық киберқылмыстық әрекеттерді жасайтындар осылар.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ