Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖӘРМЕҢКЕ – КҮЗ СЫЙЫНЫҢ КУӘСІ

ЖӘРМЕҢКЕ – КҮЗ СЫЙЫНЫҢ КУӘСІ

Өткен сенбінің таңы аудан орталығындағы сапаржайда әдеттегідей күйбең тіршілікпен әрліберлі жүйткіген қоғамдық көліктердің қарасы көрінбеді. Өйткені мұнда аудан тұрғындары үшін молшылық мерекесі саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Азық-түлік тиеген 57 жүк көлігі сапаржай алдына тұрақтап, өнімдерін халық алдына жайды. Мұнда қой, тоқтыдан бастап ет, сүт өнімдері, бал, көкөніс, жеміс-жидек, қауын, қарбыз, қызанақ пен қияр, болгар бұрышы, картоп, пияз, сәбіз секілді бақша өнімдері табылады.

«Алтын күз – 2024» мерекесі аясында ұйымдастырылған дәстүрлі жәрмеңкеге ауылдық елді мекендерден барлығы 185,7 тонна түрлі өнімдерді пұлдауға келген. Қас қағым сәтте халық белгіленген орынға жиналып, қызу сауда басталып кетті. Иә, өнім бағалары күнделікті сауда орындарындағы бағамен салыстырғанда едәуір төмен, яғни тұрғындар үшін өте тиімді болды. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков зиялы қауым өкілдерімен бірге жәрмеңкенің барысын көріп, халықтың ой-пікірін білді. Тауар өндірушілермен сұхбаттасты. Біз де жәрмеңкені аралай келе, сатылып жатқан азық-түліктердің бағасын шолып шықтық. Расын да, бұл жердегі бағалар нарықтан әлдеқайда арзан екен. Мәселен, картоп пен сәбіздің келісі 150 теңге болса, пияздың бір қабы 2300 теңгеден сатылып жатыр. Алманы 250-350 теңгеден, жүзімдің 450 теңге, құрманы 500 теңгеге табуға болады. Бананның да келісі – 850 теңге, ал нарықта 1100 теңгеге дейін саудаланады. Қарғалының балығы 1000 теңгеден басталып, әрісі 1800 теңгеге дейін пұлдануда. Жәрмеңкеге өнімін әкеліп, аудан тұрғындарына ұсынушының бірі – Қыдыр Төлеуов. Ол 25 жылға жуық уақыт бал арасы шаруашылығымен айналысады. – Отбасымызбен ара шаруашылығымен айналысамыз. Қазір 50 жәшік бал арасы бар. Өнімдерімізді облыс бойынша сатылымға шығарып жүрміз. Түсінген адамға балдың пайдасы мол. Қазір көріп тұрғандарыңыз жантақтың және мияның балдары. Араларды Сырдарияның бойында баптаймыз. Ерекшелігі – аралардың тек табиғи шөптермен қоректенуінде. Сондықтан олардан алынған бал да дәруменге бай болады, – дейді кәсіпкер. Ол жәрмеңкеде балдың бір келісін 2000 теңгеден саудалап тұр. Жәрмеңкеге таңертең ерте келген жұрт арзан өнімдерді молынан алып қалуға асық. Әсіресе, қысқа қамданып, азық-түлік қорын жасауға жәрмеңке ыңғайлы әрі тиімді. – Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға, өнімдерін төмен бағада саудалаған шаруаларға көп рахмет. Әрине бұл жәрмеңкенің тиімділігі бағасының қалта көтеретіндігінде ғой. Жәрмеңке өтеді дегенді естіп, таң атысымен шайымды ішпей, осында жол тарттым. Сөйтсем менен де ерте келгендер бар екен, иә бұдан бағаның төмен екенін бірден түсіндім. Бірінші ретте Бестам ауылының картобын сатып алдым, өйткені Бестамның картобы қандай дәмді болатынын жақсы білеміз. Сондай-ақ қызанақ, болгар бұрышы секілді көкөністерден де алдым, өзіміздің өңір өнімдерінен банка басқан дұрыс деп ойлаймын. Жалпы кентте осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса, біз секілді аудан тұрғындарының риза болары сөзсіз, – дейді ауыл тұрғыны Айсұлу Наржанқызы.
Гүлхан ЯХИЯ

22 қазан 2024 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№84 (9248)

22 қазан 2024 ж.

№83 (9247)

18 қазан 2024 ж.

№82 (9246)

15 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031