АҚТОҒАНДЫҚ АТБЕГІ
Қазақ – жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбірі естілсе болды, бірден елең ете қалатыны да содан. «Жақсы аттың артынан құнан ереді, Жақсы жігіттің артынан ұлан ереді», «Жақсы айғыр үйірін бөріге алдырмас, батыр жігіт ауылын ұрыға алдырмас» деген нақыл осыған дәлел. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны болып саналады.
Қазақтың рухы ат үстінде. «Жылқы мінезді халықпыз» дейтіні де содан. Осы себепті де қазақтың атқа деген құрметі ерекше. Қазақ жылқының бабын жасап, оны жүйріктер қатарына қосуға әуелден машықтанған. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» жазбай танып, оны жаратып, аламан бәйгеге қосу – бізде ықылым заманнан кележатқан өнер. Бұл тұста тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлайтын атбегілердің еңбегі ұшан-теңіз. Расында, шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктерді кәнігі атбегілер жаратады. Тәжірибелі жаттықтырушылар қамшы салдырмас тұлпарды үйір ішінен жазбай танып, оның бабын жасайды. Міне, сондай атбегілердің бірі – Ерғали Жетпісов. Ол – Ақтоған ауылының тумасы. Сенбі күні Жақаевшылар қозғалысының 60 жылдық мерейтойына және ата басылым «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай ұйымластырылған «Аламан» бәйгеде Ерғалидің «Лашын» атты сәйгүлігі жеңімпаз атанды. Оның шабандозы – Абзал Тұрғанбек есімді бала. Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов шабандозды жеңісімен құттықтап, 3 млн теңгенің сертификатын табыстады. Біз де ат баптаудың қыр-сырын білмекке сәйгүліктің иесін сөзге тарттық. Қай жерде аламан болса, сол жерден табылатын Ерғали Жетпісов 3 сыныпта оқып жүріп атқа шапқан. Бүінде оның «Қарлығаш», «Лашын», «Айналайын» аттары жарыста үнемі жүлдегер қатарынан көрініп келеді. – Әрине, еш нәрсе оңай келмейді. Аттың бабын келтіру – әсіресе ең қиын дүние. Қазір бәйгеге қосып жүрген он шақты атым бар. Оларды арнайы бапкер дайындайды. Аллаға шүкір, тұлпарларым ұятқа қалдырған емес. Шабандоз жігіттерде үнемі бабында жүреді, – дейді атбегі. «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» дегенді айтқан Ерғали тұлпарды таңдап, оның бабын жасаудың қыр-сырын айтып берді. – Әр атбегінің ат баптауы әртүрлі. Бірақ жылқының бабын келтірсең, додада топ жарып шығады. Ол үшін сәйгүліктің бап-күтімі бөлек болуы тиіс. Жас спортшыны олимпиадаға қалай дайындаса, тұлпарға да дәл сондай бап керек. Мәселен бәйгеге қосатын аттардың бір айлық күтіміне 500-600 мың теңге шамасында қаржы кетеді. Оның ішіне дәрумендер, арнайы уколдар кіреді, – деді ендігі сөзінде ат баптаушы. Атбегінің бәйгеге қосқан сәйгүлігі қанжығасын бос қайтарған емес. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін ауылдастары да атбегінің жасаған еңбегіне әрдайым тілекші болып отырады. Ерғалидің сәйгүлігі өткен аптада ғана Қазалы ауданында «Алтын күз» мерекесі аясында өткен ат спорты бойынша Құнан бәйгеден топ жарып келді. Бұған дейін қыркүйек айында Мемлекет басшысының бастамасымен өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Сыр спортының жылнамасын жаңартуға үлес қосқан еді. Атбегінің тұлпарлары ағылшындық тұқым. Ресейден, Германиядан арнайы алдырыпты. Оларды баптау да оңай емес. Әрдайым сәйгүліктердің бабы мен бағы қатар шабатын ат бапкеріне «Баптаған жүйріктеріңіз мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін» дейміз.
Гүлхан ЯХИЯ