Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОҚШЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

ТОҚШЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Сұрапыл соғыс кезінде майдан даласында ғана емес, тылдағы өмір де қиындыққа толы болғаны анық. Сондай қиямет уақыттарды жеңе біліп, өмірін адал еңбекпен өрген жанның бірі – Тоқшылық Әлжаппаров.


ҚИЫНДЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Ол 1916 жылы бұрынғы № 2 4 «Шолақарық» ауылдық советі, қазіргі Қалжан ахун ауылында дүниеге келген. 1923-1924 жылдары шамасында Қалжан ахун медресесінде оқып, кейін «Ақ жол» мектебін тәмамдаған. Сөйтіп, 1939 жылы «Ақмешіт» қаласындағы жүргізушілер даярлайтын мектептің толық курсын аяқтап шығады. Одан әрі жас маман болып жұмыс істеуіне соғыс кедергі болды. Себебі 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанды. Сол кезде адам айтса нанғысыз қиындықтарды бастан өткерді.1945 жылы жараланып, госпитальда емделді. Бірақ сол арқылы шыңдалды, шынықты, өмірді өз мәнінде түсіне білетіндей дәрежеге жетті. 1946 жылы Польшаны қалпына келтіруге атсалысып, нақ сол жылы жаз мезгілінде елге оралады. Майдан даласында жүргенде өзінің жүректілігімен көзге түседі. «Ер жігіт елі үшін туады» деген бар. Қазақ даласынан аттанған азаматтың майданда көрсеткен ерен ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Ол За отвагу», «Ушакова», «За боевые услуги», «Нахимова» сынды бірнеше медальді кеудесіне тақты.
Соғыстан келгеннен кейін туған жерінде көп тұрақтамай, қызмет бабымен Шиеліге қарасты Тартоғай елді мекеніне жүргізуші болып еңбек жолын бастайды. Араға жыл салып, Күлбибі анамызбен отау құрып, 6 ұл мен 3 қыз өсіріп, бақытқа кенелді. 1947 жылы Тартоғайдағы отын базасының бірінші фермасының бөлімшесіне жүргізуші болып ауысады. 1948 жылы Қаракөл қой совхозына орын ауыстырып, сол жерде 1966 жылға дейін қажырлы қызмет етеді. Кейіпкеріміз үшін бұл жылдар – өсу, өрлеу жолдары болды.
СЕНІМ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН
Адам баласын бір-бірінен ел үшін еткен еңбегі ғана ерекшелеп тұратыны рас. Қымғуыт тірлікке толы заманда жеке бастың қамын емес, халықтың барын еселеуге қызмет етер тұлғалар бар. Оларды адамдық пен адалдық шегарасында тұғырын нық, туын тік көтерген азаматтардың қатарына жатқызуға болады. Солардың бірі таяқ тастасаң, тал болатын құтты мекенде өнімді әрі еселі еңбек еткен Тоқшылық Әлжаппаров десек, қате айтқандығымыз емес.
Ел басына күн туған кезеңде ерлікпен еселі еңбек етіп, қара жұмысқа жегіліп, ұрпақтары үшін маңдай терін сарп еткен кейіпкеріміз 1966 жылы 23 мамырда туған жеріне қайта ат басын бұрады. Сөйтіп ол жерге күрішші болып жұмысқа орналасады. Сол жылдан бастап 1976 жылға дейін ерен еңбек етіп, сенім жүгін арқалаған жан түрлі марапатқа ие болады. Атап айтсақ, 1975 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы», 1976 жылы «За трудовую доблесть» және «За трудовое отличие» төсбелгілерімен, 1977 жылы «Жеңістің 30 жылдығы», 1979 жылы «Кеңестер Одағы Қарулы күштерінің 60 жылдық» төсбелгісімен марапатталған. 1976 жылы құрметті зейнеткерлік демалысына шығып, 1983 жылы 67 жасында мәңгілік мекеніне аттанады.
АСЫЛ ҚАСИЕТТЕРІ БІР ТӨБЕ
Бір мақалада Тоқшылықтың тал бойындағы ұрпағы өнеге тұтар барлық қасиетін сипаттап шығу қиын. Бірақ ол біз айтпасақта мұқым елге мәлім. Ол адамға жақсылық жасаудан, көмектесуден, талмайтын азамат еді. Оның ерекше бір қасиеті – көп сөзділік пен асығыстықты жаны сүймейтіндігі, біреумен алыс, біреумен жақын болу, біреуді жақсы көру, біреуді жек көру дегенді білмейтін байсалдылығы, қызметте әділ болғандығы.
Адам өмірінің қадір-қасиеті азамат үшін бастан кешкен жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымдылығымен және құндылығымен бағаланады.
Қалжан ахун топырағынан жаралып, өзіндік дәрежелерге қол жеткізген Тоқшылық Әлжаппаровтың бұл өмірде маңдайы жарқырап, айналасына нұрын төгуі, оның өнеге алатын белгілі тұлғалармен жолдас болғандығында жатыр. Адам баласы өмірге келгенде жаман боламын деп тумайды. Ол арман оңайлықпен жеткізбейді. Оған қажымас қайрат, мұқалмас жігер, терең түсінік, ерен еңбекқорлық қажет. Солардың бәрін бойына жинаған жан ғана көптің құрметтісі, елдің аяулысы бола алады. Ал Тоқшылық Әлжаппаровтың бойынан осы қасиеттің бәрі де табылған-ды.
АБЫРОЙ – АДАМДЫҚТЫҢ ТАҒЫ
Осы бір сөзді өмірлік кредосына айналдырып, ғұмыр бойы соны ғана ұстанып өткен Тоқшылық ағамыз ешқашан өзге біреудің ала жібін аттаған жоқ. Қарапайым еңбек адамы өз жұмысын шыңына шығарып атқарған жан. Ащы болса да турасын айтып, істі әділ шешуден таймаған. Оның бойындағы тәнті болатын тағы бір қасиет – бар қабілет-қарымын, білімі мен өмірден жинақтаған тәжірибесін, қоғам тағдыры үшін жұмсаудан еш аянбады, ізденісі мен іскерлігінен ешқашан да айнып көрген емес. «Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады» деген қытай нақылы кейіпкеріміздің іс-әрекетіне толық сәйкес келеді. Бұл сөзге нақты дәлел де жоқ емес. Қайбір жылдары Тортағай қызмет етіп жүргенде, ол маңда жүргіншілерге бағыт-бағдар беретін бірде бір белгілер болмаған. Осының бәрін аңғарып, ескерген ол жүргіншілер адаспасын деп, әр жолға арнайы белгілер орнатқан. Белгі ССР кезінде геологтар картасына да енгізілген. Сонау 1958 жылы қойылған белгілерді артында қалған ұрпағы жаңартып, қайта орнатқан.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тамаша тәмсіл бар. Лайым да, солай болғай! Асқар таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні тәрізді жылдар өтсе де, Тоқшылық Әлжаппаровтың жарқын бейнесі оны білетін адамдардың жадында ұмытылмастай ұзақ сақталады деген ойдамыз.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
23 қыркүйек 2024 ж. 95 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930