ЖЫЛУ МАУСЫМЫ: ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?
Қыстың тымық күндері мыңдаған пештен шұбалған түтін Шиелі көшелеріне селдір перде сынды керілетін... Тынысыңды тарылтып, қадамыңды байлайтын түтін. «Киелі мекенге «көгілдір отын» қажет-ақ» дейсің жас толы көзіңді бір сығып... Иә, 2014 жылы көптен күткен газ қасиетті өлкеге тұмсық тіреді. Қазір аудан бойынша 11 033 үй газ қызығын көріп отыр.
Жылу беру маусымы басталуға жақын. Ауданда көмір қоры жеткілікті ме? Халық қатты отыннан қағылып қалмай ма? Мәселенің мәнжайын білу мақсатында аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарымен сөйлесіп қайттық. Бөлім басшысы Ғабит Аманжоловтың айтуынша, жылу маусымының жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Жылу беру маусымына аудан бойынша 133 әлеуметтік нысан даярлануда. Оның 59-ы білім, 32-сі мәдениет және спорт, 40 мекеме денсаулық саласына тиесілі. Бұл сала нысандарының 87- сі қатты отынмен, 24-і «көгілдір отынмен», қалған 20-сы сұйық отынмен жылытылады. Барлық әлеуметтік нысандарға әзірлік паспорты тексеріліп берілуде. Тағы айта кететін жайт, аудан бойынша 26,4 мың тонна қатты отын қажет. Оның ішінде әлеуметтік салаға 10,4 мың тонна қажет болса, тұрғындарға керек қатты отынның мөлшері 16 000 тоннаны құрайды.
– Қазір өткен жылдан 8,6 мың тонна тұрғындар үшін көмір бар. Әлеуметтік нысандарға қажетті қатты отын «Нұрмановпен» жеткізіледі. Күні бүгінге дейін 800,0 тонна көмір жеткізілген. Жалпы аудан бойынша көмір түсіретін теміржол тұйығы төртеу. Тиісінше, оның барлығында таразы орнатылған. ТОО «BEST» мекемесінің темір жол тұйығында қазіргі таңда 5000 тонна «Шұбаркөл» көмірі қалды. Қазіргі таңда қатты отынның тоннасы ТОО «BEST» және ЖК «Нұрмановта» 20000 теңгеден таразы арқылы сатылуда. Сондықтан осы тұста тұрғындарға қыстың қамын ертерек ойлап, көмір алып қоюға кеңес беремін, – дейді Ғ.Аманжолов.
Дер кезінде айтылған кеңес. Себебі кенеттен күн суытып, от жағатын сәт келгенде қара отын сататын орындарда бірнеше күн бойы кептеліс орнайды. Сондықтан жылу маусымына жауапты мамандар аудан халқы қажетті көмірін ертерек қамдаса екен дейді.
Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарда «көгілдір отынның» қажеттілігі күн санап артуда. Әсіресе көмір бағасының жыл сайын шарықтауы ауылдағы ағайынға ауырлық туғызып жатқаны анық. Қазіргі кезде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып, соған сәйкес қажетті қаржы сомасы да қарастырылып жатыр. Шиелі ауданына қарасты ауылдардың ішінде алғашқы болып «көгілдір отынның» игілігін 2018 жылы Ы.Жақаев ауылының тұрғындары көрген болатын. Одан соң бұл жұмыстар Бидайкөл, Байсын, Керделі, Нартай, Ақмая, Алғабас, Ш.Қодаманов ауылдарында жалғасын тапты. Биыл бұл тізімге Еңбекші, Жиделіарық, Алмалы, Бестам, Досбол датқа, Ә.Тәжібаев ауылдары да қосылды. Осылайша, аудан халқының 80 проценті газға қосылып, күл шығарып, от жағудың машақатынан арылды.
КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРГЕ ҚАРЫЗ КӨП
Шиелілік тұрғындардың коммуналдық қызметтерге берешегі азаймай тұр. Қазіргі таңда электр энергияға берешек қарыз 100,7 млн теңгені құрайды. Оның ішінде жеке тұрғындардың қарызы 53 млн теңге, ал заңды тұлғалардың 47,7 млн теңге берешегі бар.
Игілігіне коммуналдық қызмет түрлерін пайдаланып, кейін төлеміне келгенде салғырттық танытатын тұрғындардың басым бөлігі – «көгілдір отынға» қарыз. Былтыр ғана «газ келді, жаз келді» деп бөркін аспанға лақтырған ағайын бүгінде сол жаққан газының төлемін өтеуге келгенде түрлі сылтау айтып, кейінге қалдырады. Бүгінгі таңда газ бойынша жеке тұрғындар 17,4 млн теңге қарыз болса, заңды тұлғалар 4,9 млн теңгеге берешек. Қуантарлығы, ауызсу бойынша қарыз жоқ екен.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамдағы көрінбейтін мәселенің бірі – қарыз. Коммуналдық қарызды төлеуге кейбірінің шынымен жағдайы болмаса, енді бірі бар бола тұра, сараңдық танытады.
Сұлушаш МАДИЯРОВА