Әдебиет – өмірді үйрететін оқулық!
Көркем әдебиеттің бізге үйретері көп. Әдебиет оқушысына үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адамгершілік пен ар-ұят сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Әдебиет – адамтану ғылымы десем артық айтқандық емес.
Өйткені әдебиет адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ар-ұят сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Мен кішкентай күнімнен кітап оқуға құмар боп өстім. Ең алғашқы оқыған кітабым – халық ертегілері. Ондағы Қаңбақ шал, Аяз би, Керқұла атты Кендебай атты кейіпкерлер мені қиял әлеміне жетелейтін. Халық ертегілерінен басқа мен оқыған кітаптардың қатарында ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің шығармалары мен Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек», Марк Твеннің «Том Сойері» бар. Аталған шығармаларды оқу маған ешқандай қиындық тудырған жоқ. Олай болса кітаптарды оқу барысында алған әсерлер мен ойға түйген тұжырымдарыммен бөлісуді жөн көрдім.
Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында ұлттық мектептің қалыптасуына зор үлес қосқан тұлға. Ол қазақ балаларын оқу, өнер, ғылым мен білімге шақырды. Бұл сөзімізге ағартушының «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңі дәлел бола алады.
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып, жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
...Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай.
Бұл өлеңде Ыбырай атамыз оқыған адамның білімі мен ақылдылығының арқасында«тастан сарай салғызып, айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғыза алатынын», барлық нәрсеге қол жеткізе алатын айтқысы келеді. Ыбырай атамыздың сол кездегі арман-мұраты орындалып, бүгінгі күні бәріне қол жеткіздік деп ойлаймын.
Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінде ауыл баласы Құрмаш қасқырдың күшігін асырап, ерекше қамқорлықпен өсіреді. Үлкендердің дала тағысы адамға үйренбейтінін қанша ескертсе де, бала жүрек Көксерегін жамандыққа қимайды. Құрмаш өзінің қас жауы қасқырды аяғаны үшін де құрбан болғанын, балаға тән сенгіштік, аадалдық пен аңғалдықтың Құрмашты құрбан еткенін оқып көзге жас, көңілге өкініш ұялайды. Ал «Менің атым Қожа» шығармасында керісінше Қожа атты кейіпкердің басынан өткен қызықты оқиғаларын оқып күлкіге қарық боласың. Бұл шығармада Қожаның балалық махаббаты, Жанарды әрдайым көргісі келіп тұратыны, сыныптас достарының «Қара Қожа», «Қара көже» деп келемеждеуі, сабақты тастап кеткен өзінен бір-екі жас үлкен Сұлтанмен еріп кетуі керемет суреттелген. Оқып отырып Қожа тұратын ауылға барғың кеп, шығармадағы кейіпкерлермен бірге жүргің кеп кетеді. Қожа қанша бұзықтық жасаса да адам болуға тырысады, анасын көп ойлайды. Қожа – балалық ойынымен неше түрлі бұзақылық жасап, сонысынан опық жеп, бірақ сондада бойындағы ерекше қасиетімен, табандылығымен әр адамның балалық шағын есіне түсіретін сүйкімді кейіпкер.
Қаламынан ұрпаққа рухани азық болар керемет туындылар қалдырған Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» шығармасы оқушысын табандылыққа үйретеді. Шығармадағы бас кейіпкер Мұрат ауылдық мектептің 5 сынып оқушысы. Ол өте нәзік, жиі ауыратын бала. Сондықтан анасы Мұратты көп ойнауға, дене шынықтыру мен спортпен айналысуға рұқсат бермейді. Ол боксқа қатты қызығады. Боксқа дайындайтын мұғалімге өтінішін білдіргенде, мұғалім де оны қабылдамайды. Намысқа булыққан Мұрат өзі бетімен дайындалады. Мұрат бірден боксшы бола салмайды. Алдынан талай қиындықтар мен кедергілер кездессе де алдына қойған мақсатынан бас тартпайды. Ол жігерлі талабының, еңбексүйгіштігінің арқасында он алты жасында бокстан әлем чемпионы атанады. Мұраттың бойындағы табандылық, шыдамдылық, алдына қойған мақсатына жету бәрімізге үлгі боларлық жағдай.
Қазақ әдебиетіндегі Қожа секілді кейіпкерлер әлем әдебиетінде де бар. Жүрген жері шытырман оқиғаға толы кейіпкердің бірі – Том Сойер. Оның анасы жоқ, апайы Поллидің қолында өседі. Том бұзықтық жасаған сайын апайының көзіне жас алғанын қаламайтын, апайын қатты сыйлайды. Полли апайы да оның бұзықтықтары үшін жазалағанымен, оның жүрегінде бір мейірім барын іштей сезетін, оған сенетін. Том мен Қожаның ұқсастығы да осында. Екеуі де бұзықтық жасағанымен, жақын адамдарын ренжітіп алғанына өкінеді. Шығарманы оқығаннан кейінгі түйгенім, Том өзіндік қызығушылығының, қайсарлығының арқасында, ол көптеген оқиғаларды бастан кешіп, тіпті кісі өліміне де куә болады. Осы арқылы жазықсыз айыпталушыны жазадан аман алып қалады.
Әдебиет – өмір сүруді үйрететін оқулық. Неге десеңіз, көркем әдебиетті оқып отырып кейіпкердің бейнесі көз алдыңа келіп, олардың бастан кешкен шытырман оқиғалары қиял әлеміне жетелейді. Бірде рахаттанып күлсең, бірде жаның жабырқап жылайсың. Бірі көңілді, тапқыр, жағдайяттан тез шығуға үйретсе, бірі мақсатқа жету жолында шыдамды болуға үйретеді. Ақылыңа ақыл, ойыңа ой қосады. Кейіпкерлер арқылы мінезіңді түзеуге тырысасың.
Қазақ халқында «жақсы кітап ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деген нақыл сөз бар. Олай болса аталы сөзден алшақтамай, әлеуметтік желінің жетегіне ермей рухани көкжиегімізді кеңейтетін, өмірге деген көзқарасымызды, мінезімізді түзетіп, адам болуға тәрбиелейтін кітаптарды көп оқиық жас достар!
№155 Д.Шыныбеков атындағы орта мектебі КММ-нің 6-сынып оқушысы Камал Сымбат
Жетекшісі: Әбдраманова Балдырған