ӘЛЕМДІК ДАМУДЫҢ АЙНАСЫ
ХХІ ғасыр – жаңа технологияның, ғылымбілімнің ғасыры. Мұны мойындамасқа шара жоқ. Әрбір әрекет, әрбір жұмыс бір ғана батырманы басу арқылы іске асатын заманға да жақындап келе жатырмыз. Бір ғана мысал, қазіргі таңда жер шарында 4 миллиардтан астам адам ұялы телефон қолданады.
Бүкіл әлем күн сайын, тіпті сағат, минут сайын жаңалық ашып, дамып жатқан мына заманда көштен қалмау үшін ешбір мемлекет қаржысын да, ресурстарын да аяп қалып жатқан жоқ. Осындай дамушы елдердің қатарында Қазақстан да бар. Елімізде қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты — қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру болып табылады. Еліміз тәуелсіздік алып, кенже қалған салаларды дамытуды қолға алған кезде жоғары технологиялар да назардан тыс қалмаған болатын. Жалпы, сандық технологиялардың біздің қоғамға берер артықшылықтары әрі бұл саланы дамытудың бізге берер пайдасы қандай?
Біріншіден, сандық технологияларды үкімет органдарының қызметіне енгізсек, өздеріне де тиімді және олардың қызмет көрсету деңгейі жоғарылайтыны сөзсіз. Екіншіден, қарапайым тұрғындар сандық технологияларды мейлінше меңгерсе, қажетті ақпаратқа қол жеткізу, үкіметпен байланыс орнату жағдайында елеулі ілгерілеушіліктер орын алады деп күтілуде. Үшіншіден, ақпараттық алмасу мен сақтауда алға басарымызға күмән жоқ. Қарапайым ғана мысал, сымсыз телефондар, желілік телеарналар — осындай іс-әрекеттердің жемісі. Бұл бағдарламаның негізгі бағыты, біріншіден, ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыты — экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Сондай-ақ, ІТ мамандарды даярлау. Түптеп келгенде «Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана ІТ саласын ғана емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ