ЖЕМІС ПАТШАСЫН ЖЕРСІНДІРГЕН МЕРУЕРТ
Шыбық шаншысаң, шынар шығатындай Шиелінің жері шұрайлы-ақ. Оған есігінің алдында анар жемісін өсірген Меруерт Тайшықова дәлел. Үш жыл баптаған көшеті биыл самсап жеміс салғанына дән риза кейіпкерімізбен тілдескендегі түйгеніміз біреу. Жомарт жердің бабын білсең, байлықтың көзін табасың. Бастысы, қажырқайратың мен күш-жігеріңді салып, ықыласпен іс жасау керек екен.
Анардың отаны – Парсы елі деп саналады. Тіпті Иран, Ауғанстан, Қырым, Югославия, Италия, Испания, Португалия, Франция, Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия мемлекеттерінде анар өсіру өндіріске қойылған. Ал Оңтүстік Қазақстанда анардың қызғылт Гюлоща, Бала-мюрсаль, Қызыл анар т.б. сұрыптары өсіріледі екен. Енді міне шиеліліктер де өз жерінде өскен шырынды жемістің дәмін татып көрмекші.
– Жолдасым Жалғас әпкесінің үйінде өсіп тұрған анар жемісінің көшетін көріп қызығады. Алдымен сынап көрмекке 3 көшетін сұрап алып келген болатын. Сол көшетті 3 жыл баптап өсірдім. Биыл алғаш рет жеміс салды. Анар ағашының биіктігі 5-6 м. Бұтақтары тікенекті болып келеді. Жапырағы жылтыр, гүлі түтікшелі келген сары-қызыл түсті. Жемісінің пішіні домалақ, қабығы қатты, түсі сары түстен қызғылтқа дейін құбылмалы болады, - дейді кейіпкеріміз.
Меруерт Асанқызы 7 баланың анасы. Алтыннан алқа таққан кейіпкеріміз есік алдында түрлі жеміс ағаштарына күтім жасайды. Оның тәтті алмаларын іздеп келіп сатып алушылар да бар. Ал анар ағашының күтімі бөлек. Оны күзде қырқып, орап, топыраққа көмсе, көктемде қайта ашып, дәрумендерін береді. Баласын мәпелегендей бағына барын салып қарайтын Меруерт алға түрлі мақсат қойып отыр. Ең бастысы «еңбегім жемісті болса, жүйелі жұмысқа кірісемін» дейді.
Тақырыпқа тұздық болсын, осыдан 5-6 жыл бұрын теріскей бетте тұрған екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, марқұм В.Кривенконың ауласында кәдуілгі анар ағашы өскен. Сол кездегі аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев та Шиеліде жерсінген анар ағашын көріп, таңғалысын жасыра алмаған еді.
Қолда бар дерек бойынша, соғыс ардагері Василий қарт бұл жеміс ағашының көшетін арнайы Өзбекстанның Ташкент қаласынан алдыртып, еккен көрінеді. Көзі тірісінде өзі күтіп, баптап, өсірген мәуелі ағашында қанша дана анар жемісі бар екенін де санап тұрып айтып беретін болған. Біздің жерде субтропиктік климатқа тән жеміс өседі дегенге сенбейтін боларсыз. Бірақ қазақта «Қалауын тапса қар жанады» деген мақал бар. Адам баласы бір нәрсеге бар ынтасымен берілсе, одан міндетті түрде нәтиже шығатыны анық. Сол сияқты Қиыр Шығыс халқы «жемістердің патшасы» атап кеткен анарды шағын шаруалар тәрк етпей, жайнатса игі. Жалпы бұған дейін, Шиеліде шабдалы жемісінің жақсы өсетінін білетінбіз. Ал енді анар ағашын да ерінбей егіп, күтіп баптау қолдан келетін дүние. Тек ынта мен ниет керек. Себебі қасиетті Жер-Ана – біздің ризығымыз. Оны қадірлей білсек, ол да бізге мейірімін төгеді.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ