Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында әлеуметтік желі арқылы 8 адамды бопсалаған күдікті сотталды

Қызылорда облысында әлеуметтік желі арқылы 8 адамды бопсалаған күдікті сотталды

Қызылорда облысында әлеуметтік желіде абыройына нұқсан келтіремін деп 8 адамды бопсалап, ақша алған күдікті сотталды. Бұл туралы Қызылорда облыстық сот хабарлады.

Соттың мәліметінше, Жаңақорған аудандық сотында “бірнеше рет жасалған қорқытып алушылық” бабымен сотталушы Т-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

“Сотталушы Т. 2022 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы абыройына нұқсан келетін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, барлығы 8 жәбірленушіден, бірнеше рет бөтеннің мүлкін қорқытып талап етіп, қорқытып алушылық жолымен барлығы 1 950 000 теңге алып, жеке бас пайдасына жаратқан”, – делінген сот хабарламасында.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлердің жауаптарымен, айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбамен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген. Сотталушы да өз кінәсін толық мойындады.

Жәбірленушілерге келтірілген шығынның 1 650 000 теңгесі ішінара қайтарылған.

“Жаңақорған аудандық сотының үкімімен сотталушы Т кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту белгіленді”, – делінген сот үкімінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.
14 қыркүйек 2024 ж. 113 0