Астаналық тұрғыннан 38 млн теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды
Фото: polisia.kz
Астаналық полицейлер бірнеше жыл бойы тұрғынды қорқытып, 38 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген бопсалаушыларды ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 31 және 46 жастағы екі ер адам бірнеше жыл бойы астаналықтан ақшаны қорқытып алып отырған. Олар ер адамды психологиялық қысым көрсету арқылы, интимдік сипаттағы фотосуреттер мен бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытып, 2019 жылдан бастап бопсалап келген. Бірнеше жыл ішінде астаналық азамат бопсалаушыларға 38 млн теңгеге жуық ақша берген. Күдіктілердің бірінің талабын орындау үшін жәбірленуші өзінің Toyota Land Cruiser Prado автокөлігін ломбардқа тапсырып, 10 млн теңге берген. 46 жастағы күдіктінің кезекті бопсалау фактісінен кейін ер адам биыл қарашада полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалауға қатысы бар екі ер адамды ұстады және қамауға алды. Күдіктілердің бірі Алматы қаласында ұсталды. Жеке тексеру барысында одан есірткі заты оралған түйіншек тәркіленді.
Ұсталған адамның бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы («Қорқытып алу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Астана қаласының полиция департаменті заңнамаға сәйкес ірі және аса ірі мөлшерде мүлік алу мақсатында жасалған қылмыстың жазасы 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жататынын ескертеді.