БИЫЛ 146 БАЛАҒА БЕРІЛЕТІН БЕРЕШЕК ӨНДІРІЛДІ

Тіл табыса алмаған екеудің ойсыз қадамының салдары титімдей жазығы жоқ сәбилерге тиіп жатыр. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, әке тәрбиесін көрмей өскен перзенттердің саны артпай ма? Әке деген асқаралы ұғымды алимент төлеумен шатастырып алып жүргендер қаншама. Сонда алимент төлесем болды, барлық парызымнан құтылам деп ойлайды ма екен? Анығында, әкелік парыз алиментпен ғана шектелмейді. Соның өзінде заң бойынша алиментін төлеуден қашатындардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл сонда Алаш азаматының бойындағы кісіліктің, адамгершіліктің азаюы ма, әлде «Балам – бауыр етім» дейтін сезімге селкеу түсіп, тасбауырлықтың көбейген тұсы ма?! Ауданда жалпы 1000-ға жуық азамат алимент төлейді. Ал биылдың өзінде 146 азаматқа алимент өндіру туралы сот бұйыры шығарылған.
Алимент өндіру сіз бен біз ойлағандай оңай жұмыс емес. Борышкерлермен жұмыс істеуде сот орындаушыларға шыдамдылық пен төзімділік қажет. Өйткені алимент төлегісі келмейтіндердің айласы көп. Кей борышкерлер жұмысқа орналасқанда әдейі келісім-шарт рәсімдемейді. Сот орындаушылары тексерсе жұмыссыз болып шыға келеді. Мамандардың мәлім етуінше, алименттен қашып жүрген азаматтардың ішінде, әсіресе қалаға қоныс аударғандарды табу қиын. Өйткені олар жалдамалы пәтерлерде тұрады. Көбі тіркелмеген. Жұмыс орындары да белгісіз.
– Өздерінің төлей қояйын деген ниеттері болмағаннан кейін жүздеген адамның қайсысын тауып аларсың?! Бұл жерде біз олардан бұрын адамдардың бойындағы жылт еткен адамгершілік қасиетті іздеуіміз керек шығар, – дейді аудандағы жеке сот орындаушысы Ержан Бекентаев.
Ұққанымыздай, өз борышын жан жүрегімен сезініп, «баламның көзін жаутаңдатпай, қатарынан қалдырмай өсірейінші» деген ақ адал әкелік ниет керек. Сонда ғана бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Әрине, дәл қазір бала өсіп жетілгенше заңмен белгіленген көмек көрсетілуі керек. Бірақ басты мәселе тәрбиеде, әр адамның жауапкершілігінде. Әйтпесе, мәселе қиын.
Жалпы алимент мәселесі біздің елдің ғана емес, әлем елдерінде де өзекті. Әр елдің салты басқа дегендей, борышкерлерге қатысты қолданылатын жазаның да сан түрі бар. Түркияда балаға ғана емес, анаға да алимент төленеді. Балаға төлейтін алимент мөлшері – айына 100 бен 1 000 доллар аралығында. Ажырасқан еркек әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндетті. Өйткені отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндеттеледі. Егер ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесімен қалдырады. Ал жауапкершіліктен қашқандар түрмеге тоғытылады, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Абақтыдан мерзімінен бұрын босау үшін алиментті толық төлеуі қажет. Бар жауапкершілік өз мойнында болғандықтан ер адамдар бірінші отбасының, баласы мен әйелінің жағдайын жасауды ойлайды. Сондықтан болар, Түркияда ажырасу аз кездеседі.
Ал Оңтүстік Корей елі де алимент төлемегендерді аямайды. Егер бір жыл бойы алимент төлемесе, 8 мың доллар айыппұл салады, көлік жүргізу құқығынан айырады. Тіпті шетелге шығуына да тыйым салады. Дамыған Еуропаның кей елдерінде алимент төлеуден жалтарғандар бір жылға дейін темір торға тоғытылады. Мәселен, Францияда қашқын ата-аналарға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар оларға 15 мың еуро көлемінде айыппұл салынады. Франция елінің заңы бойынша, алимент төлеуші тұрғылықты мекенжайы, жұмысы өзгерсе, тиісті органдарға дер кезінде хабарлауы қажет. Ұмытып кетсе, немқұрайлылық танытса, үкімет аямайды. Борышкерді 6 айға дейін темір торға қамап, 7,5 мың еуро айыппұл төлетеді. Міне, шет мемлекетте қолданатылатын заң түрі. Ал Қазақстанда мұндай заң атымен жоқ. Сосын шығар, жауапсыз әкелердің жауапкершіліктен жалтарып жүргендігі.
"Өскен өңір" ақпарат