Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘКЕ ТӘРБИЕСІН АЛИМЕНТ АЛМАСТЫРА АЛАР МА?

ӘКЕ ТӘРБИЕСІН АЛИМЕНТ АЛМАСТЫРА АЛАР МА?

Әке тәрбиесін, ұлағатын көріп өскен перзенттің тәрбиесі толымды қашанда. Алайда асқар тауға балаған, бала дегенде емешегі үзіліп тұруға тиісті әкелердің қатары азайып барады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз.
Түрлі себеппен күні кеше ғана мәңгілік жар болуға ант ішкен қаншама жас шаңырақтың ажырасуы бүгінгі қоғамды қатты толғандырып отыр. Статистикаға шолу жасасақ, елімізде 2017 жылы 54 626 ажырасу тіркелген. 2018 жылы олардың саны 54 797-ге дейін өсіп, 2019 жылы 59 796-ға жетті. Ажырасуға өтініш беру «COVID-19» пандемиясы кезінде қиынырақ болып, ажырасу саны 48 мыңға дейін қысқарды. 2021 жылы бұл сан қайтадан өсіп, 48 239-ға жеткен. Ал биыл бұл көрсеткіш өспесе, азаймаған.
Тіл табыса алмаған жастардың ойсыз қадамының салдары титімдей жазығы жоқ сәбилерге тиіп жатыр. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, әке тәрбиесін көрмей өскен перзенттердің саны артпай ма? Әке деген асқаралы ұғымды алимент төлеумен шатастырып алып жүргендер қаншама. Сонда алимент төлесем болды барлық парызымнан құтылам деп ойлайды ма екен? Анығында, әкелік парыз алиментпен ғана шектелмейді. Соның өзінде заң бойынша алиментін төлеуден қашатындардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл сонда Алаш азаматының бойындағы кісіліктің, адамгершіліктің азаюы ма, әлде «Балам – бауыр етім» дейтін сезімге селкеу түсіп, тасбауырлықтың көбейген тұсы ма?! Ауданда жалпы 1000-ға жуық азамат алимент төлейді екен.
Білетіндердің айтуына қарағанда, тұрақты жұмыстан қашып, алимент төлегісі келмей бір мезеттік, жұмыс берушімен ауызша келісім арқылы табыс табатындар да аз емес. Ал ­ауылда тұратын азаматтар мал сүмесімен күн көреді делік. Табысы – мал өнімдері. Бірақ еш жерге бұл табыс тіркелмегендіктен, әлдеқашан суып қалған әкелік мейір қайтадан оянбай, парыздарын өтей қоймайды. Бұл да өз алдына ретке келтіретін шаруа. Сот орындаушыларының айтуынша, алименттен қашып жүрген азаматтардың ішінде, әсіресе қалаға қоныс аударғандарды табу қиын. Өйткені олар жалдамалы пәтерлерде тұрады. Көбі тіркелмеген. Жұмыс орындары да белгісіз.
– Өздерінің төлей қояйын деген ниеттері болмағаннан кейін жүздеген адамның қайсысын тауып аларсың?! Бұл жерде біз олардан бұрын адамдардың бойындағы жылт еткен адамгершілік қасиетті іздеуіміз керек шығар, – дейді аудандағы жеке сот орындаушысы Ержан Бекентаев. Бізге өз борышын жан жүрегімен сезініп, баламның көзін жаутаңдатпай, қатарынан қалдырмай өсірейінші деген ақ адал әкелік ниет керек. Сонда ғана бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Әрине дәл қазір бала өсіп жетілгенше заңмен белгіленген көмек көрсетілуі керек. Бірақ басты мәселе тәрбиеде, әр адамның жауапкершілігінде. Әйтпесе мәселе қиын.
Соңғы уақытта ата-ана тарапынан «Ішіме сыйған қыз, сыртыма да сияды» деген сөздерді естиміз. Бұрнағыда атам қазақ «қайтып келген қыз жаман» демеуші ме еді? Алименттің көбеюі біздің ше, ұлттық тәрбиенің ұңғысына сызат түсуінде. Бұрын мұндай әдепсіздік ілуде бір кездесетін. Қазіргі адамдардың ұғымында ұят болудан қалды. Әлгі қыз түк болмағандай әке-шешесімен тұрып жатыр. Бар ұятты, абыройды ананың ойланбай айтқан жалғыз сөзімен жуып-шайып жүр-ау деген ойға келіп тірелесің.
– Мұндай өрескел оқиғалар, әсіресе қалалық жерде көп орын алуда, – дейді ел ағасы Өркен Исмаил, – алақандай ауылда кімнің, қалай тіршілік етіп жатқаны жұрттың көз алдында ғой, әрі қаймағы бұзылмаған қазақы ортада ар-ұят сақталған. Жастар бастапқы кезде ниеттері бұзылғанымен, әке-шешелерінен қорқып мұндай шетін қадамға аяқтарын аңдап басады. Ал қалалық жерде өздері араласып жүрген орта, көрші-қолаң болмаса қай баланың отауы ыдырады, шаңырағы шайқалды, кімнің баласының бағы жанбады, кімнің қызы қайтып келді оны кім біліп жатыр?
Асылында ақсақалдың айтуына қарағанда, қоғамдағы осы бір қаны шығып тұрған мәселенің алдын алу үшін ең алдымен ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді қайтадан жаңғыртуымыз қажет сияқты. Бүгінде жалпақ жұрт болып жұмыла кіріскен рухани жаңғырудың бір тармағы, бәлкім негізгісі осы шаңырақты сақтау, баланы жетім етпеу шығар. Сонда қоғамдағы сай сүйегіңді сырқырататын алимент дауынан да арылар едік.
Әкесіз ұл жасық, жігерсіз, бет моншағы үзілген ұялшақ. Себебі жартылай отбасында ананың ғана тәрбиесін көреді. Ана тәрбиесін кем санамасақ та, әкенің орны бөлек болады. Оның үстіне мектепте де әйел мұғалімдердің саны артып келеді. Бәлкім кейбір жастарымыздың еркек мінезінен ада болып, қыз мінездес, қыз пішіндес болып бара жатқаны содан ба екен? Майысып-қайысып тұратын бозбалаларды көргенде айбарынан айығатын, мұрты көкке шаншылған аталардың алмас қылыштай жарқылдаған ер мінезін сағынады екенсің.
Әке тәрбиесін көрмеген қыз да ер қадіріне жете қояр ма? Өйткені ол тағдырынан таяқ жеген мұңлы ананың мұратымен өсті ғой. Ер қадірін білу үшін де әркез әке тәрбиесі керек-ақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
28 қазан 2022 ж. 278 0