АЖЫРАСУ: ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 191 АРЫЗ КЕЛІП ТҮСКЕН
Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, өзіне тән салт-дәстүр, әдетғұрпымен ерекшеленетін халық. Сөйте тұра «ажырасу» деген індет елімізде кең етек алып барады. Кейінгі буын құдды бір ажырасу үшін үйленетіндей ой қалдырады. Нақ осы мәселе әрбір бұқараны ойландыратыны, толғандыратыны хақ.
БАТЫСҚА ЕЛІКТЕЙМІЗ ДЕП, БАҚЫТЫМЫЗДАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ
Ертеде қазақ елінде «ажырасу» деген атымен болмаған. Кейіннен де «түгенбайдың баласы ажырасып кетіпті» деген сөзді біздің ұлтымыздың өкілдері арына тиген дақтай қабылдайтын. Ал қазіргі уақытта кеше қосылған жастардың бүгін ажырасып жатқанына, тіпті таңғалмайтын болып алдық. Кейбір деректер бойынша еліміздегі әрбір төртінші неке сәтсіз аяқталады екен.
Аудандық соттың берген мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы Шиеліде 237 адам ажырасуға өтінім берген. Нәтижесінде 218 заңды тұлғаның өтінім-талабы қабылданып, 134 жанның шешімі шығарылып, 133 отбасының некесі бұзылған. Ал биыл күні бүгінге дейін 191 адам заңды некені бұзуға арыз тастап, оның 97-сі қанағаттандырылған. Яғни, неке бұзылған. Осылайша, аудан көлемінде ажырасудың көрсеткіші көңіл көншітпей тұр.
Статистикаға сенсек, көбінесе ажырасуға 5-10 жыл бірге тұрған, 30-34 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар барады екен. Он шақты жыл бірге өмір сүргендердің арасында әрине, бала болатыны белгілі. Алайда, осы аралықта олардың бір-бірінен көңілдері қалып, бірге құрған қиялдарының кемесі күйрейді. Психологтардың айтуынша, әр 10 жыл сайын туындайтын мұндай отбасылық дағдарыстарды жеңуге бүгінгі адамдардың жігері жетпей жатыр. Осы мәселеде Статистика комитеті ұсынған кестелерге көз салсақ, ауылдық жерлерге қарағанда, қала тұрғындары арасында ажырасулар екі есе көптігін байқаймыз. Сонда ауылдағылардың өмірі қаладағылардың тұрмысынан жақсарып кеткені ме?! Бұл жерде мамандар қалалықтардың ішкі еркіндігі әлдеқайда жоғары екенін алға тартады. Ажырасуға бел байлаған қалалықтар миллион халқы бар мегаполиске сіңіп, жеке өмір сүрудің жүз түрлі айласын біледі. Ал «Ел не дейді? Ағайын-туыстан ұят болады» дейтін ауылдың жайы белгілі.
Бала демекші, республика бойынша 2018 жылы жеті айда 32 мың адам ажырасса, оның 19 мыңында бала бар. Сирек жағдайда ерлі-зайыптылар бір перзент үшін ажырасуға мәжбүр болып жатса, көп жағдайда кетісетін жұптарды бірнеше баласы да ұстап қала алмай отыр. Дегенмен, мына бір дерекке көз салайықшы, заңгерлер соңғы жылдары ажырасып кеткеннен кейін балаларын өзі бағуға тырысатын әкелердің саны ұлғайғанын алға тартады. 2000-2010 жылдары бұл көрсеткіш 30-40% болса, қазір 70 процентке өскен. Ал 2023 жылдың өзінде ажырасуға өтінім білдіргендердің қатары артқан. Мәселен, ажырасу бойынша үздік үштікке Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары енген. Алдыңғы көшті Шымкент тұрғындары да бастап тұр. Қызылорда облысында да жағдай мәз емес. Мысалы, Шиелі, Қазалы, Жаңақорған аудандарында тұратын жас отбасылар ажырасудан алдыңғы қатарда тұр.
Ал дүниежүзілік статистика бойынша Қазақстан ажырасудан 2-ші орында тұр. Бұл халқымыз үшін үлкен қасірет. Адам бойындағы асыл қасиеттің бірі – парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілетін тектілікті болмашы нәрсеге бола шаңырағын шайқалтып, отбасын ойрандатушылар жоюда.
БҰЛ – ЖАРАТҚАН ЖАҚСЫ КӨРМЕЙТІН ІС
Дін тұрғысынан айтсақ та, ажырасу Аллаға ұнамды іс емес. Себебі, қиылған некені бұзу, Алла алдында берген антыңнан, серттен тайғаныңмен тең. Елімізде әйел адам тұрмысқа шыққанда өзін құлдыққа келгендей сезінеді. Неліктен?! Себебі, отау құрмас бұрын еркек адам болашақ жарын сондай өмірге дайындайды. Әрине, бұл біржақты ғана көзқарас. Бірақ көп жағдайда ажырасуға себеп болатын нәрсе – отбасылық қысым. Адамның көбіне агрессияға ұшырауы отбасыдағы тыныштықтың болмауынан. Жан-жарынан қолдау көрмеген, оның өзіне деген махаббатын сезінбеген адам әркез ашушаң болатыны әрі жанға жылу сыйлайтын сезімдерді сырттан іздейтіні жасырын емес. Нені меңзеп отырғанымыз оқырманға айтпасақ та ұғынықты шығар.
Шариғатта күйеуінің разылығын алған әйел Алланың разылығын алғанмен тең деген тәмсіл бар. Осы сөзді біздің қазақтың жігіттері «өмірлік ұстаным» етіп алған деседі. Яғни, өз ыңғайларына келтіріп, әйелінің алдындағы міндеттерін жоққа шығарады. Ал асыл дінімізде ер адамның аманаттап алған жарының алдында атқарар қыруар міндеті бар екенін кейбір мықтылар ұмытуда. Көп дүниені сараптап, саралай алмайтын ер-азаматтар қоғамда үлкен резонанс тудырып, талай жауабы жоқ сұрақтың санын көбейтіп тұр.
Қандай жағдай болмасын, ажырасу деген жақсы ат емес. Сондықтан әр екі жас бәрін ақылға салып, туған-туыстың абыройын ойласа, араларындағы балаларын жаутаңкөз етпей, бірігіп тәрбиелеп, сабақ алса деген ниеттеміз. Сәйкесінше елімізде жыл сайын атап өтілетін «Отбасы күні» мерекесі осындай жанұядан басталатын құндылық негіздерін айқындап, рухани болмысты жоғалтпауға үндейді. Шынында, сынақтарды сабырға жеңдіріп, өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге әрекет қылсақ, көп нәрсе ұтар едік. Айтуға оңай, әрине. Ал аядай ғана ауданда жыл сайын 100-ден астам жанның дәм-тұзы жараспай, шаңырағы шайқалуы шымбайға батып-ақ тұр.
"Өскен өңір" ақпарат