МЕРЕКЕ МЕРЕЙІ – МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ

Отбасы күні қарсаңында аудандық орталық кітапхана ұжымы «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» тақырыбы аясында мерейлі отбасымен кездесу кешін ұйымдастырды. «Мерейлі отбасы – 2021» байқауының республикалық кезеңінің лауреаты атанған Әбілдашевтар отбасы шараға ұл-қызын ерте келіп, өнегелі әңгіме өрбітті. Шараға қатысқан кітапхана оқырмандары қызықты сұрақтарын жолдап, мардымды жауаптарын алды. Қатысушылар әсем ән шырқап, өлең оқыды.
Еліміздің күнтізбесінде айтулы мерекелер саны баршылық. Соның ішінде күнтізбе парағындағы қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы құндылығын бағалайтын жандар үшін құрметті. Бұл күннің мерейлі мереке екенін сезіндіретін осындай құтты шаңырақ иелері.
Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы үйде қаланған. Шаңырақтың бақыты – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана – отбасының ұйытқысы, жылуы, алтын қазығы. Сондықтан, келешек ұрпаққа дәстүр сабақтастығындай отбасы құндылықтарын насихаттау – ауадай қажет дүние.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ