ТЕКТІЛІК – АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚ
Қазақта «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген мақал бар. Қазір осы мәтелдің мағынасына көпшілігі үңіліп, қолдану аясын аңғара бермейтін болыпты. Қазақ жиенін сый тұтып, ұрғанның қолы «қалтырайды» деген ұлт. Себебі қызын бесігінен әлпештеп, төрінен басқа орынға лайық көрмей құрметтегенінен туындаса керек.
Мәселе, бұл мәтелдің түсінігіне сай, жиеннің қандай түрінде болып отырғанында. Әйтпесе, құрметтеген жиен сыйлы күйде ел қатарынан қалайша шығып қалып, тексіздей текке кетеді?!
Тек демекші, әлбетте осы тектіліктің жіктігіне сызат түсті. Ол қалай десеңіз, қоғамда талай қара көзді қарындасымыз жолда жүріп жатыр кеңейтті. «Санасына берсін!» деген ата-анасының құр сөзбен немқұрайлы қарауы, қыздың етегін қымтауды жазда жүріп желпілдеп, күзден өтіп қысқа қалдыруының зардабы сол. Қысқа көйлектен ұзын ақыл үміт етіп, ашық кеудеден таза жүрек күткен сорлы ата-ана санасына сенген тұста «қызым алдандыға» жұбату іздейді. Күліп жүріп күлге аунамағанын бәрі жақсы біледі. Сөйтіп аяқ ауырлығынан тағдырдың ауырлығын көтере алмаған қыз не аборт, не суицид, не басқа таңдауын жасайды. Басқа таңдауы, сол баланы босанып, өзінің ата-анасына бақтырады. Шала жетімнің не кінәсі бар дейсің. Баласын әке-шешеден басқа кім қойнына бассын? Осылайша жиенді бағып, қағып ел қатарына қосқан болады. Тіпті тегі белгісізге тек беріп, фамилиясын иеленеді. Сол ауылда өсіп, сол руданмын деп жүретіндер де бар. Бұл ата-баба ғұрыпына да, шариғи заңға да оғаш.
Біріншіден, салттық санада жеті атадан қыз алыспау, тексізге қыз бермеу, шежіреге қызбен немесе өзге рудан адамды қоспау ежелден келе жатқан заңдылық. Кейін басқа руданмын деп жүріп өзінің сүт бауыры не қан бауырына үйленбесіне кім кепіл?
Екіншіден, шариғатта зинаның, қан және сүт жағынан үйленудің харам болуы осы тектің асыл күйінде сақталуының кепілдігі үшін болып отыр. Хадисте асырап алған баланың ақылы кірген шағында тегінің кімнен екендігін айтуды бұйырған. Фиқһта басқа имам бола тұра зинадан туылған жамағатқа имам бола алмайтындығы айтылған. Осымен тектің тазалығына негізделіп имам статусының жоғары қойылғандығы анық.
Зинадан туылған жиеннің елге денемен қосылса да рухымен қосыла алмайтындығы белгілі. Тегін білмейтіндігі және толыққанды отбасыдан жанашырлықпен толық тәлім-тәрбие сусындамаған, мейірім иманнан дәм сезбеген тірі жетім, өсе келе басқа балалар көрген бақытты көре алмағаннан соң психикасында деффект пайда болары ықтимал. Ондай бала қоғамдағы орнын таппай, салауатты өмір салтынан ауытқып, нашақорлық, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылыққа бейім келеді.
Құрметті бауырлар, жиенді ел қылуды қояйық! Алманың дәнінен ешқашан алмұрт өсіп шықпайды. Бұл Алланың «тек» деген нәрсенің асылдығын сақтағаны. Бүкіл табиғаттан үстем, саналы адам бола тұра, оның үстіне мұсылман бола тұра, тегімізге мұқият қарайық.
Қызды қырық үйден тыйып, ессізіне етек жинатып, зинақорлық, аборт, жетімнің мұңын, жалғыз басты ананың зарын тоқтатайық.
«Тектілік үлгісіндей Зере әжеміз,
Құнанбайды дәретсіз емізбеген.
Атаның бойындағы тазалықтан,
Абай туған тектілік негізбенен,» демекші тектің тазалығы қашанда қай заман, қай өркениет болмасын ұлы тұлғаларды әкелген.
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Мен қазіргі отбасымнан пайда болғанға дейін ғасырдан ғасырға адам баласының ұрпақтарының ішіндегі ең хайырлысынан (тазасынан) жіберілдім» (Бухари).
Әли ибн Әбу Толибтен: «Некеден дүниеге келдім. Зинадан дүниеге келгем жоқ. Адам атадан бастап әке-шешем дүниеге алып келгенге дейін надандық дәуірінің арсыздықтарынан ешнәрсе жұқпастан ата-анамнан дүниеге келдім» (Табарани).
Яғни хадисте Пайғамбарымыздың тегінің асылдығы Адам атаға дейін жалғасқандығы айтылған.
Тектілік, бұл – қожаның не болмаса Шыңғыс ұрпағынан тіпті бай әулеттен болу емес, ол – жергілікті салт бойынша некелескен ата-анадан өмірге келу. Осылай өмірге келген жиенге «Жиен қалай ел болмасын, жайлы болса, желке қалай ас болмасын майлы болса! « деген мақал мәйегі дөп келгендей.
Жылқы кеш жылқы да қанын сақтаған, өз биесінің байталына шаппаған. Басымызға малдан төмен инстинкт көтеріп, қызылға тоқтап, жасылға жүргеніңнен не пайда?!
«Боқ көтерген боқтың қабы» болмай, адамдық асылын сақтау салт пен санаға қиын да, қайшы да, қалыс та емес, ағайын! Ойланайық!
Рахат ҚОЖАНОВ,
Шиелі ауданының бас имамы