Орталық Азиядағы ең қуатты әскер қай елге тиесілі?
Әлем елдерінің әскери әлеуетін бағамдайтын Global Firepower (GFP) рейтингі биыл 145 елдің ішінде қай мемлекеттердің армиясы нығайғанын анықтады. Қазақстан бұл көрсеткіште 5 сатыға көтерілген, деп жазады Egemen.kz.
Global Firepower рейтинг реттілігін белгілеуде елдің әскер саны, әскери техникасы, экономикалық тұрақтылығы, ресурстарға қолжетімділігі мен стратегиялық географиялық орналасуы сияқты 60-тан аса көрсеткіштерге көңіл бөлген.
2024 жылғы Global Firepower көшін АҚШ армиясы бастаған. АҚШ әскерінің құрамасында 92 эскадралық минатасушы, 11 авиатасымалдағыш бар. Ал жалпы бюджеті 886 миллиард долларды құраған.
Екінші орынға Ресей Федерациясы тұрақтасы, әскер қуаты тұрғысынан үштікті Қытай Халық Республикасы түйіндеген.
Төртінші орынға арнайы бағдарлама аясында әскери техникаларын жаңғыртқан Үндістан жайғасқан. Үздік бестікке дамыған әскери-теңіз флоты мен заманауи авиациясы қауқарлы Оңтүстік Корея іліккен.
Ал Қазақстан жалпы көрсеткіш бойынша 58-орынға табан тіреген. Бұл былтырғы рейтингтен 5 сатыға жоғары. Рейтингте жоғары көтерілуімізге қарулы күштеріміз қатарында дүркіндетіп ататын реактивті жүйелер (ДАРЖ) мен өздігінен жүретін артиллерияны көбейтіп, әскери техникамызды белсенді түрде жаңғыртып жатқанымыз себеп болған. Осындай жетістіктерімен мемлекетіміз Орталық Азияда армиясы ең мықты ел ретінде танылды. Орталық Азияда бізден кейінгі екінші орында Өзбекстанның қарулы күштері тұр, жалпы сатыдан оңтүстіктегі көршіміз 65 орыннан көрінген.
Түрікменстан халықаралық әскери альянстардан оқшауланған мемлекет болғандықтан, аталған рейтингте 145 елдің ішінен 86-орын иеленген. Орталық Азияның экономикалық даму тұрғысынан соңғы 4 және 5-орындарда тұрған Қырғызстан мен Тәжікстан GFP рейтингінде сәйкесінше 94 және 107-орында тұр.
Қазіргі таңда әскери қақтығыс жүріп жатқан Украина әскері рейтингте нешінші орында екенін газетіміздің бүгінгі санында жарияланған Ескіндір Зұлқарнайдың «Әскери әлеует: бес сатыға жоғарылады» мақаласынан біле аласыз.