Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы еңбекке қалай баулимыз?

Баланы еңбекке қалай баулимыз?

Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаса керек. Абайдай дананың тура сол секілді «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын» деген сөзі де өзекті. Себебі еңбекқорлық адамға бірден туабітті берілетін қабілет емес, жүре келе қалыптасатын дағды. Қазір әр саналы адам уақытын тиімді жұмсап, сол арқылы еңбек өнімділігін арттырып, табысын еселеуге, арман-мақсаттарына тез жетуге ұмтылады. Десек те, бұл қабілетті тұлға қалыптасуды бастап, өмір туралы түсініктерін түзген бала күннен сіңірген жөн. Ендеше баланы еңбекке қалай баулыған дұрыс? Осы ­сауал ­бойынша біршама ақпараттар іздеп, саралап көрген едік. Алдымен еңбексүйгіштік адаммен бірге туатын нәрсе емес, оны баланың ­бойына сіңіріп, тәрбиелеу қажет. Яғни әріп тануды, бірге бірді қосуды үйреткен секілді балаға көңіл аударып, еңбекке баулуымыз керек. Себебі бұл адамның өмірі үшін маңызды рөл ойнайтын мінездердің бірі. «Адамды адам еткен еңбек» деген сөз де бар. Құлағымызға сіңіп кеткені соншалықты, мұны қоғамдық өмірден де, адам өмірінен де бөліп қарастыра алмайсың. Негізінен бар болғаны екі-үш жаста баланың өзі үшін бәрін жасағысы келіп тұратын «қылық» пайда болады. Бұл дегеніміз – түсініктің алғышарттары. Мысалы, өз киімін киюге, қасығын ұстап тамақ ішуге деген ұмытылыс тағы сол сияқты. Баланың жанында болып, дұрыстап жуынуға, өз бетінші ойыншықтарын жинауға, шашын тарап, шұлығын киюге дағдыландыру аса маңызды. Көбінесе ата-аналар осы кезеңде өздері байқамастан салғырттық танытып алады. Ал мектеп жасына жеткен балалар өздері бақылып жүрген үлкендер секілді әрекет еткісі келіп, белгілі бір деңгейдегі еліктеулерді бастайды. Сол себептен аталған кезеңде өзіңнің күн тәртібің мен әрекеттеріңді ойланып жүру орынды. Мамандардың айтуынша, бұл уақытта баланы шаңсорғышпен жұмыс істеуге, шаң сүртуге, кітаптарды реттеуге, шай жасап, жинауға араластыру қажет. Бір-екі қасықты жуамын десе бетін қақпаңыз. Осы істің бәрін тындырымды, таза, ұқыпты жасағанына назар салыңыз. Ал оның құлшынысы мен ­талпынысы қайтып қалмау үшін әрдайым жанында болып, көмектесіңіз. Және жұмсамай, тек өз қалауымен істеуіне көңіл бөліңіз. Дәл осы тұста педагог-жазушы Антон Макаренконың баланың еңбегі мен нәтижесі үшін оны жазаламаңыз және ақы төлемеңіз деген кеңесі де ойға оралады. Ол өзінің еңбектерінде осындай қағиданы жиі ескертеді. Бүгінде баланы ынталандыру үшін жасаған ісіне, оқыған кітабына, әр сабақтан алған «бестігіне», үй жинағанына немесе қосымша сабаққа барғаны үшін ақша беріңіз, ол солай қаржылық сауаттылыққа үйренеді деген кеңестер жиі айтылып жатады. Алайда Макаренко мұндай логиканың қате екенін ертеректе дәлелдеп кеткен. Өйткені еңбек пен оның барысы өздігінен адамға ләззат сыйлай алуы керек дейді педагог. Демек, жұмыс пен процестің өзі қуаныш сыйлап тұруы хақ. «Адам өз жұмысының сапалы да жақсы екенін білу арқылы қанағат сезімін алуы тиіс. Тура сол секілді өзіңнің тапқыр, табанды, мықты әдіскер екеніңді түсіну де өз алдына қуаныш сезіміне бойлата алғаны жақсы» деп түсіндіреді Макаренко. Онымен қоса, отбасы мен отбасылық орта да баланың әрекетін өз деңгейінде мақтап отыру да артық етпейді екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Баланы еңбекке баулу ерте бастан жүзеге асырылуы тиіс. Таң атқаннан кеш батқанға дейін телефон ұстатып қойсаңыз, ол бала қалай еңбекке баулып өседі?! Ойланайықшы!
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
28 тамыз 2024 ж. 250 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031