Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СИЫРҒА ӨКПЕЛЕП ЖҮРГЕНДЕ, ЖЫЛҚЫ ШЫҚТЫ

СИЫРҒА ӨКПЕЛЕП ЖҮРГЕНДЕ, ЖЫЛҚЫ ШЫҚТЫ

Күн тәртібінде тұрған өткір де, өзекті мәселе – мал бағымы. Қазақ бағзыдан төрт түлігін өргізіп, өнімін қорек етіп, жан баққан халық. Алайда қазір қолдағы малын Тәңірге тапсырып, төрт аяқты ит-құсқа жем, ұры мен қарыға оңай олжа қылуда. Ауылды былай қойғанда, ауданның тап орталығында төрт түлік өріп жүре беретін болған.

Шиелі ауданы 95 жылдық тарихты қойнауына бүккен киелі мекен. Жыл сайын ажарына ажар қосып, көркейіп, гүлдене түскені көңілге қуаныш ұялатады. Дей тұрғанмен, ара-тұра жанымыз жабырқау тартатын жайттар да кездесіп қалады. Баршаға мәлім, тазалықшылардың күшімен аудан орталығына апта сайын, тіпті күн сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар тұрғындардың кешкі мезгілде серуендеуі, демалуы үшін арнайы ашық алаңдар жасалып, талдар, гүлдер егілді. Енді басты мәселе – оны күтіп-баптау емес, бейсеубет малдан қорып, бағу болып тұр. Жап-жасыл желектің үстінде жайылып жүрген зеңгі бабаның баласын көргенде, «Иелері іздемей ме? Неге еге болмайды екен?» деген сан сауал санада сайрай бастайды. Көшедегі қаңғыбас иттерден құтыла алмай жүргенде, оған келіп Зеңбі баба түлігі қосылды. Енді міне ол аздай, жылқы қосылып, төрт түлік түгелденгендей. Бәрімізге таныс «Менің атым Қожа» фильміндегі Сұлтанның: «Ендігі ойым жылқы бақсам ба деймін... Жалаңаш жүріп батыр болғанша, мал бағып пақыр болғаным артық» дейтіні бар. Бұл мысқылға айналған сөздің астарында ақиқат бар еді. Бүгінгі буын малдыны жандыға балайды. Әсіресе, жер кеуіп, мал өріске шығар көктем мен жаз мезгілдерінде одан қалды қоңыр күзге дейін ауыл адамдары бақташы іздеп құр сенделеді. Әрине, ауылда тұрған соң, мал бағып, ата кәсіпті жалғағанға не жетсін?! Мінсең көлік, жесең ас төрт түлігің сай, жерің қолайлы, жайылымың шұрайлы болса малшыға да, мал иесіне де қолайлы болмақ. Бүгінде ел экономикасын еселеп отырған сала, бұл – ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы екені даусыз. Рас, қазір адамзат баласының дүниетанымы өзгерді, оған нарық заманы өз өрнектерін салуда. Бірақ «өркениетті елдер қатарына қосылдық екен» деп өткеннен бас тартуға болмайды. Бүгінгі таңда орта буын жастар «малдың соңында жүргіміз келмейді» деп мұрындарын шүйіреді. Ал аштық пен зұлмат жылдарында қынадай қырылған қазақ сол малға зәру болғанын ұмытып кетсе керек-ті. Тазалық жеке бастан бастау алатыны ақиқат. Сондықтан тазалықты әркім өз отбасынан, табалдырығынан бастағаны дұрыс. Көшеміз жасыл желекке оранып тұрса, келiмдi-кетiмдi кiсiлердiң туған жерімізге деген құрметi арта түспей ме?! Иә, көшенің көркі мен келбетіне аса назар аудару қашанда маңызды. Жауапкершілік жүгін тиісті мекемелерге артып, тазалық ережелерін сақтамау – жеке адам мәдениетсіздігінің көрінісі. Аудан әкімдігі орталықтың жасыл желекке бөленіп, көшелердің мұнтаздай тазалығына барынша жұмыс істеп келе жатыр. Тиісінше бұл жыл бойы атқарылады. Алайда күннен-күнге көркейіп, тұрғындар саны артып жатқан Шиелінің тазалығын қамтамасыз ету бір ғана әкімдіктің ат төбеліндей жұмысшыларының қолынан келмейді. Осындайда не істемек керек? Қазіргі уақытта малдарын қараусыз жіберген мал иелері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-заңы бойынша белгілі бір сомада айыппұл арқалауы керек. Немесе қараусыз, қадағалаусыз жүрген малдарды қамайтын арнайы мал тұрағы ашылса. Иесі анықталғанша сол аулада бағылады. Иесі табылғаннан кейін малдың шөп-жемі, бақташының еңбегі төленіп, мал иесіне айыппұл салынады. Сол кезде барып төрт түлігін кешкісін алдынан тосып алмайтын, түн ортасы ауғанша іздемейтіндер қамданар. Біз «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген елдің ұрпағы болғандықтан ата-кәсіптен ажырамай, оның күтіп, баптау ережелерін сақтауға тиіспіз.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

28 тамыз 2024 ж. 220 0