Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қорғалып келеді
Соңғы жылдары әлемнің көптеген дамыған елінде мемлекеттік органдарында қызметкерлердің ғимараттарға кіру және одан шығу уақыттарына бақылау жүргізу арнайы техникалық қондырғылардың көмегімен іске асырылып келеді.
Аталған техникалық қондырғылар қызметкерлердің жұмыс орнына уақытылы келуін және жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін уақытылы қайтуы бойынша автоматты түрде мәліметтерді тіркеп отырады.
Осы ретте, мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеу фактілерін болдырмау және олардың құқықтарын сақтау мақсатын көздей отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік органдарға қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері орнатылды.
Сонымен қатар, Агенттік Төрағасының 2023 жылғы 29 мамырдағы №121 бұйрығымен «Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу қағидалары» бекітілді.
Аталған нормаға сәйкес Агенттік пен оның аумақтық бөлімшелеріне мемлекеттік органдарға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу белгіленген. Мониторинг жүргізудің мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартудың алдын алу, икемді жұмыс уақыты режиміне, сондай-ақ қашықтықтан немесе аралас қашықтықтан жұмысқа тартуда тиісті талаптардың сақталуы. Жалпы үстеме жұмысқа тарту үшін біріншіден мемлекеттік қызметшінің жазбаша келісімі қажет және ол жұмыс берушінің актісімен рәсімделуі тиіс. Үстеме жұмыс уақыты айына 12 сағаттан аспауы керек. Үстеме жұмысқа жұмыс уақытынан тыс уақытта және демалыс пен мереке күндері тартылған мемлекеттік қызметшіге қосымша ақы төленеді немесе мемлекеттік қызметшінің қалауы бойынша оған басқа күні демалыс сағаттары беріледі. Үстеме жұмысқа жұмыс берушіге жүктілігі барлығы туралы анықтама ұсынған жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар жіберілмейді.
Қазіргі таңда бақылау жүйелері облысымыздағы 42 мемлекеттік органның ғимаратында орнатылып, оларды ақпараттық жүйелермен интеграциялау жұмыстары да жүргізілді.
Бүгінгі күні аталған талаптарға сәйкес мемлекеттік қызметшілерге жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмыстары үшін қосымша демалыс күндері (сағаттары) мен өтемақылар төленуде.
Өз кезегінде, бақылау жүйелері орнатылған және интеграциялау жұмыстары толығымен аяқталған мемлекеттік органдарда үстеме жүмыс жасау, жұмысқа кешігіп келу және демалыс күндері жұмысқа шығу фактілерінің орын алуы төмендеп, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалуына бірден-бір септігін тигізуде.
Мәселен, 2023 жылы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері тарапынан 3 425 сағат, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері тарапынан 1 370 сағат көлемінде негізгі жұмыс уақытынан тыс жұмыстар атқарылғаны анықталып, жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмыстары үшін 237 мемлекеттік қызметшіге 214 күн көлемінде демалыс күндері (сағаттары) және 1 394 812 теңге көлемінде өтемақы берілді.
Биылғы жылы, артық жұмыс жасау фактілеріне жүргізіліген мониторинг нәтижесімен 78 мемлекеттік қызметші анықталып, оларға 132 сағат көлемінде демалыс күндері (сағаттары) берілгенін ескерсек, мемлекеттік қызметшілер тарапынан артық жұмыс жасау фактілері біршама азайғанын байқауға болады.
Жалпы мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартпас бұрын жұмыс берушілер әрбір мемлекеттік қызметшінің артында отбасы құндылықтарын сақтау, оның ішінде бала тәрбиесімен айналысу міндеттері тұрғанын ұмытпағандары жөн.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 89-бабының талаптарымен жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмыс уақытының және күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) қалыпты және қысқартылған ұзақтығын заңсыз асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік те көзделген.
Сакен БАУЫРЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы
бақылау басқармасының бас маманы