Тағылымдаманың берері көп
2018 жылдың басынан бері қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қызылорда облысында 101 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті. Оның ішінде, 54 жергілікті атқарушы органдардың, 47 аумақтық мемлекеттік органдардың қызметшілері болып табылады.
Тағылымдамадан өту кезінде мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметті өткеру, қызметкерлердің қызметін бағалау, олардың еңбегін ынталандыру және оны қолдану тәртібін әзірлеу, тағылымдамадан өткізу, тәлімгерлікті ұйымдастыру мәселелерін тереңірек үйренеді.
Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамадан табысты өтуі олардың одан әрі мансаптық өсулеріне жол ашады. Алынған дағдылар мен білімдер жас маманның өсіп, жетілуіне берік негіз жасайды.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің (бұдан әрі – қызметші) тағылымдамасын ұйымдастыру мен өту тәртібі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2017 жылғы 20 қаңтардағы №12 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдама қағидаларының» талаптарымен айқындалады.
Тағылымдама дегеніміз - мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардың тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде тиісті салада кәсіби білім мен тәжірибе алуға арналған қызметі болып табылады.
Тағылымдамаға мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі 1 (бір) жылдан кем емес қызметшілер бес жұмыс күнінен үш айға дейінгі мерзімге жіберіледі және тағылымдамаға:
1) бір мемлекеттік органнан басқа мемлекеттік органға;
2) мемлекеттік органнан тағылымдама өтуші функционалдық міндеттеріне сәйкес тиісті саладағы ұйымдарға;
3) мемлекеттік орган ішінде: орталық аппараттан аумақтық бөлімшелерге немесе аумақтық бөлімшелерден орталық аппаратқа немесе аумақтық бөлімшелерден басқа аумақтық бөлімшелерге жіберілуі мүмкін.
Тағылымдамадан өткен қызметшілер тағылымдаманың аяқталуынан екі жұмыс күні бұрын тағылымдама өткен қабылдаушы мемлекеттік органның және/немесе ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілеріне тағылымдама қорытындылары туралы жазбаша есеп ұсынады.
Қызметшілердің тағылымдамадан өту мерзімінде жұмыс орны, яғни мемлекеттік лауазымымен жалақысы сақталады.
Бақытжан Нұралы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
жәнесыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысыбойынша департаментінің бас маманы