Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕХНОПАРК ТҮЗЕЛСЕ, ШАРУАЛАР ШАЛҚИДЫ

ТЕХНОПАРК ТҮЗЕЛСЕ, ШАРУАЛАР ШАЛҚИДЫ

Жері шұрайлы, топырағы құнарлы, қасиетті мекен Шиелінің аграрлық саладағы әлеуеті мен мүмкіндігінің мол екені бесенеден белгілі. Салада еңбек ету арқылы ел ырысын еселеп, халықтың құрметіне бөленген жерлестер де аз емес. Аграрлық саланы дамыту – ауыл еңбеккерлерінің алдында тұрған жауапты міндет.
Дала еңбеккерлерінің жиын-терім жұмыстарын толық аяқтауға біршама уақыт бар. Биыл аудан бойынша 30 109 гектарға егін егу жоспарланған. Оның ішінде күздік бидай – 848 га, жаздық бидай – 513 га, тары – 250 га, дән жүгері – 900 га, мақсары – 900 га, күнбағыс – 50 га, соя – 70 га, жаңа жоңышқа – 3500 га, ескі жоңышқа – 6123 га, мал жемдік асқабақ – 300 га, жемдік жүгері – 100 га сондай-ақ картоп – 1230 га, көкөніс – 1825 га және 2 440 га бақша дақылдары егіледі. Ал негізгі дақыл күріштің үлесі – 11 000 гектарды алып отыр. Сондай-ақ биыл әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, бидай 1421 га, тары мен жүгері 1250 га, майлы дақылдар 1020 га, мал азықтық дақылдар 9923 га және картоп, көкөніс, бақша дақылдары 5495 га ұлғайту да көзделген. Нәтижелі жұмыс қоңыр күзде мұқым елге мәлім болады. Мемлекет басшысы айтқандай: «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн» деді. Шынында, мол өнім аламыз десек, жердің жағдайын жақсарту керек. Тыңайтып, тұқымды жаңалап, озық технологияны қолдану қажет. Президент алдағы жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу керектігін қадап айтты. Мемлекет басшысының келтірген дәйегі бойынша, елдегі ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет екенін міндеттеді. Несін жасырамыз, шаруалардың қолын байлайтын бір кедергі осы техниканың ескілігі, қала берді жоқтығы. Тозығы жеткен темір тез сынғыш келеді. Диқандар сынған техникамен қалай мол өнім өндіріп, жинай алады? Әлеуметтің әлеуетін арттыру да күйіп тұрған мәселенің бірі емей немене? Нақ осы технопарк мәселесін осыдан бір жыл бұрын көтергенбіз. Биыл тағы тоқталуға тура келіп тұр. Аграрлық саланы жоғары деңгейде дамыту ісінде ауыл шаруашылығында қолданылатын заманауи жаңа техникалардың рөлі қашан да маңызды.
Ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысқа сақадай-сай болуы да саланың жұмысын одан сайын ширатып, сонымен қоса еңбек өнімділігін арттыра түсетіні шүбәсіз. Бұл ретте Кеңестік кезеңнен қалған ескі техникаларды жаңарту аса маңызды. Мәселен, жері-суы дуалы, ауасы таза Жуалы ауданындағы жергілікті шаруалар өнімділікті арттыру үшін техника паркінің жаңартылуына да баса мән береді. Бұл бағытта өңірде біршама жұмыстар атқарылып та келеді. Осыдан бір жыл бұрын аты аталған ауданның агроқұрылымдары мен шаруашылықтарында 634 трактор, 158 комбайн, 790 ауыл шаруашылығы тіркемесі тіркеліпті. Барлық техника 1 мың 582 дананы құрайды. Жер-Анадан несібесін терген дала еңбеккерлеріне техника ауадай қажет. Аудандағы шаруасы щалқыған шаруа қожалықтар әзірге техникадан тарықпас. Алайда енді ғана тәй-тәй басып, өз кәсібін бастап келе жатқан шағын шаруа қожалықтары техникаға қашанда мұқтаж. Сол үшін ауданнан технопарк ашып, қолдау көрсеткен ләзім. Себебі шетелдерде, тіпті өзге өңірлерде де бұл үрдіс тұрақты түрде дамыған. Алайда Мемлекет басшысы мәлім қылғандай, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолындағы техниканың 80 пайызының тозығы жетіп, қаусап тұр. Әрине, ескіні жаңаға ауыстырғанның әбестігі жоқ. Есесіне жұмыс өнімді, шығын аз болады.
Технопарк ашудың тиімді тұсы көп-ақ. Мәселен, қазіргі күні астық алқабын ұстарадай сыпырып жүрген жатка комбайндар гектарына шамамен 25 мың, ал бастыратын комбайндар гектарына 70 мыңды сұрайды. Мұндай бағаға «шықпа жаным, шықпа» деп отыратын шағын шаруа қожалықтардың қауқары қайдан жетсін?! Ал сатып алуға жатка комбайн үшін 120-150 млн, бастыратын комбайндар үшін 200 млн, жер жыртатын трактор алуға 35-40 млн теңгең қалтаңда болуы тиіс. Әрине, шағын шаруа қожалықтарға бұл сома айтарлықтар салмақ. Осы орайда аудан әкімдігі, ауыл шаруашылығы бөлімі облыстық деңгейде осы мәселені көтеріп, оңтайлы шешімін шығарса деген көптің тілегін жеткізуді жөн көрдік. Солтүстік өңірінде астық комбайндарын шығаратын «Казтехмаш» машина жасау зауыты» елге етене таныс. Бұл зауыт астықты өңірлер үшін еуропалық үлгідегі комбайн және басқа да ауыл шаруашылық техникасын шығарды. Комбайн Ресейдің шекаралас аудандарына, Ауғанстан, Моңғолия, Қытайға экспортталды. 2015 жылы «Казтехмаш» елуге жуық комбайн құрастыруды жоспарласа, оның 28-ін ғана құрастыру мүмкін болды. Шынын айтқанда, бәсекелестікке төтеп бере алмады. Жоғарыда айтқанымыздай, бар қырсық бағада болып тұр. Сөйтіп, қатал нарық айдынында өз өрісін таба алмаған «Казтехмаш» жұмысын тоқтатты. «Казтехмаштың» құрылтайшылары аты елімізге мәлім «Самұрық Қазына Инвест» және «Казинтертехсервис».
Біріншісі зауыттың акциясының 49 пайызына ие, екіншісі тасымалдау көлігін сатумен айналысады. Екеуі де Қазақстан нарығында тәп-тәуір тәжірибе жинаған ұжымдар. Елімізде тек машина жасайтын зауыт «Казтехмаш» қана емес, Көкшетаудағы «Вектор» комбайн зауыты мен Қостанайдағы «Агромаш Холдинг» отандық ауыл шаруашылық машиналарын жасау кәсіпорны бар. Өздеріңіз байқағандай, Ресей мен Еуропада, солтүстік өңірлерде ауыл шаруашылық техникаларының паркі жақсы жолға қойылған. Біздің облыста әлі ондай жоқ. Технопаркті қарабайыр тілмен түсіндірер болсақ, аудан орталығынан ашылған арнайы жерде техниканың түр-түрі самсап тұрады. Арнайы шаруа қожалық иесі келеді де, алдын ала өзіне қажетті жер жыртатын, тегістейтін, тармалайтын, себетін техниканың түріне келісім жүргізеді. Ары қарай техника іздеп сабылмай, даладағы операцияның оңды өтетіне нық сеніммен қайтады. Міне, осындай ірі техникалық парктер бізде жұмыс істеу керек. Осы тұста тағы бір мәселенің ұшы көрінеді. Ол – егістікке қажетті гербицидтер, тыңайтқыштар, шағын ұшақтар мен қызмет көрсететін арнайы орталықтың өңірде жоқтығы. Тіпті жеңіл ұшақтардың өзін жергілікті жерде жасап шығара алмаймыз? Неге? Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы машиналарын жасайтын зауыттардың жұмысын, тоқтап қалу себебін нақтылау емес. Басты көздегеніміз, егінге қажетті техникаларды тиімді қолдануға арналған технопарктің іргесі қаланса.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
23 шілде 2024 ж. 188 0